» » Шаңырақтың алтын діңгегі

Шаңырақтың алтын діңгегі

qarmaqshy-tany.kz БІЗ ҚАЙ КЕЗЕҢДЕ, ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛСА ДА, ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҒЫН ҚҰРМЕТТЕП ЖӘНЕ ҚАСТЕРЛЕГЕН ХАЛЫҚПЫЗ. ХАЛҚЫМЫЗДА «ДҮНИЕДЕ ҮШ НҰР БАР: БІРІНШІ – КҮННІҢ НҰРЫ, ЕКІНШІ – АҚЫЛДЫҢ НҰРЫ, ҮШІНШІСІ – АНАНЫҢ НҰРЫ» ДЕГЕН ДАНАЛЫҚ СӨЗ БАР.
Ізгілік атаулының ұйытқысы да, құт берекенің бастауы да – Ана. Ал ана болу – ұлы рухани күш пен ерен еңбек.
Анамыз Зейне Боранбайқызы 1922 жылы Жалағаш өңіріндегі Қаракеткен стансасында өмірге келген. Өмірлік серігі Жұмабай Тойбазаровпен бас қосып, дүниеге 3 ұл, 5 қыз әкелді.
Боранбай атамыз бен Күлбазар әжеміздің жалғыз перзенті болғандықтан болар, өте бауырмал, көпшіл, ағайын-туыс десе ішкен асын жерге қоятын. Жылдар зулап өтіп жатты. Көбі көмескіленіп, ұмытылып бара жатқан естеліктерді және көкейдегі көрген-білгенімді, түйгенімді, анам жайлы естеліктерімді еске түсіруге тырыстым.
Кейде анам алыстағы аға-жеңгелерін, бауырларын сағынғанда өлең шығарып, ыңылдап айтып жүретін. Өкініштісі сол, балалықпен мән бермей, қағаз бетіне түсіріп, жазып алуды білмеппіз. Арада біраз жылдар өтті ғой, мына бір шумағы ғана еске түсті. Әкесінің Байман деген інісіне арнап:
«Жайлайды біздің ауыл арқаш төбe,
Салады балықшылар суға кеме.
Туыстым өзіңменен деп айтамын,
Жан көке, айырасың мені неге?» деп айтып жүретін.
Анамыз латын әрпімен оқып, жаза алатын. Ағылшын әрпіне ұқсас болғандықтан, бізге ағылшын пәнін оқытып, жазуды үйретті. Ол өте зерек, ұқыпты, үнемшіл болатын. Ысырапшылдықты ұнатпайтын.
«Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деп, үй тірлігінің бәріне баулыды. Сүт пісіріп, құрт қайнатып, күбі пісіп, таба нан көмдірді. «Нан пісірудің де жөні бөлек, шоққа көмген табаны қайта-қайта аша берме, ішіне күл түседі, ерте алсаң шикі, кеш алсаң күйген нан жейсің. Сондықтан пісетін сәтін есептей білу керек» дейтін. Анакөл бекетінде 4 жылдық мектеп болды, содан кейін Қармақшыда оқитынбыз. Сондықтан ата-анамыз Қармақшыдан үй салу керек деп шешті. Әкеміз теміржолшы болғандықтан жұмыстан босауы қиын. Сол үшін анамыз жазғы демалыста орталыққа келіп, өзі бас-көз болып бізге кесек құйғызды. Үлкен жақын туыс Шәлтік әкеміз өруге көмектесті, ал анамыз ауыр болса да лай илеп, тасып тұратын. Ол кездегі кесектер қазіргі кесектің екі- үшеуіндей. Қабырға биіктеген сайын оны алып берудің өзі қиын. Үй бітті, біз біртіндеп ауыл мектебін аяқтап, қалаға келе бастадық.
Иә, марқұм анамыздың өмірлік өнегесінің арқасында адал жолмен нан табуды, бауырмашылдықты үйрендік. Балалар есейіп, алды жоғары оқу орнына түскенде, қаражат тапшылығы байқала бастады, анамыз жұмыс істеуге мәжбүр болды. Теміржол бекетінде жеңіл жұмыс қайдан болсын. Жол бағыттаушы болып жұмысқа тұрды. Стансаның шығысы мен батысында орналасқан екі дүңгіршек болатын. Сол жердегі рельстердің ауысып тұратын жерлерін майлап тұру керек. Ыстық күнде шпалдың майы еріп, шыжып тұрады. Жасыратыны жоқ, ол кезде ауылда жалаң аяқ жүретінбіз. Мүмкін ол жоқтықтың әсері шығар. Сондай күндері анам күнге күйіп, қып-қызыл болып келетін.
«Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілгізген.
Қайран ана, еңбегің,
Қайтарыла ма екен біздерден?»
Осындай бейнетті көріп, кейін зейнетке шыққаннан кейін Жосалыға көшіп келді. Еңбек еткен жылдарында бірнеше рет мақтау қағазы мен сыйлықтарға ие болды.
I, II, III дәрежелі «Ана даңқы» және «Алтын алқа» белгісімен марапатталды.
«Теңіздегі сезімге тербеліп,
Иманды болу бір бақыт.
Өмірге ұл-қыз әкеліп,
Қызығын көру бір бақыт» дегендей, 3 ұл, 5 қыздан 150-ге тарта ұрпақ көрді. Яғни 14 немере, 6 шөбере, 42 жиен, 55 жиеншар, 30 дегеншар көрген анам бақытты еді. Ұл-қыздан деп бөлмей, бәрін бауырына басып, бірдей жақсы көрді.
Шаңырақтың берекесі, мерекесі, алтын діңгегі – анамыз еді. Барлық немере, шөбере, шөпшек, жиен, жиеншар, дегеншарлар жиналғанда үйде керемет той-думан болатын. Анамыз шаңырақтың шаттығы, ақылдың кені, өміріміздің нұрындай еді. Үш келінді ұзақ жыл бір шаңырақта ұстап, Балғара, Лиза, Каримаға тәлім-тәрбие беріп, тату-тәтті өмір сүрді.
Ана жайлы ойымды айтып тауысу мүмкін емес. Құдаларын құдайындай сыйлап, көрші- лерімен сыйластықта өмір сүрген анамызды қалай айтсақ та артық болмас. Көршілермен бірге «Қараөзек» дариясынан қайықпен «Аша»-ға екі мезгіл барып сиыр сауып қайтатын. Сонда да шаршадым деп айтпайтын, қайран анамыз!
Талмаш ЖҰМАБАЕВА,
Қазақ КСР «Оқу-ағарту ісінің үздігі»
25 қараша 2022 ж. 490 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930