» » Шетінеген сәби шапағатшы бола ма?

Шетінеген сәби шапағатшы бола ма?

Бірде әлеуметтік желіде бір келіншек шетінеген баласының суретін салып, көпшілікке мұңды видео жүктепті. Қоса қайғырған жұрт әлі бұғанасы қатпаған сәбиге «Жатқан жерің жайлы болсын», «Иманың саламат болсын» деген пікір қалдырыпты. Мыңнан бір ғана пікірге көзім түсті. Онда жасы егде тартқан қарт ана «Шапағатшы болсын» деп жазған екен.
Жалпы балиғат жасына толмай, сәби кезінде қайтыс болған бала қияметте ата-анасына шапағатшы болады деп жатады. Шапағат етуді қалай түсінеміз?
Алла Тағала өзінің жәннатқа кіргенін қалаған адамдарын өзіне сүйікті болған адамдар себебімен кіргізуі шапағат деп аталады екен. Әһли-сүннә сенімі бойыша мұндай артықшылыққа Алланың разылығына қол жеткізген адамдар ғана ие бола алады. Яғни, Аллаға сенбеген, оның ризашылығына лайық болмаған адамдар шапағатқа да лайық болмайды. Сонымен бірге Алла Тағала пайғамбарымыздан бастап барша пайғамбарларға, Алланың әулие құлдарына тіпті сәбилерге де шапағат ету мүмкіндігін берген.
Пайғамбарымыз: «Балиғат шағына жетпей үш баласы өлген мұсылманды Алла, балаларға деген мейірімі себепті жәннатқа кіргізеді» (Бұхари, Жанайз, 6,91; Мүслим, Бирр, 153) дейді.
Екінші бір риуаятта: «Балиғат жасына толмай қайтыс болған балалар жәннатта балық сияқты қозғалыста болады. Олардың бірі ата-анасын күтіп алады да, киімінен ұстап, Алла оларды өзімен бірге жәннатқа кіргізгенге дейін жібермейді» (Жамус-сағир, ІІІ/2364) делінеді.
Демек, бірнеше жолдармен жеткен хадистерге сүйенсек, шапағат мәселесінде балиғат жасына толмай қайтқан балалардың ата-анасына сүйіншілер бар. Басты себебі, баласынан айырылудың қайғысын арқалап, беруші де, алушы да бір жаратушы Алла екеніне мойынсұнуы керек. Ал оның жемісі ретінде оларды қияметте ата-анасына шапағатшы етеді. Сондықтан да, халқымызда балиғат жасына жетпеген балаға көңіл айтқан кезде «Шапағатшы болсын!» деген сөзді қолданады.
Әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, бір сауалға назарымыз ауды. Онда Гүлжан есімді желі қолданушысы:
– Қазір аяғым ауыр, 7 айлық, егіздер болатын. 6 айлық кезінде ішімде біреуі шетінеп қалды. Дəрігерлер екіншісіне зияны жоқ тірісін уақыты келгенде босанасың деді. Сол босанғанда артынан өлген нəресте мумия болып туылады екен. Сол шарананы не істейміз? Перзентханада қалдырғым жоқ. Азан шақырып, ат қойып жерлейді ме? Сосын туылмай тұрып шетінеген сəбидің жаны қайда болады? Осы мені мазалап жүрген сұрақтарыма жауап бересіздер ме? – дейді ол.
Ал оған жауап берген дін өкілдері  жаназа рəсімдері тек өмірге тірі келген сəбилерге жасалатынын айтады. Себебі, Пайғамбарымыз: «Сəби өмірге келгенде тіріліктің белгісін беретін болса (қимылдау, дауыс шығару секілді), оған жаназа намазы оқылады» деген. Ал өмірге жаны тəнінен шығып келетін болса, ондай сəбилерге жаназа намазы оқылмайды. Мұсылмандардың мазаратына апарып ақ матаға орап жерлейді.
Іштегі нәресте шетінеген жағдайда, оған ат қойса, қияметте Алланың қалауымен шапағатшы болатыны туралы Пайғамбарымыз былай деген: «Түсік балаларға ат қойыңыздар. Өйткені Алла ат қойылған баламен таразының сауап жағын ауырлатады. Болмаса ол бала қиямет күні келіп, былай дейді: «Уа, Алла Тағалам! Бұлар маған ат қоймады. Мен арқылы алатын сауаптарынан құр алақан қалды», – дейді. Яғни, іште жатып шетінеген сәбиге де ат қойылады. Ал ондай сәбилердің жағдайы қалай болады? Олардан Қияметте есеп-қисап сұралмайды. Қайта ол сәби Қиямет күнінде ата-анасына шапағат ететін болады. Балалар әке-шешесінің алдынан шығып, етегіне жабысатыны, Алла оларды жәннатқа кіргізбейінше жібермейтіні туралы сүйінші хабарлар келген.
Ал жастайынан шетінеген немесе қайтыс болған жас балалардың орны жәннат екені хадисте айтылады. Олар – күнәсіз. Сондықтан қайтыс болған жас баланың жаназа дұғасы оқылғанда, ол үшін Алладан кешірім тілеместен, былай деп дұға етіледі: «Аллаһым! Бұл баланы жәннатта бізді қарсы алушы және ақырет сыйы ет! Аллаһым! Бұл баланы бізге шапағатшы ет және шапағатын қабыл ет!».
Алайда  бұл олардың рухтарына Құран бағыштау күнә дегенді білдірмейді. Оқыған Құраныңыздың сауабын шетінеген сәбидің рухына да бағыштап жатсаңыз, оның ешбір айыбы жоқ. Себебі, әлдекімнің рухына Құран бағыштайтын кезде, алдымен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімін тілге алып, Оның да рухына Құран сауабын бағыштап жатамыз. Ал Пайғамбарымыздың орны мәңгі пейіш екені бәріне белгілі.
Айнұр ӘЛИ
11 шілде 2022 ж. 15 120 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031