Сын һәм шын
Ана жерден бір, мына жерден бір түртпектеп шығатындар ұйыған елді ашытуға бейім. Басына «тәжді» киіп ап менменсігендер мен желіде шешенсігендер, «көпті көріп» көсемсігендер көп. Әрине, жеке пайдасы үшін. Ал қазіргі журналистің миссиясы қандай?
Жаһанданған дәуір. Құбылмалы әлем. Шалыс басуға болмайды. Құбылаңды құбылтатын уақытта араны ауқымдылар әлсіздікті көтермейді. Қауқарсыз болсаң, жұтып қоюға даяр. Талайға ар мен абырой, ұят пен намыс қажет емес. Өзің үшін қара күшіңді салмасаң, ешкім де емессің. Өйткені заман сондай. Есігіңнің тұтқасы осал болды делік. Өзгенің таңсығы есікті ұрмай кіреді. Дәстүрің дәріптелмей, тілің тілім болып, ділің мен дінің дүбәра күй кешеді. Бір жынысты махаббат, теңесе алмаған теңдік, педофилизм, ажырасу секілді дерттер дендеуі мүмкін. Қысқасы, анталаған мың қатер есігіңнен оңай енуі мүмкін. Сондайда жөн сілтейтін жазарман қауым.
Қазір журналистерге артылар сын көп. Сынның басы – сын жазбау. Қоғамның ойы жаңа дәуірмен қалыптасса да әркім сынды әрқилы қабылдайды. Әрине, сын – жұмыс жүйелігін реттей алады. Дей тұра сынды көрінгенге көздейтін садақтың жебесі деп қабылдау көбейді. Біреуден кемшілік көрсе, қамшысын басып әлек. Ал ол қамшыны көтерері бар, көтермесі бар. Қазір сын айтқанды «Елдің сөзін сөйлеп жүр» деген жансақ пікір қалыптасқан. Сол ел деп жүргендер ел арасына іріткі салып, бірдеңе болса қиқаң етіп шыға келетіні жасырын емес. «Мен сүйтер ем, бүйтер ем» дегенді де естіп жүрміз. Ал қолына тізгінді ұстатып көрелікші. Мінсіз орындай алар ма екен? Қызметте болу, абыройдан ауытқымай, бірнеше адамның басын құрау – оңай емес. Талай сыншыны көріп жүрміз. Оның өзіне де сын керек. Кемдікті түзеп, «елдің сөзін сөйлеп» жүрген талайына қамшы қажет. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген бар ғой...
Журналистің көксегені жамандық емес. Кешегі Ахметтен басталған жол сол сарынын үдетпесе, төмендетпеді. Қауырсын қаламды серік еткендер ұлт болып ұйысып, ел болып жиылып, сындарлы уақыттан аман өтуді көздейді. Айтыңызшы, қай журналист «бізге бүліну керек» дегенді көксепті? Қазақтың даралығы бар. Тілге – көсем, сөзге – шешен. Қазіргі журналистер кешегі сол шешендердің, билердің, жыраулардың ізбасары. Сол жолдан таймады, таймақ та емес.
Сонымен, журналистің миссиясы қандай? Олар байламды сөзімен, орайлы ойымен жігі ажыраған қоғамның тігісін жатқызумен айналысады. Жекенің мүддесін көздемейді. Ел мүддесі, халық үдесі үшін жақсы дүниелерді оқырманға жеткізуге жанын салады. Интернет желісіндегі кейбір сайт болсын, әлдекім болсын ел арасына іріткі салған өсекшідей күн кешуде. Ештеңенің мәнісіне бармай, байламы басқа дүниені жария ете салады. Сағада отырып тас атуға әбден етіміз үйренді ғой. Тисе терекке, тимесе бұтаққа ұра саламыз. Желіде жел қуған қаңбақтай қаңқу дүниені жайып жібереміз. Желеу де сол – сөз бостандығы. Алайда ол ауызға келгенді аталау, ойға келгенді істей салу емес қой. Әрине, айту керек, жазу керек, сөйлеу керек. Бірақ өзгенің санасын бүлдірмей, қоғамды бұзбай сөйлеген абзал. Отқа күйген жәндіктей быжылдап жарияға жар салу, ақиқаттың астарына үңілмей, қолдағы бар «өсекті» тарату арқылы талайы қоғамды екіге бөліп әлек. Ал журналистер – демократияны жақтаушы.
Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» дейді. Біз де осы ұлағатты арқау етіп жүрміз. Келер ұрпаққа мирас етіп қалар дүние ұсынбақпыз. Ол байлық не қазына, мыңғырған мал мен көк қағаз емес. Ол – салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, дін мен діл һәм тіл. Осы жолда журналистер аянбай тер төгіп жүр. Ал елде тарихы тереңде жатқан төл басылымдар бар. Шыққаны бір күндік болғанымен айтары жүз жылдық, тәлімі мың жылдық қоғам дертін тамыршыдай дөп басқан қазақ басылымдары сол жолдан таймапты. Таймайды да!
Айнұр ӘЛИ