» » Тарих қойнауындағы тақсыретті жылдар

Тарих қойнауындағы тақсыретті жылдар


Ел егемендігін алғаннан соң 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялаған еді.
Бұл жазықсыз жапа шегіп, қазақ халқын егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстың бастауы болатын. Ресми деректерде 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Репрессия 1928 жылы басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалып, оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Соның салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялыларымыз ату жазасына кесілді. Ресейге көгендеулі болған замандарда отаршыл саясат ерлік пен елдікті тамырынан қиюға бар күш-жігерін салды. Түрлі айла-тəсілдерді алға тартып, адамдықтан аттап, қитұрқы саясатын жүргізді. Ең сұмдығы – халықты қолдан аштан қырып, жас талғамай, əйел-бала, қарт демей қуғын-сүргінге ұшыратып, қоғамның табиғи дамуына тосқауыл жасады. Саяси қуғын-сүргін зобалаңында қазақ рухы жігерінен айрылып, жасығанымен, өз тамырынан ажыраған жоқ. Оның себебі – ата-бабаның ұрпағына қалдырып кеткен рухани азығының молдығынан деп түсінуге болады. Отбасында балаға ең бірінші кезекте адам болуды, адамгершілікті үйреткен ата-әжелеріміздің тəрбиесі талай адамды қиын-қыстау кезеңнен аман алып шықты. Талай жан қызылдар қырғынынан аман қалған ұрпағына ерлік пен елдіктің үлгісін көрсетіп, өмірден өтті.
Тарихтың ақтаңдақ беттерінде халқымыздың басынан өткен қанды қасіретке үңілсек, ХХ ғасырдың 30-жылдардағы зобалаңға теңесері жоқ. Мәліметтер бойынша, 1930 жылдарда 1,5 миллионнан 2,5 миллион адамға дейін шығын болды. Азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай ұжымдастыру, 1932–1933 жылдардағы аштық, 1937–1938 жылдардағы репрессия салдарынан миллиондаған адамынан айырылды. Мысалы, осы аштық, қуғын-сүргін салдарынан қазақтар – 22 процентке, украиндықтар – 21 процентке кеміген. Бұл екі халық Кеңес өкіметінде ең көп шығынға ұшыраған ел болып есептеледі.
 «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранын ұстанған шолақ белсенділер тіршілігі төрт түлікке байланған жұрттың аштан қырылуына себепкер болды. Репрессия жылдарында елде 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ халқы жер аударылды. Сонымен бірге қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түрік, грек, қалмақтармен өзге де ұлт өкілдері көшірілген еді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылған болатын. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өзі ғана емес, олардың жақындары да осыбір кезеңнің ауыртпашылығын сезді. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері болды. Карлаг жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде құрылды. Жалпы, Қазақстанда сол кезде кеңестік тоталитарлық жүйе адам тағдырын аяусыз қинаған лагерьлер өте көп болды. Алайда Карлаг өзінің ауқымы мен маңыздылығы жағынан ең ірісі еді. Степлаг лагері де Қазақстандағы атышулы лагерьдің бірі болған. Степлаг немесе Дала лагері – ГУЛАГ жүйесіндегі саяси тұтқындарға арналған лагерь. Оның басқару орталығы бүгінгі Жезқазғанның Кеңгір ауылында орналасқан еді. АЛЖИР – ең ірі лагерь, онда Отанына опасыздық жасағандардың отбасы мүшелері қамалған. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласынан оңтүстік-батысқа қарай Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. «АЛЖИР» лагері 30 гектар жерді алып жатты. Тарихшылардың айтуынша, оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшесі болған. Осыбір кезеңде Қазақстанда орналасқан барлық лагерьде өлім көрсеткіші өте жоғары болды. Сондай-ақ 1940 жылдан бастап 1950 жылға дейін Карлагта 10 000 тұтқын көз жұмды. Ал 1943 жылы өлім көрсеткіші тіпті жоғары болды, бұл жылы әр ай сайын өте ауыр жағдайда жүздеген адам жан тапсырып жатты. Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі. Өйткені, әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ.
Кеңестік тоталитарлық жымысқы саясаттың салдарынан 1937-1944 жылдары қазақ жеріне кәрістер, Кавказдан шешендер, ингуштар, балқарлар, қарашайлар, Қара теңіздің солтүстік жағалауынан қырым татарлары, поляктар, болгарлар, күрдтер, Еділ бо­йынан немістер ата-бабасының жерінен жер аударылып қазақ жеріне көшіріліп, қоныстандырылды. Архив материалдарына сүйенетін болсақ «Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 9 қазан 1937 жылғы Қаулысына сәйкес біздің Қармақшы ауданына 2155 кәріс ұлты өкілдері қоныс аударылған. 1938 жылы көшіп келген өзге ұлттарды ауданымыздағы Жосалы механикалық зауытына, құрылыстарға жұмысқа орналастырған. 1941 жылы 16 тамызда Ленинград облысынан 100 адам, 23 қарашада Ростовтан 300 украин, орыс, еврей, немістер көшіріліп әкелінген» делінген.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады.
1997 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың есімі жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау шаралары әлі де жалғасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еске алу күніне орай жасаған үндеуінде «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды» деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.
Ал сол бір қасіретті жылдарды есте сақтау бүгінгі және келер ұрпақтың парызы. Қазіргі заманның ұрпақтары бұл күнді қаралы дата деп айта салғанымен, астарында терең мағына һәм ауыр қасірет жатыр. Бірақ осы бір күннің өзі қазақ халқының басынан өткен зобалаң шақты, нәубетті еске түсіреді.
Айнұр ӘЛИ
31 мамыр 2022 ж. 758 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031