» » Тұғырлы тұлға

Тұғырлы тұлға

«Махаббат қызық мол жылдар». Қай заманның болмасын жастарының жүрегін жаулаған әңгіме еді. Әсіресе кітапты жастанып алып оқып, ертеңі талқылайтын студенттерге ыстық дүние болатын. Иә, Әзілхан Нұршайықов десе ұлт үшін жанған отты жалаңаш қолымен ұстаған, қайтпас, қайсар қаламгер бейнесі ойға оралады.
Көрнекті қаламгер, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы 1922 жылдың 15 желтоқсанында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауылындағы орталау мектепті бітірген соң Алматыдағы Таукен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесінде, педагогикалық институтында оқыған. 1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтайды. Әр жылдарда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, «Қазақ кеңес энциклопедиясында» тіл, әдебиет, фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып қызмет еткен. Көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағында проза кеңесі мен жас әдебиетшілер кеңесінің төрағасы болады. Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы 1956 жылы “Алыстағы ауданда” деген атпен жарық көрген. 60-жылдардан бастап көркем проза жанрында сүбелі еңбек етеді. Қаламгердің қаламынан туған «Махаббат жыры», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің замандастарым», «Қаламгер және оның достары», «Мәңгілік махаббат жыры» сияқты кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. И.Буниннің, М.Шолоховтың, Т.Павленконың, А.Якобсонның шығармаларын қазақшаға сәтті тәржімалаған. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан он томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылған. 1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» романдиалогы үшін Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілген. III дәрежелі «Даңқ», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», II дәрежелі «Отан соғысы», «Парасат», «Отан» ордендерімен марапатталған.
Әзілхан Нұршайықов – Қазақстанның халық жазушысы. А.Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты. Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы университеттің, Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының құрметті профессоры, Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының, Семей қаласының құрметті азаматы. Көркем әдебиетті қадірлейтін халқымыздың бірнеше буын өкілдері жазушының шығармаларымен сусындап өсті. Оның шығармаларының кейіпкерлері қашанда жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, махаббат пен достық сезіміне тәрбиеледі. Миллиондаған адамдардың жүрегіне жол тапқан құнды шығармалары ұлттық мақтанышымызға, мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналды.
Желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеудің «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулысы қабылданғанда Әзілхан Нұршайықов Мәскеуге «Саяси бюроның шешімі қате. «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулының күшін жою керек!» деп Бас хатшы Горбачевке хат жазады. Ол поштада ұсталатын болғандықтан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Олжас Сүлейменов арқылы Кремльге жеткізілді. Сол үшін Орталықтан бастап, Колбиннен де қысым көреді. Әркімнің қолынан келе бермейтін осы ерлігін – лаулап жанған отты жалаң қолымен ұстағанға теңейді көпшілік. «Әзағаңмен соңғы 15-20 жылдан бері жақын араласып, бір-бірімізбен сыр бөліскен ағалы- інілі дос едік. Бір-бірімізге ақыл қосып, шама-шарқымыз жеткенше көмек қолын созып жүрдік. Күні кеше, яғни Азиада қарсаңында маған қоңырау шалып: «Өскеменге барып қайтсам ба деп едім. Қысқы Азия ойындарының алауын алып жүруге жақсы көретін інім Бердібек Сапарбаев шақырып жатыр еді» деп рұқсат сұрағандай әзілдесті. Туған жерінен жақсы көңіл-күймен оралды. Тағы бірде «Президенттің қолынан стипендия аламын» деп қоңырау шалды. Алайда сол стипендия алатын күні, 7 ақпанда жансақтау бөліміне түсіп қалды. Соғыс өртінен аман оралған, Халимадай ғашығына қосылып, тату-тәтті өмір сүрген, екі ұл, екі қыз өсіріп, өрісі кеңейген, өзгесін айтпағанда орыстың үш батыры сынды шоқтығы биік, үш шығарма «Ақиқат пен аңыз» романын, «Халима» хикаясын жазған, алғашқы романы он рет қайта басылған, «Махаббат қызық мол жылдары» 40 жыл бойы оқушы қолынан түспей, сан ұрпаққа рухани азық бола білген Әзілхан сынды жазушы тым аз бүгінде. Халықтан «Ұлттың ұлағатты ұстазы», «Махаббат падишасы» деген атақ алып, аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған абыз аға, ақиық досым Әзағама өзегім өртеніп тұрып, қош деймін енді амалсыз» деп еді Бақытжан Момышұлы көрнекті қаламгер мәңгілік мекенге аттанғанда.
Аузын бағып, сырын аша бермейтін жанның тындырары көп болса керек. Соғыс жылдарында қасына екі солдатты ертіп келіп кемеңгер Сәбит Мұқановтың қонағы болуы, қазақ жауынгерлерінің Жамбылға жазған жауап өлеңінің авторлығы, одан Павлодарда жүргенде қазақтың атақты жазушысы Мұқан Иманжановпен рухани достасуы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бата алуға ұласты. Қазақ әдебиетін іздеп жүріп оқитын жастарды күні бүгінге дейін ұлттық әдет-ғұрыпқа үйрететін «Махаббат қызық мол жылдар» романын сыйға тартып, бірден ел таныған классикке айналып еді. Халықтың шын ниетпен сырлас-мұңдас болатын жазушысы екенін хас батыр Бауыржан Момышұлының абыройын асқақтата түскен «Ақиқат пен аңыз» романы растап еді. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық тарихи шындықты ресми мойындауға негіз бола алары сөзсіз. Онан кейінгі «Мәңгілік махаббат жыры», «Халима» атты мұңды да сыршыл хикаяттары абырой үстіне абырой қоса түскен құнды шығармалары. Өзінің алғаш ұшқан қанаты журналистика екенін еш уақытта ұмытпай, қос қанатымен қарыштай самғаған қаламгер қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырды.
Қазақ әдебиетінің ірі өкілінің бірі – Әзілхан Нұршайықов 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Алаштың абыз ақсақалы, көрнекті қаламгер, парасатты да білікті Әзілхан Нұршайықов секілді ұлтын сүйген ұлағатты тұлғаның ардақты бейнесі ел жадында мәңгі сақталады. Оның шығармашылығы оқырмандарының әрдайым жүрегінде, мәңгілік өміршең.
Айнұр ӘЛИ
24 шілде 2022 ж. 512 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031