» » Алаштың алып ақыны

Алаштың алып ақыны

Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен заманындағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Еуропа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды.
Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні.
Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр.
Мұхтар Әуезов

«Ақын – ұлттың жүрегі» демекші, Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының жүрегінен ойып тұрып орын алған, өзінің өнегелі, терең мағыналы өлең шумақтарымен, қара сөздерімен дараланған біртуар ақын.
Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Абай ауданындағы Шыңғыс тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибраһим. Жастайынан өзінің зеректігімен, қатарластарынан ерекшелігімен көзге түскен бала Абай 13 жасынан әкесі Құнанбаймен бірге ел ісіне араласқан. Бала Абай сол кезден бастап қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты, би-болыстардың қулық-сұмдықтарын, кертартпа салт-сана мен әдет-ғұрып заңдарының залалдарын айқын түсінді. Жастайынан үлкен өмірге аяқ басып, түрлі қиындықты басынан кешті. Туған халқының болашағы жарқын болуы үшін өмірден түйген ойларын қағаз бетіне түсірді. Сол себепті ақынның әрбір өлең жолдарынан, қара сөздерінен халқының қамын ойлаған жанашыр тұлғасы айқын сезіледі. Қазіргі таңда ақынның есімін еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін біледі, оның өзіндік ойып тұрып алар орны бар қазақтың бас ақыны ретінде таниды.
Абай өлеңдерінен бөлек «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» поэмалары мен эпикалық-философиялық, өзіндік мән-мағынасы мен салмағы зор қара сөздер жазған. Ақынның қара сөздерінде ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың бітім-болмысы зерделенген. Әр өлең шумақтары мен қара сөздерінде «қазағым» деп алып-ұшып тұрған ақ көңілі мен жанашырлығын байқаймыз. Абай Құнанбайұлы жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, сазгер, аудармашы болған. Абай атамыз орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы халқымыздың мәдениетін жаңартуды көздеді.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикаға құралған. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер болған. Абай Құнанбайұлының қырық бес бөлек шығармадан тұратын қара сөздерінің тақырыбы тек бір бағытта ғана жазылмаған. Әр алуан тақырыпты қамтитын қара сөздері жалпы адамзат баласына ортақ асыл мұраға айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрген. Кейіннен, Абай қара сөздері орыс, қытай, француз, тағы басқа әлем тілдеріне аударылған.
Ақынның:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз...» деген баршамызға таныс өлең жолдарының өзі өскелең ұрпаққа ерекше ой салатындай әсер қалдырары сөзсіз. Адам болар жанды өсек, өтірік, мақтаншақтықтан аулақ болуға шақырған. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, жақсы нәрсені үйреніп, жетістікке жетуге мақсат қойып, еңбектену керектігін баса айтқан.
Абай атамыз жастарды әділетсіздік пен жалқаулыққа, білімсіздікке қарсы күресуге шақырған. Жастар білім нәрімен сусындап, өмірде өз орнын тапсын деген ойды әр өлең шумақтарына арқау еткен.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім..» дегендей, бала кезімізден білімге деген құштарлығымызды оятып, оқу-білім жолында еңбек етуге шақырған ақын өлеңдері өмірлік шамшырағымызға айналды. Қазақ халқының ешкімге тәуелді болмай, кемел келешекке қадам басуына бірден-бір себепші бола білген жанның өзіндік орны қазақтың ой-санасында ерекше жаңғырып тұрары сөзсіз. Абай атамыздың өлеңдері тасада қалуы мүмкін емес. Замана көші алға озған сайын жыр жауһарлары жаңа қырынан танылып, мәні айқындала түскен ақын есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлықтала береді.
Қымбат МЫРЗАБЕК


10 тамыз 2022 ж. 840 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930