Білікті гидротехник
ІІІ Интернационал ауылындамыз. Бұл жолы ауылдан тысқары кетіп, 25 шақырым алыс жатқан егіс басына жол тарттық. Көліктің екпініне бұрқыраған майтопырақ шаңның арасынан әлсіз көрінген егіс даланы бақылап келеміз. Кей атыздар суға мейлінше батып күнге шағылысса, ерте дән себілген жерлер тегіс көгеріп, самал желге әлден тербелуде. Мұнда диқаншылардан бөлек сушы мамандардың да жұмысы көрініп-ақ тұр. Анадайдан түтіні түзу шыққан еңсесі биік үй тамның қасына жақындай түстік. Бұл «Достық Жер МК» ЖШС-ның №3 егіс бригадасы.
Ал мұндағы егіс алқабының су жайын бақылап отырған гидротехник – Халид Османов. Ол түрік ұлтының өкілі. Осында сушы қызметін 42 жыл бойы үздіксіз атқарып келе жатқан білікті маман. Биыл су тапшылығы болады деген жаңалық шаруашылықтарды алаңдатпай қоймағаны сөзсіз. Алайда бұл тығырықтан шығуға да дайынбыз дейді ол.
– Былтырғы су тапшылығы биыл да болады деген болжам бар. Бірақ біз бұл қиындықты да еңсергенбіз. Егер су тартылған жағдайда қосалқы насосдарымыз дайын. Қазір су деңгейі бір қалыпты, күрішті суға бастырып қойдық. Күндегісін тексеріп, бақылап отырмыз. Күріштің шығымы да жақсы. Бұйырса жақсы өнімге қол жеткіземіз деген ой бар, – дейді су маманы.
Халид ағамыздың әкесі осы ауылға еңбегі сіңген гидротехник болса, өзі де сол саладан әрі аспаған. Балаларым да әке ізін жалғастырады деген үміттемін дейді ол сөз арасында.
Алпыстан асқан кейіпкеріміз биыл зейнет жасына шықпақшы. Алайда шаруашылықта екі қолға бір күрек табылып жатса, жұмыс істейтінін де жасырмады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ