» » » Сөз зергері Шегебай

Сөз зергері Шегебай

Өткір тіл мен ұтымды да ұтқыр істерімен ел құрметіне бөленген сөз зергерлерінің мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінде ұлт қазынасына айналды. Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Күдері Қожа мен Қарасақал Ерімбет, Бұдабайлармен есімі қатар аталатын Нұрымбетсары Шегебай да қарт Қуаңның ауасын жұтып, халқынан тәлім алған, өнер бәйгесінде ерен дарындылығымен танылған шайырлар шоғырындағы шоқтығы биік тұлға.
1844 жылы Қармақшы ауданына қарасты қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы кедей отбасында дүниеге келген Шегебай өзге замандастары сияқты ауыл молдасынан діни сауатын ашқан соң, бала жасынан құмарлық танытқан ақындық, жыраулық өнерін жалғастырады.
Кіші жүздің Кете руының Нұрымбетсары аталығынан шыққан жас жырау Шегебай 15 жасынан осы өлкедегі ақын-жыраулардың алқалы тобына қосылып, жүрек түкпірінен шыққан жауһар жырларын тыңдармандары алдында паш етіп, өнерсүйер қауымның батасын алады.
Халық алдында суырыпсалма ақындығымен, діни сауаттылығымен, адами қасиетімен танылған жырау сол жылдары Сыр елінде өмір сүріп, ұлы өнердің туын көтерген Ешнияз сал, Базар жырау, Сарыбай Құлназар, Тоққожа мен Оңбай сынды азулы айтыскерлермен сөз қағыстырса, Қарасақал Ерімбет, Дүр Оңғар,Тұрымбет, Омар мен Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Жиенбай сынды тума таланттардың жырын нақышына келтіре орындап, өз шығармаларымен елді бірлікке үндеді.
Тіпті, Шөмекейдің Төбет руынан шыққан Рысты қыздың Сыр ақындарына жазған жұмбақ айтысына жауап жазған. Жыраудың кедей және бай арасындағы қарым-қатынас, адамгершілік пен жалқаулық, арнау, сонымен бірге махаббат пен ерлік тұрғысында жазған жыр-термелері мен әндері, толғаулары мен қиссалары халық жадында сақтаулы.
Жырау өмірде болып жатқан түрлі оқиғаларды жыр арқылы суреттейді. Мысал келтірер болсақ:
Жарлылық жаздырмай бой жастайымнан,
Шырмалап, шығармадың тоспайыңнан.
Адымдап айналдырып ақыр мені,
Түсірдің тұзағына башпайымнан, – десе, ақын келесі «Көрінер жарыққа жер жоқ» деген өлеңінде:
Көрінер жарық жер жоқ, қараңғы түн,
Болар ма ататын таң, шығатын күн.
Дейтұғын Ислам қайда, ер азайып,
Бақ айнып, аумасып жүр пері мен жын, – деп еркіндікті аңсаған халықтың үнін өзінің жыры арқылы жеткізеді.
Сонымен бірге, тапшылық пен жоқшылықты, кедейшілік пен тоқшылықты баяндайтын «Жоқшылық» өлеңінде:
Жоқшылық мен не дейін, көзіңді аш,
Көрсеттің жек көрініш қарындасқа.
Күйбеңдеп біздің үйден бір шықпайсың,
Жоқ па еді көз танысың менен басқа, – деп жоқшылықтан азар көрген қазекемнің өмірін суреттесе, байларды қуғынға ұшыратып, кедейге көмектескен Зарқұм Қуанышұлына арнаған «Зарқұмға» атты арнауы, өзінің жоқшылыққа күйініп жазған «Құдайға күйіну», сондай-ақ «Толыш жеңгеме», «Талжанға» және басқа да әзілдері халық көңілінен шықты.
Шегебай Бектасұлы қазақ елінде айтыс өнерінің дамуына көп үлес қосқан айтыс ақтаңгері.
Тіпті, ол Шораяқтың Омары мен Сарыбай Құлназар арасындағы ұзаққа созылған айтысқа мәміле айтып, екі шайырды татуластырған. Сонымен бірге, өзі де көптеген ақындармен сөз сайыстырып, айтыс өнерінің ақтаңгері атанған.
Жоғарыда айтқандай, шашасына шаң жұқтырмай, өткір де ұтқыр тілімен халықты ауызына қаратқан, ел болашағы үшін өнерін сарп еткен сөз зергері жайлы көптеген ақын-жырау өз шығармасынан орын берген.
Назира өлеңнің шебері Кете Жүсіп «Сыр бойының сүлейлері» атты толғауында:
– Шегебай мен Есенжол –
Бұлардың сөзі тақыссыз,
Таспадай қойған сыдырып, – десе, шайыр Шораяқтың Омары «Ұстаздарым» атты толғауында:
– Сөз жүйесін тиеген,
Дулығыға құба нар!
Шақ айтса да, шағулы,
Шегебайдың сөзіне
Хауіп етіп әркім қорғалар, – деп жырына қосады. Ал, Тұрмағамбет ұстазы туралы Сырдың саңлақ шайырлары, өрен жүйрік он тоғыз жырауға арнаған «Әр елдің бар бұлбұлы» атты өлеңінде:
– Нұрымбетсары Шегебай –
Шайырлықтың бабында.
Жан жүре алмас жанынан,
Сай секілді түлкілі, – деп ұстазының өнегелі өмірін ел-жұртқа насихаттайды.
Мақам сазы өз тұсындағы жырауларға мүлде ұқсамайтын, өлең-жырымен тыңдаушысын еріксіз елітіп, баурап алатын Шегебай Бектасұлының өмірі мен өнерін ел-жұртқа, өскелең ұрпаққа аманаттау мақсатында көптеген зерттеушінің еселі еңбегін айтып кетпеу мүмкін емес.
Есімдері дүйім қазақ жұртшылығына танымал ғалым-зерттеушілер мен фольклоршылар да Нұрымбетсары Шегебай ақынның өмірінен сыр шертті. Ә.Диваев, Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев, Ә.Қайнарбаев, Т.Дайрабай, Ш.Әлібеков сынды қаламгерлердің тындырымды ісінің арқасында Шегебай Бектасұлының шығармалары ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда.
«Дидарым, майданда да ақ болып тұрса,
Барғанда майданына парасаттың.
Арасат майданында айқай салып,
Көкесін көрсетер ем мақтанбақтың», – деп жырлаған сөз зергері қазақ еліне Нұрымбетсары Шегебай атымен танымал болған жыр дүлділі 1920 жылы қазіргі Алдашбай ауылында 76 жасында өмірден озды.
Бірақ, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, бүгінде жыр алыбы жырау Шегебай Бектасұлының өнегелі өмірі халық жадында.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ

01 қазан 2019 ж. 1 472 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031