» » ЕҢБЕК пен АБЫРОЙ

ЕҢБЕК пен АБЫРОЙ

qarmaqshy-tany.kz Құрмет. Осы бір сөз адамның қадір-қасиетін айшықтап, абырой биігін арттыра түспей ме? Кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ізеті секілді қасиетпен туған жердің түрленіп, даму жолында тынбай еңбек еткен азаматтарды неге елдің «Құрметтісі» демеске? Адам пенде болып, елге адал қызмет еткен соң оның арқалаған жүгінің де көбейетіні сөзсіз. Кейде ісіне қарап, «Сол кісіні айтсайшы» деген мадақтың өзі жоғары болып есептелетін үлкен абыройға ие болу әрбір мемлекеттік қызметкердің басты міндеті болмақ. Кісіліктен айырылмау ел-халық алдында жауапкершілікті жақсы сезініп жұмыс істеу, адал жұмысыңмен өзгеге өнеге болу жауапты міндет қана емес, сонымен қатар адам өмірінің асыл қазынасы. Осындай жауапкершілігі жоғары салада еңбек жолын бастаған білікті басшы – Ерлан Қалиев.

Қызмет бабында көпті көріп, көппен етене араласып, жаны ашып, жұмыс істеп, ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып еселі еңбек етіп нағыз қазақы қалпында қалыптасқан ағалармен қашанда етене араласып, өмір жолынан үлгі алғымыз келетіні жасырын емес. Ерлан Піртазаұлының ауданға танымал азамат, белгілі басшылардың бірі болуы осы еңбек жолындағы алған асуларының арқасы. Ол Алматы қаласындағы энергетикалық институтын «Инженер-электрик» мамандығы бойынша 1984 жылы бітіріп, кейін Қазақ гуманитарлық Заң университетінен заңгер мамандығын алып шыққан.
– Оқу бітіріп, бір жарым жыл әскери борышымды өтеп келген соң Қармақшы электрлендіру жүйесінде электр монтері болып қызметке орналастым. Бір жылдан кейін мекемемізге жаңадан келген басшымыз Жомарт Көшербаев жұмысым және құжаттарыммен танысқан соң мені шақырып алды. «Сені ата-анаң бес жыл бойы оқуға түсіріп оқытқанда қысқаш ұстап, бөрене басында жүрсін деп оқытқан жоқ. Сендей мамандар жүйедегі күрделірек жұмыстармен айналысу керек. Мекемеге инженер етіп тағайындаймын, тез арада құжаттарыңды дайында» деп үлкен сенім білдірді. Сол кезден бастап электр жүйесінде мамандығыммен жұмыс істеп, келер жылы бастықтың орынбасары қызметін атқардым. Ауданда лауазымды қызметте іс басында жүрген азаматтармен араласа бастағаным міне сол уақыт. Еңбек жолының табалдырығын осылай аттаған маған ақылшы ағалар, жаңа жолдастар кездесе берді. Партияның сенімді ізбасары саналатын комсомол ұйымы қызметінде алдымен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, кейін екінші хатшысы бола жүріп көп нәрсе үйрендім, – дейді Ерлан ағамыз.
Иә, қарапайым хаттама жазу мен орысша, қазақша баяндама дайындау, берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалауға, жоғарғы, төменгі сатыдағы мыңдаған мінез иелерімен сөз тінін тауып әңгімелесуге осы комсомол алғаш мектеп іспеттес болса керек. «Осында жүріп мемлекеттік қызмет, саяси қызметтер туралы түсінік қалыптасты» дейді ағамыз сөз арасында. Істеген әрбір кішкентай ісіне мән беріп, осы жұмыстарым ел игілігіне қандай үлес қосады деген сансыз ойларда болған. Кейін Кеңестік жүйе ыдырап, нарық қатынастарына көшкен уақытта мүлікті жекешелендіру жүйесі жалғыз Ерлан ағамызға емес, оның ішінде жастар мен кәсіпкерлерге ауыр тиген кезең болыпты. Алайда комсомолдық тәжірибесіне жүгіне отырып, «Жастарды әлеуметтік жағынан қолдау орталығы» деген шағын кәсіпорын құрып, соған жетекшілік етеді. «Сол кезде бұл да бір уақыт сұранысына сай жұмыс жасаған, жастардың басын біріктіруге арналған ұйым деуге де келетін құрылым еді» дейді ол.
Адамның тұлға ретінде қалып тасуына, халықпен араласуына, қоғамдық ортадан өз орнын тауып жақсы нәтижеге қол жеткізуіне әрине жастай алған тәрбиенің ықпалы екені сөзсіз. Осы арада отбасындағы әкенің тәрбиесі де ерекше рөл атқаратыны белгілі.
– Әкем – Піртаза ауданда мемлекеттік банктің бастығы болды. Ал анам аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Отбасында төрт ұл, бір қыз өстік. Өмірде өз орнымды табуыма әкемнің қас-қабағынан алған әсерім маған сабақ болды. Ол кісі бір қарағанда түсі суық, қатал адам болғанымен балаларына мейірімді болды. Бала тәрбиесіндегі басты құрал – бәрімізді еңбекке баулыды. Қатаң талаптың арқасында кез келген нәрсені өз күшімізбен табуды үйретті. Қызметке араласқанымда «Балам, берілген қызметті өзің үшін атқарасың. Жақсы жетістікке жетсең – өз абыройың. Ал жаман жұмысыңды кешірмеймін» деп ақылын айтып, батасын берді. Сол сөзі әлі күнге жүрегімде, – дейді өткенге көз тастаған ағамыз.
Ерлан Қалиев қандай да болсын лауазымдық міндеттерді атқарған кезінде өзінің жұмысқа деген жауапкершілік, жанашырлық, адалдықпен қарайтын білікті басшы ретінде елге танылған азамат. Ол кісі ең алғаш мемлекеттік қызметке 1998 жылдың қаңтар айында Жосалы қыстағының әкімі болып тағайындалып, аталған қызметті 2001 жылдың қараша айына дейін абыроймен атқарған. 2007 жылдан 2014 жылға дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарса, одан кейін Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің басқарма басшысы қызметіне қабылданған. 2014 жылдың қазанында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Байқоңыр мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысы лауазымына қабылданып, қазіргі таңда сол қызметті абыройлы атқаруда.
Байқоңыр мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті «Байқоңыр» кешенінің аумағында өз құзыреті шегінде республикалық мүлікті басқару саласында басшылықты, республикалық мүлікке мемлекеттің құқықтарын іске асыруды, жекешелендіру мен экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыратын аумақтық органы болып табылады.
Кешегі Республика күніне арналған салтанатты жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президенттің жарлығы бойынша Ерлан Піртазаұлына «Құрмет» орденін табыстады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
14 қараша 2022 ж. 1 040 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 383

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 462

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930