» » Еліне елеулі

Еліне елеулі

Жаратылысынан есті, ұстамды, кісілігі мол адам қашанда әдемі қартаяды. Неге десеңіз, сол өзінің бойына біткен жақсы қасиеттері өмір тәжірибесімен молыға түсіп, айналасына ақыл парасатымен құрметке бөленіп, ұлағатты жанға айналады. Ел, алдында адал қызмет жасап, «Ой, сол кісіні айтсайшы! Мың болғыр кісі ғой» деген құрметтен де жоғары үлкен абыройға ие болу әрбір мемлекеттік қызметкердің басты міндеті болмақ. Жауапкершілікті жақсы сезініп жұмыс істеу, қысқасы үлкенге де, кішіге де өмір жолыңмен өнеге болу нағыз азаматтық борыш. Ендеше осындай жауапкершілігі жоғары салада еңбек еткен ардагер азамат – Бақытбек Тәуекелов.
Зейнет жастағы сұңғыла ағамен әңгімелескеннің өзі бір ғанибет қой. Сабырлы, байсалды жанның аузынан аталы сөзді естуге жолықтық бүгін. Көкірегі ақпейілге толы ағамызды қанша тыңдасаңда, көңіліңнің түбінде «айта берсе екен» деп тұрасың.
Бақытбек ағамыз кезіндегі Төрткүл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ауылдық мектепті сегіз жыл оқып, одан кейін аудандағы №26 мектепті бітіргеннен кейін Энгельс атындағы ұжшарда колхозшы болып, шаруашылықтың түрлі саласында еңбек жолын бастаған. Кейін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын «Инженер-механик» мамандығы бойынша жоғары білім алып, бітіріп шығады. 1983 жылы ауылдағы шаруашылықтың №1 егіс бригадасына бригадир болып тағайындалып, үш жыл шаруашылықтың қыр-сырын меңгеріп шығады. Уақыт өте халық депутаттары Төрткүл ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына сайланып, елмен тікелей араласады. 1993 жылы қоғамдағы өзгерістерге орай жергілікті әкімшілік институты құрылып, аудан әкімінің өкімімен 1994 жылдың қаңтарында Жаңажол ауылдық округі әкімі қызметіне тағайындалады. Ағамыздың қызметке келуі елдегі тоқырау жылдармен тұспа-тұс келеді.
– Ол уақытта ауыл әкімдері билік пен халық арасында алтын көпір бола білдік. Жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттің саясатын халыққа түсіндіріп, күнкөрістің жолдарын іздестірдік. Елде көпке дейін жұмыс болмады. Тіпті зейнетақы 5-6 айлап кешіктіріліп берілетін. Энгельс сол кездегі ірі ұжшар болғандықтан мұнда шаруашылық басшылары, мықты кісілер жұмыс істеді. Сол кісілермен қоян қолтық араласып, халықтың ауызбіршілігін сақтауға жұмыс істеді. Бұған дейін ауыл парткомының екінші хатшысы болған Болатбек Сүлейменов деген кісімен бес жыл бірге жұмыс істедім. Бәкең ауылда бес жылға сыймайтын ауқымды жұмыстар атқарды десем артық айтқаным емес. Ауылдың жағдайын көтерді, балшық болған көшелерді реттеп, тас төсеп, қалыпқа келтірді. Ол кісі жоғарыдағылармен жақсы араласатын. Сөйтіп 1993 жылы ауданға ауысып кетіп орнына шаруашылық басшысы болып Қылышбек Әбішев ағамыз келді. Ол ІІІ Интернационал ауылында бас агроном болған, күріштің жайын өте жақсы білетін. Ағамызбен елдің экономикасын көтеруге, мәдениетінің дамуына, ауылдың тазалығы мен көркейту-көгалдандыруына сыйластық пен ауызбірлікте бола жүріп бірге еңбек еттік. Тоқырау жылдарда басқа ауылдар бөлініп жатқанда ауыл ақсақалдарымен, белсенді азаматтармен түсіністік дәрежеде жұмыс істеп, іргемізді ажыратпай, бір шаруашылық болуға қол жеткіздік, – дейді Бақытбек Әбдіқадірұлы.
Ауылдың жағдайын көтерудің тағы бір жолын қарастырған ел ағалары әр үйге 25 түп ағаш егуді міндеттейді. Егер сол талапты орындамаған тұрғын болса, шаруашылықтан жеңілдікпен берілетін өнімдерді қиып тастап отырған. Сөйтіп қатаң шара көрудің арқасында ауыл көркейіп көгерген. Тоқырау уақытында әлеуметтік нысандар яғни балабақша, медициналық бөлімшенің жұмыс істеуін тоқтатпаған. Тоқтаған жағдайда бүлінуге, жекешелендіруге, талан-таражға түсуіне жол бермеген. «Реформаға неге ілеспейсіңдер?» деген жоғарыдан тапсырма келіп, ауыл басшысына сөгіс те беріліпті. Сонда халықтың бөлінбейтінін жеткізген ағамыз ауызбіршілікті қалап отырғанын айтқан.
– Менің тәжірибемде ауыл әкімі шаруашылық басшысымен тығыз байланыста болу керек. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей екеуі екі жаққа тартса онда жұмыс болмайды. Құдайға шүкір жоғарыда айтқан Болатбек ағамызбен бес жыл қызметтес болсам, Қылышбек ағамызбен ширек ғасыр жұмыс істедім. Елде алауыздық болдырғанымыз жоқ, халық үшін қызмет еттік, – дейді ардагер ағамыз.
Бақытбек Тәуекелов осылайша еңбек қазанында қайнап, мол тәжірибесінің арқасында халқы сыйлаған басшыға айналды. Тәуелсіздік алған жылдан бастап 25 жыл елге адал қызмет етіп, зейнетке шықты. Қазіргі таңда ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде қоғамдық іске белсене араласып, елдің дамуына үлес қосуда.
 Ерсін ӘЛІБАЙ
07 тамыз 2021 ж. 940 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 385

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 464

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930