» » Жаңалық жаршысы

Жаңалық жаршысы



Осыдан бір ғасырдан бұрын айтылған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Ақпараттық қоғам атой салып, ғаламтор өрмегі жан-жағымыздан шырмап жатса да газет-журналдың орны бір бөлек.
Қанша жерден онлайнға өттік, электронды нұсқаны оқи саламыз десек те, әрбір әрпі тайға таңба басқандай тізілген қағазды қолға ұстап оқудың өзіндік рақаты көпшілікке белгілі. Әсіресе, ауылдағы ағайын мен көру қабілеті күннен-күнге солғын тарта бастаған үлкен кісілер үшін смартфон мен компьютерге үңіліп оқу аса қолайсыз. Газет-журналдың әрбір бетін парақтап шығып, суретіне көз салып, назар аударар тұстарына ерекше тоқталып өтудің де оқырманға сыйлар ғажап сезімі бар емес пе?! Өз басым газет-журналдың электронды нұсқасын оқуға әлі үйрене алмай келемін. Шыны керек, қолға ұстап оқығанға жетпейді.
Техника қанша дамыса да баспасөзді түгел ауыстыра алмайды. Газет халықтың жаңалықпен сусындайтын негізгі құралы болып қала бермек. Газет бетіндегі әрбір жаңалық, мақала оқырман жанын баурап алар ерекшелікке ие.
Менің газет бетіндегі алғашқы мақалам 10-сыныпта оқып жүрген кезімде аудандық «Қармақшы таңы» газетінде жарияланды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбдірәсілова Бибігүл апайымыздың бастамасымен «Қыран» жастар ұйымы мектепте айтыс ұйымдастырдық. Алғаш рет өткен айтыс көпшіліктің көңілінен шықты. Сол сөз сайысында жеңімпаз болып танылған сыныптасым жайлы мақала жазып, «Қанатың қаққан талмасын» деген тақырып қойып, газетке жөнелттім. Көп ұзамай газет бетінен мақаламды көрдім. Қуанышым қойныма сыймады. Ол кезде газет-журналдың бетінен өз аты-жөніңді көру үлкен мәртебе, зор қуаныш еді ғой. Ата-анам менен артық қуанды. Сыныптастарым құттықтап, ата-анам марқайып, ұстаздарым мақтап, төбем көкке бір елі ғана жетпеген сәт әлі күнге есімде. Бір дәмін алғаннан кейін мектепте өткізілген түрлі іс-шара жайлы мақалалар жаза бас­тадым. Балалар мен жасөспірімдердің республикалық газеті «Ұланның» бетінде де мақалаларым жарық көре бастады. Дегенмен мен үшін мақала жазуға деген махаббатымды оятып, қаламымды қарымды ету жолындағы тұсауымды кескен «Қармақшы таңы» газетінің орны бөлек. Ондағы әрбір жаңалыққа елеңдеп отырамын. Сондықтан болар араға біршама уақыт салып, сол газетте мақала жариялауды әдетке айналдырып жүрмін. Апта сайын қағаз бетіне түсірген ой иірімдері мен толғамдарымды газетке жіберіп отыру айнымас әдетіме, өмірлік дағдыма айналып бара жатқандай.
Жазуға деген құмарлығымды оятқан газетім биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр екен. Бір ғасырға жуық уақыт. Осы мерзім ішінде халықпен етене араласып, ондағы сан алуан өмірді, қилы тағдырды, шаруасы дөңгеленген кәсіпкерлер ісін, елге елеулі еңбек сіңіріп, қызметімен танылған еңбек ерлерін, шопан, диқаннан бастап, жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің егіз дәнін егіп жүрген ұстаздар қауымының атқарған жұмысын көпшілікпен бөлісіп, жақсысын асырып, жаманын жасырып, жақсыны үлгі ете өрнектеген аудандық басылым баспасөз әлемінен өзіндік орын алып, мызғымас тұғырға орналасты. Қанатының астынан қаншама журналист, тілшілерді тәрбиелеп, шыңдап, қияға қанат қақтырды. Жас жеткіншектерді мақала жазуға машықтандырып, оқушылар шығармашылығын қалың жұртқа таныту, паш ету қызметін абыроймен атқарып келеді. Газет бетінде жарияланатын әр мақала сол аудан жұртшылығының мұңын мұңдап, жақсы тұсын баршаға жар салып жеткізуге бағытталады. Жетістікке жеткен жанның өмірінен бір үзік сыр шертіп, оның өнегелі ісін көпшілікке үлгі ретінде насихаттаса, қоғамда белең алған келеңсіз жағдайларды жазу арқылы халықтың көзін ашып, көкірегін оятуға, санасына сілкініс жасауға тырысып бағады. «Жоғары қарап пікір ет, Төмен қарап шүкір ет» дейтін халықтың өкіліміз ғой. Біреудің өмірінен ғибрат алсақ, енді бір мақаланы оқып, көкейге жаңа ой түйеміз, іштей болсын өзіндік пікір-пайымымызды білдіреміз. Оқырман көңіліне ой тастай білудің өзі – газет үшін үлкен нәтиже, жетістік.
90 жыл бойы халық игілігі үшін талмай жұмыс жасап, абырой биігінен түспей келе жатқан сүйікті баспасөзімді мерейтойымен құттықтаймын! Газет редакциясының ұжымына шығармашылық табыс, қажырлы қайрат тілеймін. Жаңалықты, жақсыны жария етуге ұмтылған тың ойларыңыз таусылмасын. Қаламдарыңыз қарымды, ойларыңыз ұшқыр, сөздеріңіз өткір болып, мәнді де маңызды мақала жазудан шаршамаңыздар!

Лаура БАҚТЫБАЙ
26 сәуір 2022 ж. 401 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031