Бала шақтағы нанымдар
Әсілінде қандай әңгіме немесе оқиға болсын ауылдан басталатын әдеті емес пе? Сондай бір болған қызықты жайт еске түсіп отырғаны. Ол кезде баламыз. Дұрысы туған әпкем екеуіміз. Көшедегі үлкен арыққа су келсе болды құдайымыз береді. Тізеден су кешіп алаңсыз ойнаймыз. Ол кезде арықтың табанына жүрген су төрт-бес күн құрғамай шылшып тұрады. Кешқұрым сол арықтан құрбақаның тамағын бұлтита бақылдаған әні басталады.
Күндегі ойын барысында сол арықтан даланы кезбекке тырбаңдап шыққан бақаға көзіміз түсті. Ойынымызды тастап ізінен түстік. Әлгі тірі жан өзіне бір бәленің боларын сезді ме жүрісін үдете ыршып секіре қашты. "Анау қалбыр қауашақты әкелші" деді әпкем ұстамақ болып. Оның бір ойлағаны мағанда қызық болып барады. Дереу айтқанын екі етпедім. Құрбақа орнынан енді бір секіргенде біз де құтымызды дәлдеп түскен орнына үстінен жаба қойдық. Орнынан жылжып кетпесін деп үлкен таспен оны бастырдық кеп. "Енді не істейміз?" деп келесі жоспарды ойладық. Жақсы нәрсе істейтініміз анық емес. Бір ой келді. "Әнеугүні мама мерзімі өтіп кеткен дәрілер мен шприцті өртеймін деп жинап қойған. Мен содан бір-екеуін ұрлап алып қойдым" деді жоспарының шетін шығарып. Мен мұнысын түсіне қойдым. Осыдан кейін көп күттірмей іске көштік. Мектепке манту салуға келген дәрігер апайдан көргенімізді істеп, кішкентай шыны құтыдағы неше түрлі сұйық дәріні шприцқа толтыра тартып,дайындадық. Таспен бастырған қалбырды жәймен көтеріп бақаның аяғынан ұстап шығардық. Қапсыра ұстаған саусағымыздан аяғын тыпыршып тартып әлек. Қайтсін, бақаға да жан керек деген. Осылайша операциямызды бастап, оның жұқа терісіне дәрігерше инені ептеп кіргізіп, дәріні жібердік. Артынша қайта құтыға бастырып, ендігі жағдайын бақтық.
Бағанағы тас төбеде шақырайған күн еңкейіп аср уақытына жетті. Бақандай 4-5 сағат өтті. Жасаған экспериментімізді көрмекке қайта келдік. Не өзгерді дейсіз ғой? Әлгіміз одан бетер құбыжыққа айналып кетіпті. Әзіл. Тірі жанымызда қимыл жоқ. Қақиған күйі жан тапсырыпты. Қызық енді басталады. Ендігі жай сол кездегі ауыл балаларына таныс құбылыс. Ол уақытта құрбақа өлтірсек артынша жаңбыр жауады деп болжайтынбыз. Білмеймін, әйтеуір ауа райы да соған тура келгендей қара бұлт түнеріп, түнімен немесе ертесіне жаңбыр құйып салатын. Біз соған сенетінбіз. Жаңбыр тоқтамаса "тағы кім бақа өлтірді" деп көрші балалардан сұрастырып іздеген кездеріміз де болды ғой. Бұдан бөлек біз мектепке барар жол "Әбен бауы" деп аталатын бақтың ішімен өтетін. Ондағы ағаштар жеміс-жидек емес, кәнігі қара тал. Ал ағаштың басына қонған қарғалардың санында шек жоқ. Мектептен қайтқан топ бала міндетті түрде бақтың ішімен өтеміз. Төбемізден қаумалап қарға ұшса дереу отыра қаламыз. Қарқылдағанның бәрі ұшып өткенше орнымыздан тұрмаймыз-ау, жарықтық. Сондағысы орнымыздан тұрып қойсақ, сабақтан екі аламыз деген бала ырым. Тіпті алдымыздан мысық кесіп өтсе де, жолым болмайды деген наным мен басқа жолға түсіп немесе орнымыздан үш рет айналып сол жолды жалғастырып жүрген кездеріміз жасырын емес. Мектептен қайтқан құрбы қыздар байқамай көшедегі бағананың екі жағынан өтіп қойса, ұрысып қаламыз деп "пока, привет" деп қайтадан амандасушы еді.
Расы сол, бала кездегі біз сенген ырымдардың біршамасы осылай болатын. Алайда сол нанымның арқасында тәрбиелік мәннен алыстамадық. Достығымыз мығым, білімге деген құштарымыз бәрінен биік болды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ