Қырағы қызметкерлер
Биыл – полицияның құрылғанына 30 жыл. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда тәртіп сақшыларының еңбегі зор. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес.
Иә, жазылып та, айтылып та жүр. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полицияның бір күндік жұмысының өзі шытырманға толы. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт. Ал қаңтардың басында орын алған оқиғада полиция қызметкерлері өз басын қатерге тікті. Халықтың қорғаны болды. Күн-түн демей аязды күннің ызғарына қарамастан қалтқысыз қызмет етті. Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері ел есінде қалды.Полиция полковнигі Бақытжан Зейнуллаұлы басқарған аудандық полиция бөлімінде 87 қызметкер қызмет етуде. Әрқайсысының өзіне артылған жүгі бар. Сала мамандары жиырма төрт сағат бойы қаққан қазықтай қақшиып тұрмайды. Көше кезіп елдің тыныштығын күзетеді. Тәртіпке бағынбаған талайды тәубасына түсіреді. Бөлімнің ішінде де түрлі қызметпен уақыт санаспай жүргені қаншама?! Айта берсең күйбеңі көп тіршіліктің тізіп алары аз емес. Ал біз олардың жиырма төрт сағаттағы жауапкершілігін жете түсініп жүрміз бе?
Қылмыспен күресуден бөлек, атқарылып жатқан жұмыстары жетерлік. Түрлі іс-шара ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік көрсетіп жүр. Мәселен, «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» акциясы аясында аудандық жастар ресурстық орталығы және аудандық полиция бөлімімен бірлесіп бала еңбегін қанамау, артық жұмысқа мәжбүрлемеу бойынша түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы жеке кәсіпкерлермен тұрғындарға арнайы тақырыптық жадынамалар таратылуда. «Жолда қабылдау» атты республикалық акцияға белсене араласып, ұйымдастырып, жүзеге асыруда. Пәтер, мал ұрлығымен күресу шаралары тағы бар.
Жақында аймақтың тәртіп сақшыларына 92 су жаңа қызметтік көлік табысталған болатын. Мұндай тарту полицияның құрылғанына – 30 жыл толуына орай жасалды. Бүгінде ішкі істер органдарындағы көліктердің дені ескірген. Қаңтар оқиғасындағы дүрбелеңде 34 қызметтік машина жарамсыз болып қалған. Енді міне, полицейлердің автопаркі 92 су жаңа автокөлікпен толықты. Оның 60 данасы облыстық бюджеттен, қалғаны ұлттық қор есебінен алынған. Басым бөлігі елді мекендер мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде қызмет ететін инспекторларға берілді.
Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Орталық алаңда өткен іс-шарада облыс әкімі тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін тілге тиек етіп, саланың дамуына қажетті ұсыныстарға ерекше мән берілетінін жеткізген еді.
– Полицейлердің кәсіби біліктілігімен бірге қызметіне адалдығының, жауапкершілігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түседі. Қазіргі кезде полиция органдары қылмыспен күресуде алдыңғы сапта тұрып, мезгілдің ыстық-суығына қарамай, күн-түн демей қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын сақтауда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп келеді. Тапсырылатын автокөліктер алдағы уақытта полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрғындардың тыныш та уайымсыз өмір сүруін қамтамасыз етіп, қылмыспен күресті қарқынды жалғастыруға септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әрі арттыра түседі деп сенемін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. Мамандар GPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады. Су жаңа «Джак» автокөлігі біздің ауданға да бұйырды. Біреуі – Жосалы кентінің учаскелік полицейі Жасұлан Исмайловқа берілсе, екіншісі – Тұрмағамбет ауылының учаскелік инспекторы Қайыржан Жұбандықовқа беріліпті. Сонымен қатар сақшылардың формасы да жаңарған.
– Бұрын өзімде ескі қызметтік автокөлік болған. Қазіргі таңда су жаңа қызметтік автокөліктер берілді. Алдағы уақытта халықтың сенімін ақтап, жақсы қызмет атқаруға сенім білдіреміз, – дейді тәртіп сақшылары.
Айта кеткен жөн, Қызылорда облысы қылмыс ең аз жасалатын аймақ ретінде тіркеліпті. Қош. Полиция қызметкерлерінің еңбегі көп. Оны біз бір сәт сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көргенде ғана түсінер едік.
Айнұр ӘЛИ