» » Cырдың сарбаз азаматы

Cырдың сарбаз азаматы

Облыста 70 мыңға жуық ардагер бар. Оның 30 мыңдайы Қызылорда қаласында тұрады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халық. Иә, қарттар – біздің қазынамыз, ақылшымыз, тәрбиешіміз, отбасы ұйытқысы. Дегенмен қарттың да қарты бар. Отбасына ие бола алмай, үй жағалап, ретсіз сөйлеп, сөзін тыңдата алмай, қадірі кетіп, еш ортаға сыйыспай жүргені де бар.
«Шал» деген сөз арабшадан алғанда «әлі өлмей тірі жүрсіз бе?» деген екен. Ал отбасына, ағайын-туысқа, тіптен ауыл-аймаққа қадірі бар, азаматтар іздеп келіп сәлем беріп ақыл сұрайтын, сөзіне тоқтайтын, айтқанына көнетін үлгілі қарттарымыз және де  бар. Міне, бұл нағыз қарттар, қазыналы қарттар. Ал енді аты бүкіл аймаққа белгілі, құлақ естіп, көз көргендер ақыл сұрайтын, айтқанымен бітіріп, кескенімен түйіп, әділдігімен ақ-қараны шешіп беретін қарттарымыз  –  абыз ақсақалдарымыздың орны тіпті бөлек.
«Кім хан болғысы келмейді, халқы қаламайды, кім би болғысы келмейді билігі жүрмейді» деген. Мұндай дәрежеге екінің бірі жете бермейді. Халыққа ақыл, кеңес айту, істі басқару жолын айтудың өзі әр жүз адамның бірінің қолынан келер. Ал сол айтылған ақылды орындау сол айтқан адамның жүзінің бірінің ғана қолынан келеді.
Бүгінгі менің жазғалы отырған азаматым осындай ерекше тұлғалы Сәбит Отызбаев жайлы болмақ.
Ол 1947 жылы Қызыл Диқанның «Үлгі» ауылында  өмірге келген. Отызбаевтар отбасы 1949 жылы жаңадан ашылған Қараөзек  қой кеңшарына қоныс аударды. Анасы Күлпаш апай жоғары білімді ағартушы. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып сабақ береді. Сәбит 1955 жылы осы анасы сабақ беретін мектептің бірінші орыс сыныбына қабылданады. Оның орыс сыныбына қабылдануы мектептен кейінгі өміріне зор пайдасын тигізеді. Орыс, қазақ тілдерін  тең игеру кейінгі өмір талабына сай келіп қызмет жолында көтерілуіне сеп болады.
Алғашқы мектеп есігін ашқан Қараөзек қой кеңшарының Ақиік бөлімшесі айнадай жалтыраған көлі бар, бір жағынан Сыр ана  бұрқырап ағып жатқан болатын. Сәбиттің бос уақытында ермегі балық аулау, үй шаруасына көмектесу, суда қайықпен жүзу. Әке-шешенің қолғанаты болды. Осындай оқуға, еңбекке тәрбиелеу келешек алдағы биіктерге қанаттандырды. №36 орыс орта мектебінен 1963 жылы 8 сыныпты бітіріп, ару қала, сол кездегі еліміздің астанасы Алматыға аттанды. Жолы болып Алматы кинотехникумына оқуға түсті. Бұл оқу орнының Қазақстанда ерекше маңызы бар болатын. Онда кинотехник, киножүйелеріне инженер-басшы қызметкерлер даярланатын-ды. Ол кинотехникумда төрт жыл білім нәрімен сусындады. Көнекөз кісілер біледі, өткен ғасырдың 60-жылдарының бас кезінде  елімізде жағдайдың ауыр болғанын студенттік шағы тұрмыстың осындай қиын кезеңіне тап келді. Ол алыс ауылдағы ата-анасына салмақ салмай оқи жүріп, жұмыс істеді. Оқуға қабылданған жылы техникум қабырғасындағы алғашқы жылда тау спорты альпенизммен айналысты. 6 айдан кейін нұсқаушы деген қағаз алды. Сенбі, жексенбіде Алматы маңындағы «Горельник» атты турбазаға барады. КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген туристерге жолбасшылық жасады. – Бірінші курсты бітірген жазда ауылға қайтпай туристерді сонау Ыстықкөлге дейін жаяу апардым. Ол кезде студенттік құрылыс отряды жоғары оқуларында ғана болатын. Дегенмен, екінші курстан бастап қалалық комсомол комитетіне қайта-қайта өтініш айта жүріп, өз бастамамызбен техникумнан 50 бала студенттік құрылыс отрядын құрдық. Сөйтіп, 2 жыл қатарынан Повладар облысының Краснкутск, Камышин аудандарының шаруашылықтарында тұрғын үйлер, мал қоралар салдық. Қарап жүрмей жоқ жітік студенттік күндерімізді қаржымен бүтіндедік, – деп еске алады бүгінде Сәбит қимас жылдарын.
Техникум бітіргенннен кейін Қызылордаға оралып, №69 қалалық кәсіптік-техникалық училищеге киномеханиктер тобының, яғни оқу өндірісінің шебері болып орналасады. Тағдырдың тоғыстырғаны болар, училищеде байланысшылар оқуында оқитын болашақ жары, ай дидарлы әсем ару Закирамен танысады. Сөз байласып, әскери міндеттін атқаруға аттанады. Ол Челябі облысының Қарталы ауданындағы әскери бөліміне түседі. Әскери ант қабылдағаннан кейін бөлім басшылығы техникумдағы алған білімін ескерген болуы керек, жас солдатты клуб меңгерушісі етіп қояды. Сәбит әскери өмірден хатшылықта жүріп партияға өтті, екі жыл азаматтық борышын өтеп, старшина шенімен запасқа шықты. Қарапайым қазақ баласы үшін бұл үлкен жетістік еді. Ол кезде әскери бөлімнің жастар жетекшісі болу жүзден озған жүйріктердің маңдайына бұйыратын. Сәбит сондай өз ортасынан оза шапқан тұлпарлардың санатында болды.
Ол әскерден оралғаннан кейін Закирамен отау көтеріп, Тереңөзек аудандық киножүйелері кеңесінің төрағасы болып жұмысқа орналасты. Бұл қызметке тұруына әскерде хатшы, партия мүшесі болуы ықпал еткені анық. Мұнда жас басшы аудан шаруашылықтарында жергілікті жұмысшылар комитеттерімен бірлесіп, кино қоюды ұйымдастыру, қаладан жалға кино алып, жергілікті клубтарға жеткізу, жалпы кино қою саласында халыққа қызмет көрсету жұмыстарымен айналысты.   Кеңес үкіметі тұсында кадрларды бағалауға ерекше мән берілді. Бір әскери бөлімнің жетекшісі болған ол Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне шақырылды. Әскерде жастармен жұмыс жасаған тәжірибесі ескеріліп, бұл салада 4 жыл еңбек еткен кезінде іскерлігімен көзге түскен жас жігітті обкомкомсомолға да қызметке шақырулар болды. Дегенмен, ауданға да жергілікті кадрлар керек деп сырттай қамқорлық танытқан «Сыр елінде болыс көп, ең мықтысы Қонысбек» деп атақты Сырбай ақын жырға қосатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Қазантаев С.Отызбаевтың комсомол  кезінен тәрбиелеп, 1974 жылы аупарткомның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп бекітті. Ол комсомол, партия қызметтерінде жүріп, білімін ұштауды да естен шығарған жоқ. Қызылорда педагогикалық институтының филология, қазақтың ауыл шаруашылық институтының агрономия факультеттерін бітірді. Әскердің, комсомолдың көрігінен шыққан жас жігіт партиялық жұмысты да ұршықша үйіріп алып кетті. Қ.Қазантаев тәрізді мықты ұйымдастырушының «шекпенінен» шыққан Сәбит осындай болуға тиіс қой. Білікті басшы, қоғам қайраткері Н.Ергешбаевтың да 10 жыл тәрбиесін алды. Қашанда жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын Сәбит 1978 жылы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылды. Бұл лауазымды қызметін 10 жылға жуық атқарған.
Қызылорда облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылығына шақырылған кезде облысты қара қылды қақ жарған әділдігімен ел аузына ілінген іскер басшы Еркін Әуелбеков басқаратын.
Халықтың үлкен сүйіспеншілігіне бөленген, көреген басшының қарауында жұмыс істеу Сәбит үшін үлкен мектеп болды. Оның іскерлігін бағалаған облыс басшысы оны Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына жіберді. Үлкен кісінің жолдамасынан кейін Сәбит киелі топыраққа 18 жыл белсенді, қаржылы еңбек етті.
1992 жылдың ақпан айында бұрынғы басқару жүйесі өзгертіліп әкімшілік басқару жүйесі құрылды. Мен осы жолы Қармақшы ауданына алғашқы әкім болып тағайындалдым. Басқару жүйесі жаңаша, алдағы мақсаттар бұлыңғыр еді. Елді, халықты біріктіріп, таратпай, жаңа жүйеде басқару кез келген басшының қолынан келе бермейді. Жаңаша талап, жаңаша ұйымдастыру, халықты адастырмай жаңа жолға салу іскердің іскерінің ғана қолынан келер жұмыс.
Осы бағыттарға жан-жақты бағдарлай келіп, бұрыннан осы ауданда партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия комитетінің қызметкері, Тереңөзек ауданының партия комитетінде Қонекең Қазантаевтың тәрбиесінен өткен Сәбитті орынбасарлық қызметке тағайындадым. Осылайша біз 4 жыл ауданда қатар қызмет жасадық. Он айлап айлық алмаған, зейнетақы көрмеген азаматтардың тағдырын шешіп, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, мекеме жұмысын қысқартпай жұмыс орнын сақтады. Жаңа кәсіпкерлер жұмысын жолға қою бағытында күрделі жұмыстарды бірге атқардық.
Сол кезеңде ауданда бірде-бір мекеме жойылмады. Ауданның барлық шаруашылықтарында дүкендер, тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелер, күріш ақтайтын, ұн тартатын, май шығаратын цехтар, наубайханалар ашылып, құс өсіріліп инкубаторлар жұмыс істеді. Ақжар ауылында тәулігіне ұн шығаратын зауыт іске қосылды.
Барлық шаруашылықтар аудан орталығынан дүкендер ашып, өз өнімдерін сатты. Осы жұмыстарды ұйымдастырудың басы-қасында осы Сәбит тікелей жүрді. Ауданда  жақсы моралдық-психологиялық ахуал қалыптасты.
Мен осындай кадрлармен жұмыс жасағаныма мақтанамын. Олардың жұмысын кейінгі ұрпақтарға үлгі етемін.
Әкімдікте жүріп  55 жастан зейнеткерлікке шықтым. Сәбит жас болғандықтан өз жұмысын абыроймен  жалғастырды.
1995-2005 жылдары аудандық білім бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл жылдар егемен ел өмірінде  өтпелі кезең ретінде қалып, жас мемлекетіміз көптеген қиыншылықтарды бастан кешіргені сөзсіз. Осындай қалыптасу кезеңінде біліміне тәжірибесі сай Сәбит ауданның барлық елді-мекендеріндегі балабақша ғимараттарын мектептердің балансына алдырып, бұзылып, талан-таражға түсуден аман сақтап қалды. Оңтайландыру кезінде бірде-бір мектепті жаптырмады. Саз мектебін де сақтап қалды. Жылу жүйелерін, қолдан жағылатын пештер салдырды. Бұл кейін жағдай оңалғанда оңды іс болғаны көрінді. Тек аудан орталығындағы екі орыс мектебін бір мектепке айналдырды. Ол білім бөлімінің басшылығына келгеннен бастап, ауданның білім саласы облыста кеуде тұстан көріне бастады.
С.Отызбаевтың мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибесі Қармақшы ауданында кеңінен пайдаланылды десек артық айтпаймыз. Ол 10 жыл  білім саласын басқарғаннан кейін 2005 жылы аудан әкімдігінің бағыттауымен жаңа қызмет, аудандық  ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Тәжірибелі азамат бұл сыннан да сүрінбей өтті. Бабы болды ма, әлде бағы болды да сол жылы ауданның ауыл шаруашылық саласы облыста 1997 жылдан кейін бірінші рет облыс жеңімпазы болып танылды. Бөлім бастығы С.Отызбаев облыс әкімі И.Адырбековтың Құрмет граматосымен марапатталды.
Қашанда туған жер ыстық. 2006 жылы Сырдария ауданының әкімдігінде жаңадан бөлімдер ашылды. Ол ауысу тәжірибесімен туған жеріне келіп, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Сәбит бұл қызметтің де жұлдызын жандырғанын бүкіл ел біледі. Ел егемендігі тұсында  аудан тарихын тірілтіп, энциклопедия шығаруға тікелей атсалысқанының өзі азаматтық емес пе?
Қашанда халықтың көңілінен шығатын жұмыс жасауға дағдыланған Сәбит аудандық маслихатқа депутат болып сайланып, өзі оқыған №36 Ә.Тәжібаев  атындағы мектептің директорлығына тағайындалды. Басшылықты қолға алғаннан бастап  «Сырдария ұрпақтары» қоғамдық Қандай қызметтің жалын ұстамасын кішіпейілділігімен, білімдарлығымен ерекшеленетін Сәбит 2010 жылы зейнеткерлік демалысқа шықса да ұлағатты істерін аудан әкімінің кеңесшісі болып жалғастырды. Ол өзінің адал еңбегінің  арқасында талай марапатқа ие болды. «Еңбектегі үздік шыққаны үшін», медалімен 2 дүркін Елбасының алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, 2009 жылы «Үздік мектеп директоры» номинациясымен, облыстың  құрылғанының 180 жылдығы төсбелгісімен және  Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мемлекеттік мерекелік медалімен марапатталған-ды.
Міне, ер тұлғалы, сарбаз азаматтың өнегелі өмір жолы осындай. Қазіргі кезде зейнеткер.
Өткен ғасырда өмірге келіп екі ғасырды бастан өткеріп, екі қоғамда қызмет атқарып, егеменді еліміздің мызғымас іргетасының қалануына еңбек сіңірген Сырдария ауданының құрметті азаматы Сәбит Отызбаев осындай азамат. Сәбиттің қоғамға, елге деген адалдығы, өмір жолының тазалығы, қолының, жүрегінің ақтығы, үлкенге үлкендей, кішіге кішідей ибалы қатысы кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге.
Сәбиттің осыншалықты абыройлы болуы жұбайы Закираның арқасында деп білеміз. Бір жаман мен бір жақсы немесе екі жаман бір-бірімен қосыла береді. Ал екі жақсыны құдай қосады. Міне Сәбит пен Закира құдай қосқан қосақ. Сәбиттің абыройлы қызмет жасауына Закира үнемі жан-жақты жағдай жасап отырды. Үйдің, ағайын-туыстың, жора-жолдастың мәселелерін өзі шешіп, Сәбиттің алаңсыз қоғам жұмысын абыроймен атқаруына жағдай жасады. Ерінің намысын қорғады. Екеуі тату-тәтті өмір сүрді. Екеуі қос аққудай өмір сүріп балалары мен немерелерінің қызығын көруде. Сәбитті жетпіс бес жылдық мерей тойы қарсаңында барлық қырынан жақсы білетін мен жазбасам кім жазады. Мерей той құтты болсын!
             Жақай БОДЫҚБАЕВ,
   Сырдария, Қармақшы аудандарының құрметті азаматы
Қызылорда облысының құрметті ардагері
 
04 шілде 2022 ж. 595 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031