» » Полиция – халық қорғаны

Полиция – халық қорғаны



Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақ­тауда сала мамандарының еңбегі зор. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полицияның бір күндік жұмысының өзі шытырманға толы. Иә, тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт. Ал қаңтардың басында орын алған оқиғада полиция қызметкерлері өз басын қатерге тікті. Халықтың қорғаны болды. Күн-түн демей аязды күннің ызғарына қарамастан қалтқысыз қызмет етті. Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері ел есінде қалды.
Аудандық полиция бөлімінің қызмет­керлері бұл уақытта асқан қырағылық таныта білді. Елімізде орын алған соңғы оқиғаларға байланысты 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай режимі жарияланды. Төтенше жағдай кезінде негізгі шаралар мен шектеулер бекітілді. Сағат 23.00-ден 7.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Осыған сәйкес, аудандық полиция бөлімі халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті жедел шараларды қабылдады. Қызметке білек сыбана кіріскен полиция қызметкерлері тосқауылды дайындап, 7 қаңтардан бастап аудан аумағында 4 блок-бекет қойды. Жосалы кентіндегі 2 блок-бекетте 3 ауысым бойынша 4 адамнан 12 қызметкер, Төретам кентіндегі 2 блок-бекетте 4 ауысым бойынша 12 қызметкер, жалпы 26 тәртіп сақшысы блок бекеттерді үзіліссіз бақылады. Онда автокөліктердің жүксалғышы тексерілді. Күдікті, заңға қайшы келетін заттар қаралды. Жүргізуші де құжаттарын көрсетіп, заңбұзушылығы жоқтығы анықталғанда ғана блок-бекеттен өте алды. Ал тосқауыл бекетінде аяқтарынан тік тұрып қызмет еткен сақшылар ескерусіз қалмады. Аудан еріктілері, аудандық жас­тар ресурстық орталығы, жастар алғысын білдіріп, ыстық тамақ, ыстық шай, нан апарды. Жалпы, блок бекетте аудан әкімдігі тарапынан жағдай қарастырылып, азық-түлік, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырды.
– Сол уақытта аудандық мәслихат депутаттары жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірлік аясында топтасқанның дұрыс әрі бұл қадам қиындықты жеңудің төте жолы екенін жеткізді. Сақшыларға түскі астарын депутат Болат Жұмабаев, Айдынбек Скендіров жеткізсе, кешкі астарына "Nur Otan" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Дастан Буханов қолдау білдірді. Ал  аудандық аурухананың бас дәрігері, мәслихат депутаты  Бақытжан Нысанбаев ауданның еріктілеріне ақшалай қолдау білдірді. Барлығына алғысымызды айтамыз. Халықты қорғау – біздің парыз. Осы жолда біз бар күш-жігерімізді жұмсап, аянбай, үздіксіз қызмет ете береміз. Айта кеткен жөн, тұрғындарды әлеуметтік желідегі арандатушы арнаға кіріп, түрлі қауесетке ермеуін, сенбеуін сұраймыз. Тек ресми көздерден алынған ақпаратқа сеніңіздер, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Қанат Ерманов.
"Жау жағадан алғанда бөрі етектен аладының" кері осы оқиғамен қатар келіп, мал ұрлығы орын алды. Қызметкерлер мұндай сәтте тосылып қалмады. Қармақшы АПб-нің 102-арнасына Иіркөл ауылы тұрғыны хабарласып,  тұрғылықты үйінің сыртында шамамен 500-600 метрдей жерде жайылып жүрген екі бас қойын белгісіз біреулердің жасырын жымқырғаны жөнінде арызданған.  Аталған хабарлама бойынша бөлімнің учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдердің шұғыл іс-әрекеттері нәтижесінде жоғалған екі бас қой малы табылып, мал иесіне қол хат арқылы қайтарылды. Аталған дерек бо­йынша мал иесі полиция қызметкерлеріне өз алғысын білдірген.  "Иелігіміздегі өрісте жайылып жүрген және қорамызда тұрған үй жануарларына ие болайық" деп ескертеді аудандық полиция бөлімі.
Сақшылар дүрбелең уақытында халық арасында тәртіпті ретке келтіріп, банк ғимаратын күзетуде еңбек етті. Инкасаторлық машинаны бүлікшілерден қорғап, мемлекет қаржысының көзделген жеріне жетуіне ықпал жасады. Бірігіп атқарған қажырлы еңбек өз нәтижесін берді. Тәртіп сақшыларының арқасында банк жұмысы тоқтамай, ғимаратқа ешқандай шығын келмеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде "Халық" банкпен әріптестік байланыс орнатып, көмек қолын созған аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Бахытбек Зейнуллаұлы мен полиция  қызметкерлеріне "Қазақстан Халық Банк" АҚ Байқоңыр өңірлік филиалының директоры А.Корабаев алғысын білдірді.
Жасыратыны жоқ, кейбіреуіміз «ша­қырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жаудырамыз. Тіпті «істесе жұмысы емес пе» деп жекитініміз бар. Ал бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қош. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
01 ақпан 2022 ж. 325 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 291

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 386

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930