Қырағылық қырандары
ҚОҒАМДА АДАМ ТАҒДЫРЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕТІН ҮШ МАМАНДЫҚ БОЛСА, СОНЫҢ БІРІ - ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ. ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ЖОЛЫНДА ҚЫРАНДАЙ ҚЫРАҒЫЛЫҚ КӨРСЕТІП, КҮН-ТҮНМЕН САНАСПАҒАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ҚАШАН ДА ЗОР. ТОСЫННАН КЕЛГЕН ДАБЫЛҒА ТОСЫРҚАМАЙ КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА САП ТҮЗЕП, ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ МЕН АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ОЛАР ҮШІН БҰЛЖЫМАС ЗАҢ. ҚОҒАМДА ҚЫЛМЫС АТАУЛЫНЫҢ ЖОЛЫН КЕСІП, ҚАТАҢ ҚАҒИДАНЫ ҚАРУ ЕТКЕН, ЖАН ТЫНЫШТЫҒЫ ДЕГЕНДІ БІЛМЕЙ ҚАЖЫРЛЫ ҚЫЗМЕТ ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ БАРШАСЫНА СОНДЫҚТАН ДА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУҒА ТИІСПІЗ. БҮГІНДЕ АНТЫНА АДАЛ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЖЫЛ САЙЫН 23 МАУСЫМ ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІ ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ АТАП ӨТІЛЕДІ. СЕБЕБІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕЛДІҢ ҚАЛҚАНЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ҚОРҒАНЫ ДЕСЕК ЕШ ҚАТЕЛЕСПЕЙМІЗ. БИЫЛ ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 28 ЖЫЛ. МЕРЕКЕНІ АРҚАУ ЕТІП АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ ҰЖЫМЫ ЖАЙЫНДА ТІЛГЕ ТИЕК ЕТУДІ ЖӨН КӨРДІК.

Өйткені оларға ең бірінші – Отан алдындығы борышы мен иығына таққан жұлдызды шеніне адал қызмет ету жүктелген. Онымен қоса қоғамдағы қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықты болдырмау, ел арасындағы тәртіпті ұстау міндеттелген. Олай дейтініміз – тәртіп сақшылармен бірге кент ішінде күндізгі және түнгі рейдте қатар жүріп көзімізбен көріп, жүрегімізбен де сезіндік. Тәртіпке бағынбай тәртіп сақшыларымен тәжікелесіп, жаға ұстасқанға да талай куә болдық. Кешегі елде болған төтенше жағдай кезінде де алдыңғы сапта жүріп, блок-бекеттерде табанынан тік тұрып қызмет көрсеткен де осылар. Артық мақтағанымыз емес. Десе де тәртіп сақшылары қандай да құрметке лайық.
– Бүгінгі таңда аудандық полиция бөлімінен 50 ардагер зейнетке шыққан. Оларды айтулы мерекеде және Қарттар күнінде жиі шақырып бас қосу үрдіске айналған. «Үлкендерден ақыл сұрап, олардан тәлім алу бүгінгі жас буын өкіліне қажет-ақ» дейді бөлім басшысы Дархан Темірбекұлы. Полиция мамандығы – шытырманға толы, жауапты қызмет. Қылмыс пен бетпе-бет келгенде төзімділікті талап етеді, заң бұзғанға темірдей тәртіпті үйретеді. Тәртіп бар жерде ғана тұрақтылық болатыны айтпаса да түсінікті.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
