» » Шайырлар өңірінің шамшырағы

Шайырлар өңірінің шамшырағы

Баспахананың сол кездегі қызметкері Нұрсұлу Сұлтанованың мына жазбасы да назар аудартады: «…газеттің алғашқы сандарын шығарған кезіміз күні кешегідей көз алдымда тұр. Сол жылдары жұмыстың бәрі дерлік қолмен атқарылатын. Май шамның әлсіз жарығында әріп теріп, бет жасап, қиын-қыстау кезеңнің қысталаң шақтарына қарамастан сүйікті газетіміздің оқырмандар қолына неғұрлым уақытылы жетуіне көбірек көңіл бөлетінбіз. Газеттің сапалы да дер кезінде жарық көруі негізінен баспагерлерге байланысты. Сондықтан біз бұған барынша назар аударып отырдық».
Тарихи шежірелерді, бұрынғы өткен ақын-жазушылардың өлеңдерін, дастандарын, халықтың даналық пікірлерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуде ақсақалдар Әлқуат Қайнарбаев, Әлиакбар Жұматаев газеттің тұрақты авторлары болды. Сыр елінің мақтанышы болған даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов отызыншы жылдары өзінің уақыт талабына сай жазылған бірқатар өлеңдерін «Екпінді» газетінде жариялаған. Сонымен қатар Сыр бойына белгілі ақын-жазушылар Төлеубай Үркімбаев, Тұрымбет Салқынбаев, Молдахмет Дабылов, Бейсенбай Қасқырбаев, Күндебай Алдоңғаров, Мұзарап Жүсіпов, Әбзали Егізбаевтардың айтыстары мен өлеңдері газет бетінде жиі жарық көрген.
Газет жұмысына үзбей қатынасып тұрған автор-тілшілер: Смайыл Ақжігітов, Ибрагим Бекмаханов, Жаңаберген Сәденов, Кеңес Тілегенов, Нұрлыбай Таубаев, Зибаш Қамбарова, Сәнтөре Пірманов, Айтбай Басшыбаев, Дәуренбек Жарасов, Әсемгүл Смаханова, Запа Дәулетбаев, Қазыбек Жұмағұлов, Мейрамбек Төлепов, Байділда Дастанов, тағы басқаларының мақалалары газет бетінен жиі көрініс тауып, оқырман назарына өмірдің өзекті мәселелерін ұдайы ұсынып отырды. Осы орайда сауатсыздықты жоюда белсенді атсалысып, талай келелі бастамалардың ұйытқысы болған қарт тілшілер Тілеген Әбдікешов, Омар Қошыманов, Әнтай Құланбаев, Қасқыр Нәметшаевтардың да есімін атаған абзал болар.
«Редакцияның қара шаңырағы бізге көп нәрсе сыйлады. Жан сұлулығының сымбатты болуына, журналистік сан түрлі жанрлардың кұпияларын шеберлікпен меңгеруге көп көмектесті. Алдыңғы толқын ағалардың асқақ адамгершілігі бұл мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңуды үйретті. Біз осылайша өсіп-жетіліп едік. Бір кездері осынау қара шаңырақтың уығын көтеріскендердің бірі болғанымды мақтан етемін. Жылдар жылжыр. Уақыт өтер. Бірақ сүйікті газетіміздің алғашқы сандарын жарық дүниеге әкелген күндерім бір сәт естен кетпес» деп жазады газеттің алғашқы жылдары жайында Смайыл Ақжігітов.
Уақыт өткен сайын газеттің алдында жаңа міндеттер қойылды. Тың тақырыптарды көтеру жүктелді. Басылым 1938 жылдың сәуір айынан бастап «Қызыл ту» деген атпен шықты. 1938 жылдың қазан айынан 1939 жылдың ақпанына дейінгі аралықта газетке Жарылқасын Дүйсенов редакторлық етті. Қырқыншы жылдарда да газет шығару ісі жеңілдеген жоқ. Аудандық баспаханада май шамның жарығымен жұмыс істеп, қол кассадан әріп теріп, газет шығарудың тағы басқа қиындықтарын басынан өткізгендердің бірі Тұяқбай Спандияров болды.
Бұл жылдар жайлы Әзілхан Аманов былай деп жазды: «1938 жылдың апрель айынан 1962 жылдың майына дейін біздің Отанымыздың қасиетті символы «Қызыл ту» атымен шыққан аудандық газетіміз біздің ауданда колхоз кұрылысын нығайту, социалистік қоғамның шаруашылықтың барлық саласында берік орнығуы жолындағы күресте, неміс-фашист басқыншыларына қарсы күреске еңбекшілерді жұмылдыруда үгітшілік насихатшылық, ұйымдастырушылық жұмыстардың міндеттерін абыроймен атқарды» [3]. Осы кезеңдерде жарық көрген «Стахановтық екпін» [9]. «Үлгілі партия ұйымы» [10], «Тілші қыз» [10] деген хабарламалар мен макалаларды оқып осыны аңдауға болады.
Осы ретте ардагер-журналист Рашид Жарылқасынов жазған естелік сол уақыттың суретін айна-қатесіз көз алдыңа әкелгендей: «Бәрі-бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Аманкелді мен бұрынғы Совет көшелерінің қиылысар тұсындағы кең қолтық қуыста бөлмелері бір-бірімен жалғастырыла салынған тоқал там болатын. Бұл – «Қызыл ту» газетінің кеңсесі. Осы үйдің аядай бөлмелерінде иін тіресіп отырып, күндіз-түні көз майын тауысқанша мақала жазып, газет шығарған күндеріміз әлі күнге дейін есімде. Ол бір жақсы да жарасымды күндері мол қызық шақ еді. Редактордың орынбасары мен бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкер мен корректор бір бөлмеде бірге отыратынбыз. Байқаймын, барлығынан да ең кішісі мен екенмін. Жұмыс қауырт. Мақала жазудан басқа тілші хаттарын корыту деген бар. Жұмыстың ең ауыры да – осы хат қорыту. Әр автордың түпкі ойы мен жазу мәнерін сақтай отырып, жібі түзу мақаланы жазып шығуымыз керек.
Бәріміз бірге отырған соң емен-жарқын әңгімелесіп, ой-пікірлерімізді ортаға саламыз. Ортамыздағы әңгімешіліміз – қос Сәкең. «Қос Сәкең» деп отырғанымның бірі Смайыл Ақжігітов те, екіншісі Сапабек Махмұтов. Смайыл әңгімені майын тамызып, тыңдар құлаққа жағымды етіп, әсерлі айтады. Сапекең әзіл сөзге кұмар. Үлкен демей, кіші демей, кейде құрдастарша әзілдесіп, отырғандарды бір желпінтіп тастайды.
– Сен осы мақала жазуды әкеңнен үйрендің бе? Ол кісі редактор болған ғой, – деп қояды кейде Сапекең аға.
– Бәрін әкем үйретті деп айтсам, әсіре сөз болар. Бірақ қалам тартып машықтануыма ықпал жасағаны рас, Өлең, мақала жазу о басында-ақ менің балалық әуестігіме айналған өнер. Мектеп қабырғасында жүргенімде республикалық балалар газетіне мақалаларым шықты. Алғашқы мақаламның 1953 жылы «Қазақстан пионері» газетінде жарық көргені есімде. Ол кезде мен 7 сыныпта оқитынмын.
– Бірақ бұл білім бізге аздық етеді, – деп бір қойды Сапабек аға әңгімені әрі қарай өрбіткісі келгендей ой тарқата сөйлеп.
– Екеуміздің де бар болғаны бітіргеніміз орта мектеп. Ал, осында қызмет ететіндердің бірқатары КИЖ бен университетті бітіргендер. Солардың дәрежесінде білім алмасақ, бізге оңай болмайды.
Ағаның бұл әңгімесі маған жағып отыр. Осының алдында ғана редактор Ә.Сатыбалдиев: «Бізде бір-ақ жыл әдеби қызметкер боп жұмыс істеп, университетке оқуға түскен екі жас азамат болған. Сен де солардай жоғары білім алу жағын ойыңа ала жүр. Орта мектеп кәсіби білім алудың бастамасы ғана», – деп ағалық ақылын айтқаны бар-ды».
Айта кететін жайт, соғыстың соңғы жылдары Тегеранда АҚШ, Англия, КСРО басшыларының кездесуінде бас қолбасшы И.Сталинмен бірге барған іріктеуден өткен әскери топтың бірыңғай ұзын бойлы, сұңғақ сарбаздарының қатарында майдангер-журналист Сапабек Махмұтов та болған. Бұл құпия ұзақ уақыт жария етілмеген. Соның куәсіндей оның омырауына «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары тағылған еді.
Әрине, ол кезде газет шығару оңай болған жоқ. Баспахана мүмкіндіктері шектеулі болатын, оның барлық дерлік жұмысы қолмен атқарылған. Бірақ табиғи қабілеті бар, осы салаға бейім адамдар ғана жұмыс істейтін газет жылдан жылға қанатын қатайта түсті. «Екпінді» газеті алғашқы кезде 400 данамен таралса, 1937 жылы ол 2400 данаға жетті.
(«Сыр журналистикасының тарихы» кітабынан
Басы өткен санда.
18 шілде 2022 ж. 489 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031