» » Ғибратқа толы ғұмыр иесі

Ғибратқа толы ғұмыр иесі

"Жерде бір жақсы адам өмірден өтсе, көктен бір жұлдыз ағып түседі" деген әңгіме ертеден айтылады. Бірақ оның қаншалықты шындыққа жанасатынын кім білсін, бірақ жақсы адам жарық дүниеден өтсе, қабырғамыздың қайысып, жанымыздың жабырқап қалатыны анық енді.
Жақында еліне елеулі, халқына қалаулы болған ардагердің бірі, саналы өмірі қоғам тынысымен біте қайнасқан Қармақшы ауданының құрметті азаматы Сәдуақас Шалабаевтың келместің кемесіне мініп кете барғаны қалың жұртты қамықтырғаны рас.
Сәдуақас Сәрсенұлы Жосалы кентінде 1940 жылы дүниеге келген. Орталықтағы No26 қазақ орта мектебінің 1 сыныбына барып, оны 1958 жылы бітіріп шыққан. Білім ұясын ойдағыдай аяқтаған соң 1958-1962 жылдар аралығында комсомолдық жолдамамен Жосалы механикалық зауытында токарь және комсомол ұйымының хатшысы, аудандық комсомол комитетінің пленум, бюро мүшесі, штаттан тыс хатшысы қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Еңбекті жанына серік ете жүріп Қызылордадағы политехникалық техникумынан "Өндіріс және азаматтық құрылысы" мамандығы бойынша аяқтап шығады. Жастығына қарамастан өзіне берілген тапсыр- маларды жоғары деңгейде орындап, басшылықтың сеніміне ие болған ол қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында да белсенділігін, іскерлігін көрсете білді. Соның бір дәлелі – әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген кезінде жас сарбаздың басқа қатарына қарағанда өзгешелігі байқалып, халық қалаулысы болып таңдалғаны, яғни депутат болып сайланғаны – оның осы қасиетін аңғартса керек. Әскери қызметін мүлтіксіз орындап, туған жерге оралған жалынды жастың еңбек жолы әрі қарай аудандық партия комитетінің шешімімен No149 кәсіптік-техникалық училищеде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметімен байланысады. Мұнан кейінгі жылдары аудандық ДОСААФ-тың төраға қызметін атқарған жылдары да мекеме комитеті мектеп оқушылары арасында "Алғашқы әскери дайындық" пәнінің жүйелі жүргізілуіне септігін тигізіп, автомобиль жүргізуші және радиотехник мамандықтарына оқушылар тартқан.
Ал 1970-1989 жылдары Жосалы механикалық зауытында инженер, кадр жабдықтау, өндіріс және өнім тарату бөлімінің басшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, партком хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Тәжірибелі де білікті басшы ретінде өзін әркез дәлелдей білген азамат зауыт өндірісінің қарышты дамуына, еңбек өнімділігінің артуына, ұжым жұмысшылары мен қызметкерлерінің құқықтарының қорғалуына жіті мән беріп, еңбекшілердің еңбегін саралауда да ұтымдылық танытты. Одан бөлек, зауыттан шығарылатын өнімнің сапасына мән беріп, еңбекші қауымды кәсіподақ төрағасы ретінде ынталандырып отыруды да естен шығармады. Механикалық зауыттың партия ұйымы жұмысы жайлы аудандық "Коммунизм шамшырағы", облыстық "Ленин жолы" газеттерінде бірнеше рет мақала жариялады. Белсенді азамат аудандық, облыстық партия комитеттерінің семинар-конференцияларында баяндамалар жасап, өзекті деген мәселелердің бірқатарын зерделеп жоғарыға жеткізіп отырды.
Төккен тер, еткен еңбек уақытында өз бағасын да алып отырды. Сәдуақас ағамыздың ұзақ жылдарғы еңбегі ескеріліп, "Еңбек ардагері" медалімен, аудан әкімінің алғыс хаттарымен, облыстық дәрежедегі бірқатар басқармалардың құрмет грамотасымен және КСРО Қорғаныс министрінің "Әскери үздік құрылысшысы" төсбелгісімен марапатталған. Ресей Федерациясының Ульяновск облысына қарасты Дмитроград қалалық кеңесінің депутаты болып сайланған. Ауданға сіңірген еңбегі назарға алынып, "Қармақшы ауданының құрметті азаматы" атағы берілген.
Сәдуақас Сәрсенұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де шаршадым-шалдықтым демей, аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің пленум, алқа мүшесі және төрағаның орынбасары қызметін атқарды. Өңірдің ардагерлер ұйымының жұмысын жақсарту мақсатында келелі кездесулер, басқосулар ұйымдастырып, жастардың ортасынан табылды. Атап айтқанда, аудандық ардагерлер кеңесінің іс-жоспарын жасау, іс-қағаздарын жүргізу, бастауыш ұйымдардың ардагерлер кеңесінің рөлін көтеру, "Ардагер айнасы" газетіне жазылу жұмыстарын ұйымдастыру, өмір жолы өнегелі ардагерлерді елге насихаттау, Қарттар мерекесі күнін атап өту, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған ардагерлердің отбасына көмек беру іс- шараларын лайықты өткізуге белсенді түрде атсалысты.
Ардақты азамат жан жарымен өмірге тәрбиелі ұрпақ әкеліп, олардан немере-шөбере сүйді. Олардың өмірден өз орындарын тауып, бір-бір мамандық иесі атануға ата-аналық парызын адал өтеді. Ағайын-туыс пен өкшесін басып келе жатқан бірнеше буын өкілдерінің қамқоршы ағасы болды.
Халқымызда "Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді" деген ұлағатты сөз бар. Сол айтқандай, артына жақсы ісі мен есімін қалдырып кеткен Сәдуақас Шалабаев ағамыздың ғибратты ғұмыры туған халқы мен елі барда ешқашан өшпек емес.
Қош бол, аяулы аға!
Сәрсенкүл АҚКІСІ

02 тамыз 2022 ж. 703 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10289)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (10288)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (10287)

16 наурыз 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031