» » Алыста жүрсем де аңсап оқимын

Алыста жүрсем де аңсап оқимын

Қасиетті Қармақшы жерінен түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп, тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюына атсалысып жүрген жандар аз емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Пат­риотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп атап көрсеткендей, әрбір ұрпақ тамыры өсіп, ержеткен жерінен ажырамайды.
Жат жұрттыққа жаратылар қыздың өмір ағынымен туған жерден жырақта жүрсе де, өскен өлкесін ұмытпасы анық. Өңірінің жақсы жаңалығына қуанып, оң өзгерістерге риза болып отыратын осындай жанның бірі – Асылкүл Маханова.
Ол осы өлкеде өмірге келіп, кент орталығындағы №105 мектептен тәлім алады. Мектепті бітірген соң Жезқазған педагогикалық университетінде «қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығын меңгерсе, кейіннен Қарағандыдағы «Болашақ» университетінен «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Бүгінде Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданында «Ростовка» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 31 жылдық еңбек өтілі бар білікті ұстазға айналған ел перзенті алыста жүрсе де газетіміздің тұрақты оқырманы. Осындағы бауырларына газетті жинап, сақтап қоюын өтініп, өзі келгенде жиналған газеттерді Қарағандыға алып кетеді екен.
– Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда газетке жазылушылардың басым бөлігі мұғалімдер, дәрігерлер мен зейнет жасындағы қариялар. Туған жерімнің төл газетін іздеп табу да қиын. Дүңгіршектерде сатылмайды. Амалын тауып, жинап оқимын. Газет-журналдардың қоғамдағы құны ешқашан жоғалмайды. Бүгінде газет пен журналдың орнын интернет-ресурстар алмастырғанымен, газетті қолыңа ұстап оқығандай болмайды. Десе де, алыста болған соң, газеттің ресми сайтының тұрақты оқырманымын. Аптасына екі рет шығатын төл басылымның жаңа нөмірінің электронды нұсқасын асыға күтіп отырамын, – дейді Асылкүл Бекдәулетқызы.
Ұстаздық жолда біршама биікті бағындырған ол жергілікті жердің де газетімен тығыз байланыста екенін айтады. Онда мектепте өткізілген іс-шаралар мен ғылыми жобаларға қатысты мақалалары газет бетіне жарияланып тұрады. Кейіпкеріміз ұстаздық етсе, жолдасы «Трек» ЖШС директоры болып қызмет атқарады. Алтын асықтай ұл-қызы мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, мемлекеттік гранттың иегері атанған. Қызы ақ халатты абзал жан болуды мақсат етіп Қарағандыдағы медициналық академияның 5 курсында білім алса, ұлы Петр Великий атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінде 3 курс­та оқиды. Білімді бірінші орынға қойған әулет үшін мерзімді басылымдардың орны бөлек.
– Аудан өмірінің күнделікті тыныс-тіршілігін, өскен өлкемде болып жатқан жаңалықтарды, жасалып жатқан жұмыстарды жариялайтын, атқарушы билік пен халықтың арасында дәнекерге айналған төл басылымның мен үшін орны бөлек. «Қармақшы таңы» газеті туған жеріме деген сағынышымды сәл де болса сейілтетіндей. Оң өзгерісті көрсем, балаша қуанамын. Себебі кіндік қаным тамған жерге әрқашан тілекшімін ғой. Өркендеп, көркейгенін қалаймын. Газет бетіндегі сиясы кеппеген жаңа туындыларды оқып, ой елегінен өткізіп, жақсы нәрселерді көкейге түйіп алатын кездер де көп болады. Кітап, газет оқыған адамның рухани тазарып, саяси-мәдени, әдеби сауаты кеңінен ашылып, тілдің қадір-қасиетін танып білуге үлкен көмегі тиеді. Әсіресе газет бетіндегі туындылардың жастарға берер үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиесі ұшан-теңіз, – дейді ол.
Иә, алыста жүрсе де газетімізді асыға күтетін оқырмандардың бары қуантады. Өскен жерін жүрек түкпірінде ұстап, тек жақсылық тілейтін Асылкүлдей ел перзенттерін біз де мақтан тұтамыз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 желтоқсан 2021 ж. 359 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031