» » Халық қызметшісі

Халық қызметшісі

Алаш қозғалысының көсемі, ұлт тілі мен ділі үшін күрескен ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өз заманында газет туралы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп аса зор баға беріп 1915 жылы қазақ сахарасына жаңалық шашқан. «Қазақ» газетін шығарып, сол кездегі қазақ халқының ағарту жұмысы мен мәдениеті, тарихы, тағылымы жөнінде хабар таратып отырғанын білеміз. Бұдан бұрынырақ газеттер тарихына көз жіберсек, 1883 жылы, 1889 жылдары жарық көрген «Дала уалаяты» мен «Түркістан уалаяты» газеті, Петербургте 1907 жылы Алаш азаматы М.Дулатовтың шығарған «Серке» басылымы, 1911 жылы М.Сералин шығарған «Айқап» журналы да қазақ халқына қызмет етті. Алаш арыстары А.Байтұрсыновтан бастап Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев өздерінің жер дауына, жесір дауына, тілге, ділге, дінге деген ағарту мәселесіне деген ой-пікір, көзқарастарын осы газеттер арқылы қазақ даласына таратып отырды. Қазақтың талантты ұлы С.Торайғыровтың да тырнақалды туындылары осы басылымдар арқылы халық арасына тез тарап, оның танылуына жол ашты.
Газет, журналдардың осындай жетек­шілік бастамасы мен «Дала қоңырауы» атанған қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің 1876 жылы шыққан «Қазақ хрестоматиясы» кітабының да марғау жатқан қазақ даласының оянуына үлкен септігі болды деп айта аламыз.
Міне, осыған қарап жер-жерде білімге, ғы­лымға, өркениетке ұмтылудың нышандары көктемгі өскіндей кең қанат жайып көгере бастады. Үстіміздегі жылы 90 жылдық мерекелі жасқа толған біздің сүйікті басылымымыз «Қармақшы таңы» газеті де талай тарихи кезеңдерді бастан кешті.
1932 жылы «Екпінді» деген атпен латынша жарық көрген газет, кейін социалды құрылым кезінде «Қызыл ту» болып, коммунизмге жетеміз деген мақсатпен «Коммунизм шамшырағы» болып аталып келді. Ел Тәуелсіздігі тұсында газетіміз «Қармақшы таңы» болып аталды. Қандай атпен аталса да үздіксіз 90 жыл бойына халқына қызмет еткен газетіміздің абыройы асқақ, мәртебесі биік.
Неге десеңіз, газеттің  шығарылым көрген күнінен бастап онда білікті басшылар мен от ауыз, орақ тілді халық мүддесімен күнбе-күн танысып отыратын тілші, журналистер баршылық еді. Аз ғана уақыт болса да газет қызметінің сыры менен қырының, ащысы мен тұщысын татып көргенім бар. Ол уақытта газет компьютермен емес, қорғасын әріптермен құйылып жазылатын, терілетін.
Жетпісінші жылдардың орта шені. Газет «Коммунизм шамшырағы» деп аталатын. Газет редакторы талапшыл да табанды Ә.Аманов аға еді.
Газеттің әр бетінің иесі бар екенін газеттің макетін жасаушы жауапты хатшы Ә.Бүркітбаев ағадан үйрендім. Мен төртінші бетті ұнатушы едім. Ол бет әдебиет және өнер беті боп шығатын. Қазір ойлап отырсам, газет қызметінде небір дарынды, талантты ақындар мен жазушылар жұмыс жасап, өздерінің тырнақалды туындыларымен осы газет арқылы танылыпты.
Ж.Жанәділов, Ө.Күмісбаев, Т.Тебегенов, А.Мекебаев, М.Сарикова, «Шерағаңның шекпенінен шық­қандар» деп аталатын тіркеске лайықты журналистер Ш.Әбдікә­рімов, А.Үсенов сынды, сол сияқты кейінгі жылдары журналистика саласын бітірген дипломды мамандар К.Ахметова, Б.Қаналиева, И.Бекмаханов, С.Райымбаева сынды журналистер газетіміздегі сапалық деңгейін жоғары сатыға көтеруге бар біліктілігін жұмсап, қызмет етті.
Журналистика саласының маманы болмаса да өздерінің жан-жақты жетілуінің арқасында С.Пірманов, Ш.Құндақбаев, Н.Жанәділовтер өздерінің сүйікті басылымында талай жыл қызмет етті.
Осындай білікті журналис­тер мен тілші қызметкерлердің ар­қасында аудан халқының ішіндегі шежірелер, халық дәрігерлері, халық ағартушылары, мәдениет пен өнер майталмандары, еңбек ерлері, батырларымыз бен ақындарымыз, даналарымыз бен көсемдеріміз, әулиелеріміз танылды. Ауданымыздың шалқыған шаруашылықтарының күй-жайы, экономикасы мен ұстанып отырған саясаты, бәрі-бәрі дерлік халықтың көз алдына беріліп, алақандағыдай көрсетілді.
Газеттің қай кезде де басты назарда ұстайтыны – халықтың үні. Төртінші билік өкілдері деп аталатын журналистердің басты парызы – халық пен билік арасына алтын көпір орнату.
Осы қағида мақсатындағы газет жұмысы толассыз, тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған алып машина іспетті.
Оның өндіретін өнімі – хабар тарату, жаңалық тарату. Аудан халқының әрбір шаңырағын – өз жаңалығымен хабардар етуде.
Мезгілге, қарға, жаңбырға, дауыл мен желге қарамай, үздіксіз жұмыс жасайтын журналистер қауымы үшін қай уақыт та қауырт тірлікке толы. Оның үстіне заман талабына сай ғылыми прогресске ұмтылып жаңаша шығамашылық жол табу да оңай емес. Олай болса, біздің сүйікті газетіміздің қызметкерлеріне жаңаша ізденіс үстінде жаңа жобаларымен халқымыздың жүрегінен орын алсын деген үмітпен жүрекжарды тілегімді білдіремін.
Әрқашанда газетіміздің жүріп өткен тарихи жолы тұғырлы биікке шығып, өз ұрпағының үніне жауап беретін абыройды арқаласын. Менің ардақ тұтар сүйікті газетім 90 жылдан соң да «Ғасыр үні» деген даңққа жетіп, адамзаттың ізгілігі жасындағы қызметін үздіксіз жалғастырсын деген ізгі ниетімді білдіремін.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
28 маусым 2022 ж. 472 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 059

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031