» » Жанарсыз жарық әлем

Жанарсыз жарық әлем

Тарамдалған тағдыр жолы біреулер үшін соқпаққа толы. Біреулер үшін тақтайдай тегіс. Ал тағдырдың тауқыметімен күрескен зағип жандардың күндегі тірлігі қиындыққа толы. Иә, қоғам болғасын бәрі болады. Мінсіз қоғам түзілген емес.
Азаматтық институттың ажырамас бөлшегі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Мемлекет те олардың қоғамнан тыс қалмауын жіті қадағалап келеді. Елбасы бір сөзінде мүгедектер үшін елдің кедергісіз аймаққа айналуы тиістігін айтқан. Сол мүмкіндікті олар да пайдалануда. Алайда көру мүмкіндігі шектелсе де, олар қол қусырып қарап отырмайды. Тек үйде ғана емес, қоғамдық шараларға да белсенді қатысып, өз өнерлері мен шығармашылықтарын көрсетіп жүр. Өйткені қазір оқшау қалған мүгедек жоқ, бірі – оқиды, бірі – кәсіппен шұғылданады, енді бірі – жұмыс істейді. Дені сау адамдармен иін тіресіп қарекет етуде.
Мүмкіндігі шектеулі жандар бізбен бірге бір қоғамда өмір сүруде. Бірақ оларды белсенді ортадан сирек көретініміз рас. Олардың өзгелер секілді өмір сүруі, жұмыс істеуі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Қазір біздің қоғам өркениетті көзқарасқа бейімделіп келеді. Арамызда мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз болашақ сыйлап, өздеріне жақын тартып, жан-жылуын беруге ниетті жанашыр жандар да аз емес.
Әлем бойынша зағип жан­дардың саны 36 миллионнан астам екен. 2050 жылы олардың саны 115 миллион болады деп болжамдалуда. Жалпы әлемде көз жанарынан зардап шегушілер саны 200 миллион болса, 2050 жылы бұл көрсеткіш 550 миллионға жетуі мүмкін деген қауіп бар. Ал Қазақстанда жарық дүниені мүлдем көре алмайтындар 20 мыңнан астам болса, көз жанарынан зардап шегушілер саны 1 миллион 220 мыңның үстінде көрінеді. Олардың қоғамдағы орнын айшықтау мақсатында түрлі іс-шаралар кеші өтіп тұрады.
Жазмыштың жазуымен жанарынан айырылған адамдар аз емес. Тағдыр тауқыметін тартқан олардың тірлігі қиындыққа то­лы. Дегенмен денсаулығым жа­рамайды деп, қол қусырып, қарап отырмайды. Осындай қо­ғамдық шараларға қатысып, өз өнерлерін ортаға салып жүр. Қош. Әңгімеміздің әуселесі ау­дандағы зағип жандарға ойыспақ. Тақырыпты тарқатпақ ниетте «Тұран-Шах Қызылорда» мү­гедектер қоғамдық бірлестігімен байланыстық. Мұндағы маман­дардың айтуынша, қор былтыр құрылыпты. Президенті І топ көз мүгедегі – Асқар Қолдабеков. Қармақшы ауданының тумасы. 2013 жылдан бері аудандағы көз мүгедектерінің басын қосып, оларды бір қоғамдық бірлестік аясында жинап, жарғысын бе­кітіп, сол жарғыға сәйкес өз қызметін атқарып келеді екен. Зайыбы­ Сәнімай Әуесова екеуі осы бірлестіктің атқарылар жүгін арқалап, ұжым болып зағип жандарға қызмет етуде.
– Қоғамның жарғысына сәй­кес, 1-2 топ көру қабілеті нашар мүгедектердің әлеуметтік, мәдени, ғылыми, білім беру қажет­тіліктеріне қол жеткізуге ықпал ету, олардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, мүгедектерді медициналық, кәсіптік, әлеуметтік оңалту және шоғырландыру, оларды жұмысқа, білімге, мәдениетке және спортқа қатыстыру, мем­лекеттік бағдарламаны іске асыру, әрі жәрдемдесу біздің қызметте. Ұжымда 5 қызметкер бар. 300 мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетеді. Және 70 зағип жан бар. Бірлестік мүгедек жандарды әрдайым елеп ескеріп отырады. Мәселен, 13 қараша – бүкіләлемдік Зағиптар күнінде іс-шаралар, спорттық жарыстар өткізіп отырады. Жаңа жыл мейрамында қоғам мүшелігіндегі мүгедек жандардың отбасына жаңа жылдық сыйлықтар тарту етілді. Құрбан айт мейрамында құрбандыққа ірі қара мал шалынып, мүгедек жандарға таратылды. Ал Нау­рыз мейрамын тойлау үшін арнайы киіз үй тігіліп, қоғам мүшелері мен аудан халқына наурыз көже үлестірдік, – дейді Асқар Қолдабеков.
Қазіргі таңда қоғамдық бір­лестік Сырдария, Жалағаш, Қар­мақшы аудандары бойынша І топ мүгедектерін тасымалдау үшін «Инватакси» қызметін, жүріп-тұруы қиын жандарға «Жеке көмекші» қызметін көрсетеді.
Күн сәулесін бір сәтке болса да еркін көру – зағиптар үшін өмірдегі баға жетпес, ең асыл арман. Айналадағыны тек сипау арқылы ғана сезіп, көкірек көзімен көруден басқа қолдан келер қайран жоқ. Алайда олар – жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар жандар. Олар болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Себебі, сенімі мықты.
Айнұр ӘЛИ
16 сәуір 2022 ж. 869 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 257

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 357

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930