» » Қарбаласқа толы қызмет

Қарбаласқа толы қызмет

Аудандық полиция бөліміне келгеніміз сол еді, қызмет көлігін оталдыра бастаған қызметкерді көрдік. Серігі де қолына рация ұстап, жол бойын қадағалайтын радарын іске қосып жатыр. Таңның атқаны енді болса да, сірә, бұлар үшін жұмыс әлдеқашан басталып кеткен. Байқасақ, олар жиырма төрт сағат бойы қаққан қазықтай қақшиып тұрмайды. Көше кезіп елдің тыныштығын күзетеді. Тәртіпке бағынбаған талайды тәубасына түсіреді. Бөлімнің ішінде де түрлі қызметпен уақыт санаспай жүргені қаншама?! Айта берсең күйбеңі көп тіршіліктің тізіп алары көп. Ал біз олардың жиырма төрт сағаттағы жауапкершілігін жете түсініп жүрміз бе?
Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда сала мамандарының еңбегі зор. Десек те, полиция қызметкерлерінің қызметі халық арасында дұрыс бағаланбай, түрлі қауесеттер өріп жүретіні, вайндар түсіріліп, шенділерді «мазаққа» айналдырған түрлі видеоларды да көзіміз көріп-ақ жүр. Иә, тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полиция бөлімі жайында болмақ жазарымыз.
Өз өмірін қатерге тігетін поли­цейлердің жұмысы қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін өз көзіңмен көргенде ғана сезінесің. Түрлі оқыс оқиғалардың басы-қасында жүретін бұл маман иелерінің бір күндік жұмысы кімді де болсын қызықтырары сөзсіз. Осыған орай, газет тілшілері жыл сайын аудандық полиция бөлімінде болып, сала мамандарының бір күндік қызметімен танысып тұрады. Бүгін сол мамандықты тізгіндеп жүрген қызметкерлердің мерекесіне орай бөлімге табан тіредік. Ішке енудің өзі ережеге сай. Толық тексерістен өткен соң аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Қанат Ермановпен кездестік. Жадырай қарсы алған ол жалпы бөлім жайында әңгіме тарқатты.
Қазір полиция бөлімін полковник Бахытбек Жарқынбаев басқарып отыр. Штаттық кесте бойынша 87 қызметкер қалтқысыз қызмет етіп жүр. Былтыр, биыл да атқарылған жұмыстар легі аз емес. Онымен қоса түрлі акциялар ұйымдастырылып, халыққа түсіндірме жұмысы күнделікті жүргізіліп отырады. Мәселен, жақында аудандық жас­тар ресурстық орталығымен бірге ұйымдастырылған "Түнгі қаладағы бала" атты түнгі рейдтік акциясы өтті. Одан соң жаз маусымы бас­талып, оқушылар мен студенттер демалысқа шыққан уақыттарында жасөспірімдердің тәртібін қадағалай­тын жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жұмысы екі есе көбейді. Сақтық шарасын сақтау үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жүр. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтың алдын алу маңызды мәселе.
Бұл ретте аудан көлемінде «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-ша­расы өтті. «Өйткені зорлық-зом­былықтың өзі жәбірленушінің құқығын бұзып қана қоймайды, өсіп келе жатқан жастарға жағымсыз үлгі болып табылатыны бәрімізге мәлім» дейді мамандар. Сонымен қатар, аудан аумағына қарасты әкімшілік аймақта маскүнем, нашақор, қорғау нұсқамасы, ерекше талаптар, бұрын сотты болған, шартты түрде мерзімінен босатылған адамдарды тексерумен қатар, отбасы тыныштығын алатындар мен қолайсыз отбасыларды аралау, түсіндірме жұмыстары әлі де жалғасын табуда.    «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты Ұлттық ақпараттық науқаны да өтті. Аталмыш шарада полиция бөлімі, білім беру ұйымдарымен бірлесіп, жасы кәмелетке толмағандардың құқықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген еді. Тізе берсең көп-ақ, ал полиция бөлімінің бастығы кестеге сәйкес жеке қабылдау өткізіп отырады. Онда  кент тұрғындары тарапынан жасөспірімдердің қауіпсіздігі жайында сұрақтар қойылып, бірқатар мәселелер көтеріледі. Әсілінде оларға заң аясында тиісті түсіндірме жұмысы жүргізіліп, нақты жауаптары беріліп отырады.
Бөлім жайында білген соң төменгі қабатта орналасқан бөлім музейіне аяңдадық. Шағын болғанымен әрбір заты тарихтан сыр шертіп тұрғандай. Өткен уақытқа бір сүңгігендей күй кештік.
Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін жас мемлекеттің алдында ішкі және сыртқы жаулармен күресу үшін ішкі істер органдарының ашылуы басталады. Сол кезде милиция органдары ауданда да ашылды. Тұрақты мекен-жай болмай тек 1927 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты бұрынғы Су, қазіргі Т.Рысқұлов көшесі бойындағы жер тамда құрылады. Сол кездегі  Жәкен деген байдың жеке үйі екен. Он бөлмелі, әр бөлме өз қызметіне сай орналасқан. Аудандық милицияда ол кезде машина, электр жарығы болған жоқ. Машинаның орнына ат, қыста ат шана, түйе арбамен қызметін атқарды. Ал электр жарығының орнына керосин шамы пайдаланды. Телефон тек кезекші милицияда және милиция бастығында болды. КПЗ-ға кезекші отыратын жерге отты кезекші милиционер жағады. Көмірдің жетіспеушілігіне байланысты оның орнына түйе арбамен әкелген жыңғыл жағылған. 1959-1960 жылдары аудандық милиция бөлім бастығына арнайы автокөлік берілу басталады. Одан соң уақыт ағымы өзгеріп, техника келіп, заманауи үлгіде қалыптаса бастады.
Ұлы Отан соғысы кезінде кеудесін от пен оққа тосқан миллиондаған ержүрек ерлеріміздің ішінде аудандық ішкі істер бөлімінің жауынгерлері Сәдібек Айе­кенов, Иманзада Дәрменов, Нұржау Кенжебаев, Садық Пірназаров, Жолан Ермағанбетов, Әлихан Өтегенов секілді батыр аталарымыз болған. Ал музей сол майдангер ағаларымыздың ерлік ісін әрдайым дәріптеп тұр.
Өз кезегінде сол кездегі милиция бөлімін Бекентай Құрғанбаев, Әмет Бұлдұрықов, Тұрмахан Сәрсекеев, Хусаин Камалов, Мұса Төреханов, Нұрғали Сыздықов, Әубакір Тоқсейітов, Тыныштықбай Шабанов, Маханбет Бержанов, Қалтай Бармақов, Ғазымбек Алпысбаев, Еркін Аяпов, Тастайбек Мұсабаев, Бақыт Мұятов, Қалабай Қожановтар басқарған. Бертін келе де полиция бөлімінің тізгінін ұстап, жүктелген міндетті абыроймен атқарған басшылар легі де көп.
Музейде ескі қызметтік планшет, жүргізушілік куәлікті тексеретін, автокөлік тоқтататын құрал, бинокль секілді жәдігерлер сақталған. Одан соң 1995 жылы тәркіленген шолақ мылтық, кастет секілді суық қарулар да қабырғада ілініп тұр. Бір бұрышты полиция қызметкерлерінің жеткен жетістіктеріне арнапты. Түрлі іс-шарада бақ сынаған олар барған жерден бос қайтпапты. Оны алған марапат пен алғыс хаттарынан байқадық. Еңбектері де еленіп, абыройы асқақтаған мамандардың қызметте жеткен жетістіктері көп-ақ.
Айта кеткен жөн, жақында Полиция бөлімінің мәжіліс залында санитарлық талаптарды сақтай отырып, бөлімнің жеке құрамымен полиция майоры Ғалымжан Шакизадаұлын зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі өтті. Зейнеткер  ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылдан бастап, әртүрлі салада абыроймен қызмет атқарған. Іс-шара барысында бөлім бастығы полиция полковнигі Бахытбек Зейнуллаұлы сөз сөйлеп, ішкі істер органдарындағы қызметіне алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстады. Зейнеткер Ғ.Таңбаев бөлім басшылығымен жеке құрамға алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі. Ал кеш соңында бөлім қызметкерлеріне кезекті арнаулы атақтар берілді.
Айнұр ӘЛИ
22 маусым 2021 ж. 1 164 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 291

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 386

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930