» » Погондағы журналист: Көше күзеткен күн

Погондағы журналист: Көше күзеткен күн

ҚАЗІР ҚОҒАМДА ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫНА ЖИІ-ЖИІ СЫН-ПІКІРЛЕР АЙТЫЛЫП ЖАТАДЫ. ӘРИНЕ, ҚОҒАМ БОЛҒАСЫН БӘРІ БОЛАДЫ. ОНДА ҚАНША АДАМ БОЛСА, СОНША ОЙ-ПІКІРДІҢ ТУАТЫНЫ ЗАҢДЫ. ДЕГЕНМЕН КЕЙДЕ САЛА МАМАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ АЙТЫЛҒАН ЖЕКЕЛЕГЕН АДАМДАРДЫҢ ҚИСЫНҒА КЕЛМЕЙТІН КӨЗҚАРАСТАРЫ, ЖАЛҒАН МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ ҚОҒАМДЫ АДАСТЫРЫП, ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ ОЙЫН ОНҒА, САНАСЫН САН-САҚҚА БӨЛЕТІНІ ЖАСЫРЫН ЕМЕС.
Тыныштығымыздың күзетшісі – полиция қызметкерлерінің қым-қуыт тірлігімен танысып, халықтың көкейіне ұялап қалған күмәнді ойларды сейілту мақсатында аудандық полиция бөліміне барып, патрульдік, учаскелік полициямен бір күнімізді өткіздік.
Бүгінгі күн кешегідей емес. Түс ауса да ысуы қатты боп тұр. Қолымызға құрал-сайманымызды сайлап аудандық полиция бөліміне келдік. Мұнда бізді полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Қанат Ерманов жайдары қарсы алды. Бізге полцейлермен бірге жүруімізді, тыныштықты сақшылармен бірге күзетуімізді тапсырды. Одан соң полицейдің формасын берді. Көздің жауын алатын әдемі форманы киюге асықтық.
Сағат кешкі 18.00. Қызметкерлермен кездестік. Барлығы қаз-қатар сапқа тұрып, тапсырмаларын алды. Сөзді нақты әрі қысқа қайырған олардың бұдан өзге бос уақыты жоқ екенін ұқтық. Ал алда адреналин күтіп тұр еді.
18.15. Патрульдік полициялар бүгінгі қызметке сақадай сай. Әсілінде қызметкерлердің жүзінен бір жымиыс байқалмайды. Қабақтары қатулы, үстіндегі қызметтік формасынан ба, әйтеуір түсі суық. Артық сауал қоюға тағы сескендіреді. Мысы басып тұрғандай. Іштегі азды-кемді қобалжуды одан әрі «дір» еткізген Ардақ Бермішевтің дауысы естілді. «Дайынсыңдар ма?» деген ол одан өзге сөз айтпады. Тек басын изеп қызметтік көлікке отыруды меңзеді. Қызық енді басталғандай. Көлікке жетемін дегенше маңдайдан тер бұрқ етті. Үстіміздегі форма құдды жабысып қалғандай. Ауа өтпейді. Қозғалсаң, ыстық тер сорғалап барады. Ол ол ма, патрульдік полицияның көлігіне мінейін десең, аяқ көтерілмейді. Матасы қатты болған соң ба, киген шалбар артық қозғалтпайды. Қайбір шағын адам дейсіз. Бөлімде сәйкес келе қойған форманы кигендегі түріміз осы. Содан не керек, полицейдің айтуымен тізеден бастап шалбар балағын сәл көтеріп, аяқтың бүгілуін реттедік. Сосын барып көлікке отырып, тағы бір терімізді сығып алдық.
Біз отырған полиция көлігін патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Ардақ Бермішев тізгіндеді. Көлік ішінде полиция инспекторының көмекшісі Жарқынбек Тотайбеков болды. Сұрағымызды қойып, оған тұщымды жауап ала алдық. Сабырлы мінездерімен байыпты тіл қатқан олар жұмыстың жеңілі жоғын алға тартты.
– Басшылықтағылар да ескертіп айтатын бір нәрсе бар. Ол – алған жарыңа жұмысыңның уақытпен санаспайтынын айтып, түсіндіру. Әйтпегенде, түсінбесе, ол да қиын. Уақытыңның басым бөлігі көшеде, жұмыста өтеді. Қиындығы сол. Өзіміз таңдап, армандап келген сала болған соң ол қиындықтың өзі де ләззатқа айналады. Алдыңғы буын айтатын, біздің қызмет суығы көп, жылуы жоқ мамандық, – деді Ардақ.
Сағат 18.30. Осы уақыттан бастап жол бойы қоғамдық тәртіпті қадағалауға кірістік. Патрульдік полицияның мойнындағы жауапкершілік
тек мәшиненің терезесінен сыртқа көз тастау емес, көше бойын үздіксіз аралап, тәртіп орнату. Қысқасы, тіпті бұлардың бел жазып жатуға да уақыты жоқ. Жиырма төрт сағатты елгезектілікпен өткізеді. Ал біздің терезеге телмірген төрт көзіміз быжырлаған құралға түсті. Онда әлденелер былдырлап айтып жатыр, естіліп жатыр.
– Ағай, осы құралсыз сіздерді елестету мүмкін емес, – дедік сөз арасында.
– Әрине, бұл қолымдағы құрал «рация». Алыстан полиция қызметкерлерін сымсыз байланыстырады, – деді олар қысқа қайырып.
Осы сәтте тағы да рациядан үзік-үзік дауыс естілді.
Сағат 18.40. Кент көшелерінің бірінде жүйткіп келеміз. Тапсырма нық. Жол ережесін бұзбауды қадағалау. Бұған ептілік пен қырағылық керек. Онысын «оюлаған» полиция машинасының дабылынан аңғардық. Не болғанын сұрағанда көше бойында қарама-қарсы келген жеңіл автокөліктің жарығы жағылмағанын, белдік тақпағанын айтты. Дабылды ести салысымен әлгі көлік жол жиегіне тоқтады. Ал Ардақ Бермішев оған не үшін тоқтатқанын айтып жатыр. Заң талаптарына сәйкес шара қабылдап, барлығын тәптіштеп түсіндіріп жатыр.
Сағат тілі 18.50-ді көрсетті. Қызығы сол әр машинаның ішіндегі адам анық көрінеді екен. Белдік тақпауы, темекі тұқылын, қоқыс тастауы, бәрі-бәрі. Әрі-бері кезген жұмысбасты адамдар. Жүйіткіген көліктер. Бақыламасаң мән де бермейді екенсің. Барлығы да анық көрініп тұр. Мәселен үш мәшине келе жатса соның біреуінің күндіз жарығын жағуға құлқы жоқ. Әні солай келеді біреуі. Көлік тоқтатылды. Қызметкерлер құжатын тексеріп, ескерту беріп жатты.
Сағат 19.00. Көше бойын айналған сайын ереже бұзушылар да кезігіп жатыр. Соның бірі кент көшелерінің бірінде орын алды. Жол ережесін бұзған көлік жүргізушісіне машинаны тоқтатуды айтты. Ал ол естігісі жоқ, жүйткіп барады. Осы сәтте әлгі машинаның ізінен қуалай біз де жүйткіп келеміз. Сигнал беріп, тағы да тоқтауын айтқан соң барып көлік көше жиегіне тоқтады. Көлік жүргізушісінің полицияны тыңдауға да құлқы жоқ. Өзінікі дұрыс болмаса да сөз таластырып, дес бермей тұр. Қарап отырсаңыз әртүрлі адам бар. Бірі – басын төмен салбыратып айтқанға құлақ асса, бірі – әне қашқысы келіп, ойланып қояды. Енді бірі – мүлдем тәкаппар. Бірақ мұның қай-қайсысы болмасын шарасыз қалмайды. Себебі қоғамның тәртіп сақшылары тентекті тезге салуды бірінші орынға қойған. Айтып-айтпай не керек, солай автокөлік тізгіндеушіге жарық жақпағаны үшін ескерту берілсе, белдік тақпағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабының ІІ тармағы бойынша хаттама рәсімделді.
Хаттама бұрынғыдай емес. Бума-бума қағаз арқалап, қаламсаппен оны толтыру қазір жоқ. Қызметкерлерде планшет бар. Соған толтырылып, ұсталған адамның қолы соған қойылады.
Сағат 19.15. Жол үстінде жүйткіп келеміз. Терезеден жан-жағымызға қарап, елегізіп тағы отырмыз. Әсілінде машинаның «сигналы» қашан «айқайлап» қалар деп елеңдейміз. Бізге жазар керек. Әйтпесе тәртіп бұзғандардан құдай сақтасын. Бұл ойымыз да құр болмапты. Кезіккен-кезіккенінше жол ережесін бұзушылар тоқтатылып жатыр, құжаттары тексеріліп, бірі – ескертумен құтылса, ендігісі – айыппұл арқалауда.
Сағат 19.20. Көлік тізгіндеген Ардақты тағы аз-кем әңгімеге тарттық. – Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма? – дедік жәй ғана. Жоқ, бағанағыдай емес, бізге қатқыл мінезді көрінген патрульдік полиция тобының инспекторы бұл жолы жадырай түсті.
– Жұмыстың оңайы жоқ. Өзім жақсы көріп, өзім қалаған мамандық. Бала күнімде осы киімді киіп, елдің тыныштығын күзететін саланың белді маманы болсам деп армандайтынмын. Мақсатыма жетіп, заңгер мамандығын алып, іске кірістім. Саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, аянбай жұмыс істеудемін. Түрлі деңгейдегі марапаттарым да бар. Бұл өз кезегінде еңбектің бағасы. Осы жұмыста жүріп, отбасын құрдым. Қазір кішкентай бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған әкемін. Нан қайдан бұйырса, сонан жейсің дейді ғой. Туған жерге келіп, еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын, – деді ол ерекше мақтаныш сезіміне бөленіп.
Осылай біз айтқан әңгіме одан әрі бірінен соң бірі жалғасып, жайлы көңіл-күйге ендік. Біз әлгінде ойлаған түрі суық, мінезі қатал қызметкерлер ойлағанымыздай болмай шықты. Жайдары мінезімен ерекшеленген жанмен бұрыннан таныс адамдарша әңгіменің тінін тарқаттық.
Сол сәтте есік алдында ойнап жүрген балақайлар қаз-қатар тізілді де, қолын көтеріп, полицейлерге құрмет көрсетті.
Сағат тілі зулап жатыр. Әлі көше бойында жүйткіп жүрміз. Бұл аралықта тізбектелген тізім де тоқтар емес. Ендігі біздің патрульдік полициямызбен бірге өткен жұмысымыз тәмам. Бізді учаскелік полицейлердің көлігіне алып келді. Көліктен түсіп, қайта міну бір мұң болды. Форма дегенің денеңе жабысып, артық қозғалтпайды. Содан не керек екінші көліктегі учаскелік полиция инспекторлары Жасұлан Исмайлов пен Амангелді Шәкімбаевты әңгімеге тарттық. Олар бір орында отырмайды. Әр уақытта түрлі үйден шақырту түсіп, жедел сонда аттанады. Оның басым бөлігі әсіресе алкогольді тұтынушылар.
– Жасыратыны жоқ, көбінің жағдайы мәз емес. Көбі жұмысбасты болған соң ба, ашушаң келеді. Мән-жайды түсіндіріп, ескертіп отырамыз. Кентте тіркеліп тұрған отбасылар бар. Шиіттей бала-шаға, төмен тұрмыс, ішкіш күйеу. Бізге шақырту түспесе де айына 3 рет, яки 10 күнде бір рет барып тексеріп отырамыз, – деген учаскелік полицей Амангелді бізді сондай отбасылардың біріне апарды.
Сағат тілі 20.30-ды көрсетіп тұр. Ал біз бір отбасыға келдік. Кішкентай балалар далада ойнап жүр. Алаң болып бізге қарайды. Сірә, полицейлер әр келген сәтін естеріне тоқыса керек. Үй ішінен отанасы да шықты. Учаскелік полицей күйеуінің қалай жүргенін, тыныш па барлығын сұрай бастады. Әлгі әйел жұбайының біраздан бері арақ ішпегенін алға тартып, үй іші тыныш екенін айтты.
Сағат 20.50.Келесі үйге де келдік. Алдымыздан тіркеуде тұрған жігітағасы шықты. Ол да қипалақтағанымен, жұмыс істеп, нәпақа тауып жүргенін алға тартты. «Қазір ішпеймін» деп қысқа қайырды ол. Ал учаскелік полицей нағыз психолог болған. Оның тұрысынан, сөзінен әлденені аңғарды ма, тағы бір мәрте ережені түсіндіріп, ескертуін айтты.
Сағат 21.10. Қызметтік көлікпен жүйткіп келеміз. Бұл полицейдің атқарар жұмысының бір бөлігі ғана. Айтылмай жатқаны қаншама? Кентте 9 аймақ болса, қызметкерлер сол аймақты қалтқысыз күзетуде. Ұрлық, төбелес секілді оқиғалар орын алса бірінші болып баратын да осы қызметкерлер.
Тым-тырыс. Осы кезде сананы тұнық ой шалды. Біз білетін бұл полицейлер қатал көрінеді. Ал көлігін көргенде зәре құты қашатындар да жоқ емес. Бірақ адам болған соң, оның да жүрегі болады ғой. Бәлки, бұл қызметкерлерді тани алмай жүрген шығармыз? Қоғамдық пікір де екі бөлек. Бірі – жақтайды, бірі – даттайды. Шынтуайтына келгенде бәрі басқаша. Себебі біз көзбен көрдік. Нандық. Әр секунд, минут пен уақыт бағалы. Кез келген уақытта байланыста отырып, түн демей шақыртуға шыға береді. Көше кезіп елдің тыныштығын күзетеді. Тәртіпке бағынбаған талайды тәубасына түсіреді. Айта берсеңіз күйбеңі көп тіршіліктің тізіп алары көп.
Уақыт тоқтамай зулап барады. Біздің де межедегі сағат тілі жақындапты. Иықтағы шені ай жарығымен шағылысқан полиция қолына рациясын ұстаған күйі қала берді. Ал біз еңбегіне жеміс тілеп жөнімізге кеттік. Әне, мәшинесін оталдырған қызметкерлер жолға қайта шықты. Кетіп бара жатып «Түнгі 3-4-терге дейін аралаймыз. Бізбен қайтадан қызметтес боламын десеңіздер, мархаббат» деді олар жадырай. Олай жүру бізге қайдан болсын. Үстіміздегі тер қатқан форманы шешуге асықпыз. Ол уақытта біз осы репортажды жазып отырсақ, олар әлі де тәртіп бұзушылармен алысып әлек...
ТҮЙІН Рас, ел тыныштығын қору – оңай шаруа емес. Күндіз-түні бір тынбай, кірпік қақпастан жұмыс істейсің. Міне, осылайша қарбаласқа толы болған полициямен бірге өткен жұмыс күніміз де мәресіне жетті. Төзімді тірегі, тыныштықты тілегі еткен, халқына қызмет етуді мансап деп емес, парыз деп ұққан бөлім қызметкерлерінің азат елдің тұғыры мызғымауы жолындағы атқарып жатқан еселі еңбектерінің жемісті болуын тілейміз.
Айнұр ӘЛИ
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)


17 шілде 2022 ж. 890 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031