» » Таланттар тоғысқан орта

Таланттар тоғысқан орта


Театр сонау көне Грекияда пайда болып, əртістердің ойыны, музыкалық нөмірлер, поэзия, проза, дизайн секілді бірнеше өнерді қамтыған. Ол осындай жан-жақтылығымен де құдіретті. Яғни бірнеше адамзаттық өнерді бір жерде топтастыру, ұйыстыру осындай үлкен өнердің тууына себепші.
Мәселен, қойылымдағы əрбір деталь өте маңызды рөл атқарады. Әртістің қимылы, табиғаты, болмысы, сөзіне оның киімі, қолданатын заттары үйлесімді болуы керек. Ал жалпы театрдың мазмұнына, мəніне оған сəйкес композиция, музыка дұрыс таңдалуы тағы бар. Осындай бізге көріне бермейтін жүгі бар театр өнері бізде де бар. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Халық театры» 1972 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Театрда жыл сайын мазмұнына орай жаңа қойылымдар болады.
– Биыл Балалар жылына орай «Ақылды қоян» деген жаңа ертегі жазып жатырмын. Бұйырса сол ертегіні жаздыгүні сахналайтын боламыз. Күзге таяу Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» драмасы сахналанады. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында Ұлы Жеңістің 77 жылдығында «Күткен күн» деген спектакль-концерт, ән аралас қойылым сахналанды. Театрда режиссер болып жұмыс істегеніммен, сол бір режиссер болып қалып қоймайсың. Актер де боласың, өнерпаз да боласың, ұйымдастырушы да болып барлығын жоғары деңгейде алып шығу керек. Бұл мәдениет үйі ғой. Мұнда нағыз таланттар тоғысқан орта. Театр әлемінде өнерін паш етіп жүрген өнерпаздарымыз көрерменге эмоция сыйлап жүр, – дейді режиссер Мадияр Махамбет.
Оның айтуынша, «Сахна тілі» үйірмесі ашылыпты. 12-13 жастан бастап өнерге қызығушылығы бар балаларды үйірмеге шақыруда. Онда спектакль ойнауға, сахнаға бейімделуге, тіл тазалығына жаттықтырады. Артикульяциялық жұмыстар жасайды. Өзінің имиджін қалыптастыруға, жалпы сахнаға қатысты барлық дүниені меңгертуге сабақтар өткізеді. Бүгінде қызығушылық танытып жатқан балалар бар. Алдағы уақытта саны белгілі шекке жеткенде труппамен үйірме өз жұмысын бастап кетпек.
Иә, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай «... театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны». Онда ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көрсетеді. Зұлымдықтарды сынай отырып, адамдарға ізгілік жолын, имандылық жолды көрсетеді. Театр өнерін жинақтаушы, ұйыстырушы, тек қана əртістер мен режиссерлер, суретшілерді, драматургтарды, композиторларды ғана емес, сонымен қатар көрерменмен диалог тудырушы өнер ретінде тану керек. Бұл өте маңызды. Жалпы театр өнері тек көрерменді ғана емес, сол өнер адамының өзін, тіпті əлемді өзгертеді.
Мұхтар Əуезов өзінің «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» деген мақаласында «...театр өнерінің ұрығы елдің әдет-салтынан, ойын-сауығынан, өлең-жырынан басталған. Театр өнерін туғызатын жайлы топырақ, қолайлы шарт елдің өз денесінен шыққан» дейді. Адам өзін-өзі сақтап қалуы үшін, рухани құндылықтарына кір жақпас үшін, үнемі театрдан сабақ алып отыруға тиісті. Ал Шәкен Айманов «Театр – адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы» деп зор баға берген. Сондай шығармашылық отбасына сәттілік тілей отырып, театр деген әлемнің жыл өткен сайын жандануына серпін беріп отырғандарына алғысымыз көп-ақ.

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
21 мамыр 2022 ж. 534 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031