» » Сырдың сұңқар сүлейлері

Сырдың сұңқар сүлейлері

«Киікшіден шыққан қос жүйрік,
Сүйкімбай менен Сүйіндік...
Ән менен сөзін ажарлар», деп Сыр сүлейі Омар шайыр Шораяқұлы жырлағандай, Қожагелді ұлдары Сүйкімбай мен Сүйіндік жыраулар жайлы қолымызда мәліметтер жоқтың қасы.
Дегенмен, дүниеден өткендеріне ғасырдан артық уақыт өтсе де, ағайынды жыраулардың жыр мұрасы ел аузында сары майдай сақталып, осы кезге жетіп отыр.
Кеңестік уақытта Өзбекстанға өтіп, қазіргі кезде арамызды шекара бөлгенмен, тұтастай қандас бауырларымыз тұратын «Тауелі» аймағына барып, елдегі көнекөздер арқылы зерттеулер бойынша кешегі аумалы-төкпелі замандарда қоныс аударып, басқа елдерге қоныстанып, үрім-бұтақтары сол шет жерлерде өсіп-өнген.
Шамамен XIX ғасырдың 1840 жылдарында Сыр бойының Қызылқұммен шектесер тұсы "Қаракөл-Тәутік (қазіргі Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылының аумағы) деген жерде дүниеге келген қос жырау кейінгі орыс орамында оңтүстіктегі Түрікменстан, қарақалпақ, өзбек ағайындар арасына қоныс аударып, бойларына біткен өнерлерімен жалпақ жұртқа қадірлі болған.
Атақты Сыр сүлейлерінің бірі – Балқы Базармен ағайынжекжат, өнердегі өресі қатар дос болып араласқан көрінеді. Бірге жүріп, бірге тұрып елдегі жиын-тойларды бірге атқарған сыңайлы. Бір-бірінің қадірін біліп, өнерлерін мойындаған қос жырау бірде үлкен жиында алқалы топтың ішінен араларына ши жүгірткен араздастырушылардың сыпсыңдарына куә болады. Базар сыртқа шығып, жыр үзілісінде, үйде қалған Сүйкімбайдан: Базар қандай жырау, осы? деген сұраққа Сүйкімбай: «Базекең мұхит қой, біз оның жанында шүңейт секілдіміз. Әрбір сөзінің салмағы қорғасындай ауыр, тауып айтқан теңеуі Әзіреті Әлінің алмасындай өткір, біздің қыздыратынымыз әннің базары ғой» деп марапаттаған екен.
Келесі кезекте жырлап отырған Сүйкімбай сыртқа шығып кеткенде Базардан: Сүйкімбай қандай жырау? деген сұрағына Базар: – Ой! Пәлі, оның мақамы, сазы нашар сөздің өзін аспандататын, өзі қалай сұлу болса, әндері одан да сұлу, біздікі тек сөз ғой! деп, сынай қойылған сынақтан сүрінбеген деседі. Осы әңгімеден екеуі бір-біріне деген достығымен, біріне-бірі қадірдан көңілдерімен ұлт өнеріне адал қызмет етіп жүргендігін білдірген» дейді бізге жеткен қария сөздер.
Базардың, Шегебайдың, тағы басқасы Тауелібай ақын-жырауларының сөздерін насихаттаған ағайындылардың өнерін Тұрмағамбет шайыр былай мадақтаған:
«Сүйкімбай менен Сүйіндік,
Сүйекті суша білмейтін,
Өткір найза секілді,
Ағылский ұңғылы...»
Бұл шумақтан біз қос жыраудың орындаушылық шеберлігінің биік деңгейін байқаймыз. Сүйкімбай жыраудың Сердалы (1896-1974), Сүйінішәлі, Бағдагүл (1903-1999) атты балалары болған. Сердалысынан Алпысбай атты баласы қазір Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында тұрады. Зейнеткер. Сүйінішәлі өткен ғасырдың 1932-1933 жылдарындағы ашаршылық кезінде жоғалып кеткен. Ал Бағдагүл атты қызы өзінің жолын қуып, өнерпаз болады. Күйеуге шыққанға дейін-ақ Сырда атағы шыққан әнші-жырау болып ел аузына ілінген. Кейін Шөмекей-Торыбай Кәжім атты азаматқа күйеуге шыққан. Бағдагүлдің өнерін бағалаған, оны білген, көрген, тыңдаған белгілі шайыр Әлиакпар Жұматаев төмендегідей жыр жолдары арқылы мерейін асырады.
«Сүйкімбай қызы Бағдагүл,
Сайраған бақта ол бұлбұл.
Ән ырғағы тасқындар,
Аққандай таудан асау Ніл» деп бұлбұл өнерпаздың шынайы бағасын береді.
Ал, Сүйіндік жыраудың Ақсобық, Балсобық атты екі қызы болған. Жыраудың тұқымы болғанмен ол екеуі де ата жолын қумады. Ақсобық Құлыс Кете Бәйсейтұлы Кенеймен бас қосады. Балалары Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Балсобықтыңда балалары Қармақшы ауданында тұрады.
Киікшінің қос пырағы Сүйкімбай мен Сүйіндік ақсақалдар Тауелібай елінде, Бұхара облысының Қызылқұмында 1915-1920 жылдар шамасында өмірден өтіп, сонда жерленген. Бағдагүл Сүйкімбайқызы қарақалпақ Автономиялық Республикасындағы Нөкіс облысы, Бируни ауданында 1999 жылы 87 жасында қайтыс болған. Сұлтан Уаис бала әулие қорымында жатыр. Ұрпақтары қазір Жамбыл облысында тұрады. Ағайынды қос жүйріктің мақам-саздары кәрі құлақ тыңдарман мен ескі сарыннан хабары бар орындаушылардың жадынан өшпей, ұлтымен бірге жасасып келеді. Қызылорда облысы мәдениет басқармасы құрастырып шығарған «Қайталанбас дауыстар» музыкалық антологиясында, 1962 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының «Музыка» бөлімі ұйымдастырған фольклорлық экспедиция кезінде жазылып алынған белгілі жырау, шежіреші, жергілікті тарихтың білгірі, марқұм Үбісұлтан Аяповтың (1889-1973 жж) орындауында Сүйкімбай мен Сүйіндік Қожакелдіұлдарының әндері жарияланды.
Жалпы Сырдың бойы өнер мен өнегенің, ақыл мен парасаттың мекені. Осындай ғажап мекенде дүниеге келген әрбір адамның жоғарыда айтқан қасиеттерден еншісі бар. Ықылым замандардан қоңсылас отырған Кете-Шөмекей тайпаларының шын мәнінде туыстық қатынастары бары анық. Бұл ойымызды тектік сынамалар нәтижесінде көзімізді жеткізіп, бекіте түстік. Міне, осы екі рудың төсекте басы, төскейде малы қосылып, әні де, әңгімесі де ортақ күйінде әлі келе жатыр. Бұл елдерден шыққан көптеген батырлар елін қорғады, жыршы-жыраулар рухани ағартушылық жасады, билер мен шешендер елдің тұтастығына жұмыс жасап, талай белгілі тұлғалар елдің өркендеуіне үлестерін қосып келе жатыр. Бәрін тізбелеп жату міндет емес шығар, алайда бүгінгі әңгімемізге арқау болған ағайынды жырауларды елдің өркендеуіне рухани тұрғыдан еңбек сіңірмеді деп әсте айта алмасымыз анық. Заманында сылдырай аққан сұлу Сырдың бойын мақпал мақамымен желпіп, әсем әнімен тербеп, әуезді әуенімен шайқаған өнер иелерін есімізден шығармауымыз керек.
Әкелеріміздің айтуы бойынша ағайынды екі жырау барынша сән-салтанатымен жүреді екен. Екеуі екі қара жорғаға мініп, ортасына аппақ жорғаға қызы Бағдагүлді алып, ақ пен қара алмасқан жалғанның жақсы сәтіндей көргеннің көңілін марқайтар еді.
Сүйкімбай мен Сүйіндік көрген адам көзін ала алмайтындай ажарға, дауысын естігендер сиқырлы саздың әсерінен айыға алмайтындай ғажап үнге иелік қылған. Кең жауырынды келбеті еңгезердей бойына сәйкесіп, киіз үйдің төріне екеуі жайғасып, орталарына Бағдагүлді алғанда басқа адам отыратын жер аздау қалса керек.
«Жыр» тәңірдің нәсібі болса, «Жырау» сол нәсіпті әр кеудеге ұялатып, әрбір сана иесіне сіңіретін, яки рухани ағартушы екенін есімізден шығармайық.
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
жыршы, ҚР мәдениет қайраткері
30 қыркүйек 2022 ж. 579 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 387

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 465

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930