» » Тыныштықты күзеткен бір күн

Тыныштықты күзеткен бір күн


Бүгінгі таң кешегідей емес. Аязы сынған. Үстімізге қомша-қомша қалың киім киіп, қолымызға құрал-сайманымызды сайлап аудандық полиция бөліміне жол тарттық. Мұнда бізді полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бағдат Ақтаев жайдары қарсы алды.
8.30. Ішке кіріп, қызметкерлермен кездестік. Оларға мән-жайды түсіндірген Бағдат Ақтаев екі көлікті әзірлеп, көше тыныштығын бізбен бірге күзетуге тапсырма берді. Сөзді нақты әрі қысқа қайырған олардың бұдан өзге бос уақыты жоқ екенін ұқтық. Ал алда адреналин күтіп тұр еді.
8.40. Патрульдік полициялар бүгінгі қызметке сақадай сай. Әсілінде қызметкерлердің жүзінен бір жымиыс байқалмайды. Кәмпит сұраған кішкентай баладай елегізіп қоямыз. Қабақтары қатулы, үстіндегі қызметтік формасынан ба, әйтеуір түсі суық. Артық сауал қоюға тағы сескендіреді. Мысы басып тұрғандай. Іштегі азды-кемді қобалжуды одан әрі «дір» еткізген Қуандық Ермахановтың дауысы естілді. «Дайынсыңдар ма?» деген ол одан өзге сөз айтпады. Тек басын изеп артқы көліктің біріне отыруды меңзеді. Әрине, қобалжу бар. Алайда «отқа да, суға да» түсетін журналист қашан да дайын емес пе? Рет-ретімізбен мәшинеге жайғастық. Біз отырған полиция көлігін Абай Саудаев тізгіндеді. Сұрағымызды төтесінен қойғанымызбен қатқыл мінезді ол тек бір сөзбен ғана қайырып отыр. Апыр-ау, қызметкердің формасы, қызметі тіпті мінезі де суық екен дестік арасында.
9.00. Олар осы уақыттан бас¬тап жол бойы қоғамдық тәртіпті қадағалауға кірісті. Патрульдік полицияның мойнындағы жауапкершілік – тек мәшиненің терезесінен сыртқа көз тастау емес, көше бойын үздіксіз аралап, тәртіп орнату. Қысқасы, тіпті бұлардың бел жазып жатуға да уақыты жоқ. Жиырма төрт сағатты елгезектілікпен өткізеді. Ал біздің терезеге телмірген төрт көзіміз быжырлаған құралға түсті. Онда әлденелер былдырлап айтып жатыр, естіліп жатыр.
– Ағай, осы құралсыз сіздерді елестету мүмкін емес, – дедік сөз арасында.
– Әрине, бұл қолымдағы құралды «рация» деп атайды. Алыстан полиция қызметкерлерін сымсыз байланыстырады, – деді Абай Аманұлы қысқа қайырып.
Осы сәтте тағы да рациядан үзік-үзік дауыс естілді.

9.15. Кент көшелерінің бірінде жүйткіп келеміз. Тапсырма нық. Жол ережесін бұзбауды қадағалау. Бұған ептілік пен қырағылық керек. Онысын «оюлаған» полиция машинасының дабылынан аңғардық. Не болғанын сұрағанда көше бойында қарама-қарсы келген Лада автокөлігінің фары жағылмағанын айтты. Дабылды ести салысымен әлгі көлік жол жиегіне тоқтады. Ал Ардақ Бермішев оған не үшін тоқтатқанын айтып әлек. Ал ол тыңдағысы да келмейді. Бірақ заң бәріне ортақ. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 602-бабының талаптарына сәйкес ескерту берілді. Егер келесіде бұл ісі тағы қайталанса, айыппұл төлеуге тура келеді.
9.50. Әрі-бері кезген жұмысбасты адамдар. Жүйіткіген көліктер. Бақыламасаң мән де бермейді екенсің. Барлығы да анық көрініп тұр. Мәселен үш мәшине келе жатса соның біреуі¬нің күндіз жарығын жағуға құлқы жоқ. Әні солай келеді біреуі. Біреуі емес, екі автокөлік бірінен соң бірі тоқтатылды. УАЗ бен Нива мәшинесін тексеру барысында құжаттарының жоқтығы белгілі болды. Солай ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы, 2,3 бөлігі бойынша хаттама рәсімделіп, көліктер айыппұл тұрағына жөнелтілді.
11.00. Көше бойын айналған сайын ереже бұзушылар да кезігіп жатыр. Соның бірі – Сүлейменов көшесінде орын алды. Яки көлік жүргізушісінің полицияны тыңдауға да, мәшинеден түсуге де құлқы жоқ. Өзінікі дұрыс болмаса да сөз таластырып, дес бермей тұр. Қарап отырсаңыз адамның түрлі-түрлі «сорты» болады екен. Бірі – басын төмен салбыратып айтқанға құлақ асса, бірі – әне қашқысы келіп, ойланып қояды. Енді бірі – мүлдем тәкаппар. Бірақ мұның қай-қайсысы болмасын шарасыз қалмайды. Себебі қоғамның тәртіп сақшылары тентекті тезге салуды бірінші орынға қойған. Айтып-айтпай не керек, солай Приора автокөлігін тізгіндеушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама рәсімделді.
12.00. Таң атқалы жол үстінде жүйткіп келеміз. Терезеден жан-жағымызға қарап, елегізіп тағы отырмыз. Әсілінде мәшиненің «сигналы» қашан «айқайлап» қалар деп елеңдейміз. Бізге жазар керек. Әйтпесе тәртіп бұзғандардан құдай сақтасын. Бұл ойымыз да құр болмапты. Кезіккен-кезіккенінше жол ережесін бұзушылар тоқтатылып жатыр, құжаттары тексеріліп, бірі – ескертумен құтылса, ендігісі – айыппұл тұрағына аттануда.
13.00. «Форсаж» фильмінің шынайы нұсқасына тап болған біз қолымызбен мықтап ұстап алғанбыз. Соның арасында қасымызда отырған Абай Саудаевты аз-кем әңгімеге тарттық.
– Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма? – дедік жан-жақтан жамырай. Жоқ, бағанағыдай емес, қатқыл мінезді патрульдік полиция тобының инспекторы бұл жолы жадырай түсті.
– Жұмыстың оңайы жоқ. Өзім жақсы көріп, өзім қалаған мамандық. Анам оқу бітіремін дегенше мұғалім бол дейтін. Бірақ оған құлақ аспай осы мамандықты таңдадым. Солай 2016 жылдан бастап осында қызмет етіп келемін. Қазір антыма адал болып, көше тыныштығын күзетуде аянып қалмаймын, – деді Абай ерекше мақтаныш сезіміне бөленіп.
– Алдымыздағы көлікте отырған кімдер? – дедік тағы да сұрақты төпелей.
– Ардақ Бермішев, Қуандық Ермаханова деген біздің жігіттер. Оның қасында отырған Сабыржан Кәрібаев. Бұл қызметке тұрғалы көп болған жоқ. Бірақ бар күшін салып, қызмет етіп келеді, – деді ол.
Осылай біз айтқан әңгіме одан әрі бірінен соң бірі жалғасып, жайлы көңіл-күйге ендік. Біз әлгінде ойлаған түрі суық, мінезі қатал қызметкер ойлағанымыздай болмай шықты. Жайдары мінезімен ерекшеленген жанмен бұрыннан таныс адамдарша әңгіменің тінін тарқаттық.
Сағат тілі 15.00. 17.00, 18.00, 19.00-ді көрсетіп жатыр. Зуылдап өтіп жатыр, зымырап жатыр. Әлі көше бойында жүйткіп жүрміз. Бұл аралықта тізбектелген тізім де тоқтар емес. Ендігі біздің тәртіп сақшыларымен өткен бір күндік жұмысымыз тәмам.
Біз білетін бұл полицейлер қатал көрінеді. Ал көлігін көргенде зәре құты қашатындар да жоқ емес. Бірақ адам болған соң, оның да жүрегі болады ғой. Бәлки, бұл қызметкерлерді тани алмай жүрген шығармыз? Қоғамдық пікір де екі бөлек. Бірі – жақтайды, бірі – даттайды. Шынтуайтына келгенде бәрі басқаша. Себебі біз көзбен көрдік. Нандық. Бүгін біз тек жол ережесін бұзушыларды бақылап, рейд жүргізгенімізбен патрульдік полиция бөлімі қызметкерлерінің бұдан өзге де жұмысы қауырт. Азанда 8.30-да шыққаннан келесі күні азанғы 8.30-да демін әрең басады. Әр секунд, минут пен уақыт бағалы. Кез келген уақытта байланыста отырып, түн демей шақыртуға шыға береді. Көше кезіп елдің тыныштығын күзетеді. Тәртіпке бағынбаған талайды тәубасына түсіреді. Айта берсеңіз күйбеңі көп тіршіліктің тізіп алары көп.
Олар қайта қызмет көлігін оталдыра бастады. Серігі де қолына рация ұстап, жол бойын қадағалайтын радарын іске қосты. Бізбен қоштасар сәтте әлгіндегі құрылғы қайтадан быжырлай түсті:
– «Қармақшы 15», «Қармақшы 15»...
Айнұр ӘЛИ

08 желтоқсан 2020 ж. 557 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 078

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031