Қазақ тіліне құрметім ерекше
ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ. ДӘЛ ОСЫНДАЙ ҚАСИЕТТІ СӨЗДІ ЕЛДІҢ САЛТЫ МЕН ДӘСТҮРІН ҰСТАНЫП, ЕЛ ІШІНДЕ ҚАЗАҚЫ ТҰРМЫС-ТІРШІЛІКТІ ДӘРІПТЕП ЖҮРЕТІН АДАМДАРҒА ТЕЛИТІНІМІЗ РАС. КӨПТЕГЕН ҰЛТТАР МЕН ҰЛЫСТАР МЕКЕНДЕГЕН ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ӨЗІНІҢ АНА ТІЛІМЕН ҚАТАР ҚАЗАҚ ТІЛІН ДЕ ЖЕТІК БІЛЕТІН АЗАМАТТАР АЗ ЕМЕС. ОСЫНДАЙ ЖАННЫҢ БІРІ, ЖАС БОЛСА ДА ОТАННЫҢ ҚАДІРІН ТҮСІНЕ БІЛЕТІН АЗАМАТ – ОЛЕГ ВОЛОЩЕНКО.
Кейіпкеріміз Жосалы кентінің тумасы. Ұлты – орыс. Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің түлегі. Мектепте оқып жүрген уақытында өзі орыс сыныбында оқығанына қарамастан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша аудандық, облыстық байқауларға қатысқан. 9-10-11 сыныптарында аудандық олимпиадада үнемі жеңіс төрінен көрініп, облыстық сыннан ІІІ орын иеленген. «Ынтымағы жарасқан туған өлкем», «Тәуелсіз елдің ұрпағымын» атты байқаулардың жүлдегері. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 2 курс студенті. «Шетел тілдері мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша білім алады. Мектеп кезінен өз ұлтының тілінен басқа қазақ, ағылшын тілдерін жетік меңгеріп, үш тілді қатар алып келеді.
– Мен Олегке 1-11 сынып аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Ол мектеп қабырғасында жүргенде өте тәртіпті, білімді, беделді оқушылардың бірі болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзіне тапсырылған әрбір іске жауапкершілікпен қарап, тиянақты орындайды. Ол өзге ұлт өкілі болғанына қарамастан, қазақ тіліне деген қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын көбірек оқитын. Қазақ достары да көп болды. Қазақша еркін сөйлеуінің бірден-бір себебі де – осы. Қазақ тіліне деген қызығушығы мен құрметінің арқасында ана тілімізде ұйымдастырылатын түрлі байқауда топ жарып, мектеп қана емес, аудан мерейін де асырды. Бүгінде өзі де ұстаздық жолды жалғау мақсатында білім алуда. Болашақта білімді шәкіртімнен елжанды азамат шығарына сенімім мол. Осындай шәкіртімнің болғанын мақтан тұтамын, – дейді ұстазы, №250 мектеп-лицейдің мұғалімі Ақжанат Нақыпова.
Біз қазақшаға судай Олегтің өзімен де тілдестік. Ашық-жарқын қалпымен сұрағымызға қысылмастан жауап берді. Қазақшаға тілі жатық. Бала кезден бойына сіңгені көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ әңгімесінен ұлтқа, тілге деген ерекше ықылас сезіледі.
– Мен Қазақстанда туып-өстім. Бұл – менің Отаным. Мен өз Отанымды жақсы көремін және құрметтеймін. Кент орталығындағы №250 мектеп-лицейінде оқыдым. Дәл осы мектеп маған қажетті білімді беріп, болашағыма жол сілтеді. Мектептен өзіме сенімді әрі жақсы достар таптым. Қазақ халқы ең мейірімді және қонақжай халық. Менің барлық ортамды қазақтар құрайды. Бізде ұлтқа бөліну жоқ. Біз бір үлкен және тату отбасымыз. Мен бала күнімнен қазақтардың арасында тұрып үйренгенмін. Менің қорғаным да, қолдаушым да, достарым да – қазақтар. Сондықтан оларға, олардың тіліне деген құрметім ерекше, – дейді Олег Волощенко.
Тарихқа қызығушылығы басым Олег бірнеше ұлттың бір мемлекетке біріге өмір сүруін бақыт деп санайды. Ата-бабасының өткен жолымен де жете таныс екенін аңғардық.
– Көп ұлттылық Қазақстанның артықшылығы дер едім. Тұтас бір мемлекет түгілі, бір отбасының өзінде келіспеушіліктер мен пікір қайшылықтар болып жатады. Ал жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын бір шаңырақ астында біріктіріп отырған туған елімде ондай алауыздық жоқ. Қазақ жеріне өзге ұлттың өкілдері тағдырдың жазуымен түрлі жағдаймен келді. Сондай уақытта, өздері қиын кезеңде өмір сүріп жатса да қазақ халқы кез келген ұлтты туған бауырындай қабылдағанын тарихтан жақсы білемін. Қолындағы бір үзім нанын бөліп берді. Бүгінде сол уақыттағы кеңпейіл көңілдің арқасында осында орныққан өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары әліге дейін татулықта күн кешуде. Ресми билік тарапынан да ұлтқа бөлу жағынан басымдық жоқ. Барлығы тең дәрежеде. Алалап, бөліп жатқанын көрген емеспін. Сондықтан да түрлі ұлттар бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Мұның астарында қазақ халқына тән қонақжайлық пен кең пейіл бар, – дейді ол.
Жас болса да, жан-жағын сараптап, өткен мен бүгінді тоғыстырып толымды пікір айта алған Олегке риза болдық. Отан деген ұғымды құрметтей білетін болашақ ұстаз ел ұландарын да тура жолға тәрбиелері сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ