» » «Шектеулі» деген шектеу емес

«Шектеулі» деген шектеу емес

Қоғам болғасын бәрі болады. Мінсіз қоғам түзілген емес. Сол азаматтық институттың ажырамас бөлшегі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Мемлекет те олардың қоғамнан тыс қалмауын жіті қадағалап келеді. Елбасы бір сөзінде мүгедектер үшін еліміздің кедергісіз аймаққа айналуы тиістігін айтқан. Сол мүмкіндікті олар да пайдалануда.
Қазір оқшау қалған мүгедек жоқ, бірі – оқиды, бірі – кәсіппен шұғылданады, енді бірі – жұмыс істейді. Дені сау адамдармен иін тіресіп қарекет етуде.

Ғалымдар он екі мүшесі сау адамға қара­ғанда мүмкіндігі шектеулі кісілердің бойында құштарлық басым болатынын айтып жүр. Ол рас, құштарлықты қанат еткен адамдар ортамызда көп. Солардың бірі – Ерлібек Жармаханов. Кейіпкеріміз І топтың мүгедегі болса да, шамасынша тірлік етіп, қоғам тіршілігінен бір сәт қалыс қалған емес. Қолына етікшінің құралын алып нан табады. Алты баланы және одан тараған ұрпақтарды солай мұратына жеткізбек. Есік алдынан ашылған шеберханасына талай кісі бас сұқты. Ерлібек ешкімнің бетін қайтарған емес. Етік тігіп, ел ықыласына бөленіп жүр. Айтпақшы, етікші Ерлібек өткен жылы «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің облыстық көрме-байқауына қатысқан-ды. Айтулы шараға ауданнан 6 кәсіпкер, облыс бойынша 50 кәсіпкер өз өнімін ұсынды. Ерлібек те қолынан шыққан балалар мәсісі мен қазақы оюмен әрленген қыз-келіншектердің тәбішкесін көрмеге қойды. Ынта мен жігер құштарлыққа қосылғанда еш­кім кедергі болмайды деген. Жерлесіміз 700 мың теңге жүлдесі бар екінші орынды еншіледі. Өздігінен отырып, тұруы қиын болғанына қарамастан Ерлібек Жармаханов атаулы қар­жыға шеберханасын жетілдіруде. Заманауи құрылғыларды алдыртпақшы. Уақыт пен на­рық дегенің – үлкен көш. Ал, көштен қалмау үш­­­­ін тыпырлап тірлік ету қажет. Ерлібектің де құштарлығы сол көштен қалмай, отбасын асы­­рап, балаларды мұратына жеткізуге не­гізделген.
Мүкіс етемін десе, Құдай уақытқа не жасқа қарамайды. Қоғамнан көріп жүргеніміздей арбаға не төсекте тартылған жастар да жоқ емес. Бірақ, жайына қарамай жігерді желкен еткен жастар да бар. Солардың қатарында Ардақ Сәрсенов деген азамат та жүр. Бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшыраған кейіпкеріміз бар-жоғы 26 жаста. Денсаулығын дәрігерлер жіті қадағалайды екен. Екі-үш айда бір мәрте ауруханаға жатып алады. Соған қарамастан Ардақ былтыр «Zhas projest» бағдарламасына қатысты. Жеңімпаз атанды. 1 миллион теңге қаржыға жобасын жүзеге асырды. Бүгінде мүгедектігіне қарамастан Ардақ ашқан «Жанат» сән салоны халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жоба аясында кәсіпкер өз тағдырына ұқсас жандарға қызмет етуді басты нысанаға алған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың шашын алады. Шақыртумен үйден шықпайтын мүгедектерге барып қызмет көрсетеді. Біз хабарласқан уақытта Ардақ Сәрсенов ауруханада ем алып жатыр екен. Соған қарамастан кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Мемлекеттің жастарды қолдауы кем болып жатқан жоқ. Тірлік етемін дегенге есік ашық. Бірақ, құр далақтауға болмайды. Айқын мақсат пен нық қадам жасамағанға алма пісіп, ауызға түспейді. Шындығы сол, мүмкіндігі шектеулі дегенді құп көрмеймін. Мен де қоғамның бір мүшесімін. Ешкімнен кемдігім жоқ. Жобаны жасақтарда өзім қатарлас, мұңдас жандарды жаныма ерттім. Гүлназ ­Сатыбалдиева да мүмкіндігі шектеулі жан. Жанат Тұяқбаева әлеуметтік жағдайы төмен кісілердің бірі. Бірақ, бізде үміт басым. Ертеңім үшін тырмысып, бүгіннен бастап қарекет етемін. Жастар жылы келді. Біздей жандарға қолдау көбейеді деген сенім бар, – дейді Ардақ Сәрсенов.
Көз көріп жүргендей қазір көпшіліктің бойында масылдық дерті жайлаған. Мемлекет оқыту керек. Мемлекет жұмыс беруі тиіс. Мемлекет жағдай жасауы қажет. Құдды мемлекет қайырымдылық қоры іспетті. Ал, нарық заманында алақан жайып, «жеміс піссе екен, аузыма түссе екен» деп жатуға болмайды. Шамаң келсе – жұмыс істе, мүмкіндігің жетсе – кәсіп аш. Бұл – Айбек Байқазақовтың ұраны іспетті. Туа бітті сөйлеу мүмкіндігінен айрылған жан Ақай ауылынан аяқ киім тігу шеберханасын ашқан. Онымен қалай тілдесті екен деген заңды сұрақ туындайды. Оның бауыры арамызға тілмаш болды. Айбектің тағдыр қосқан қосағы да туа бітті сөйлей алмайды. Соған қарамастан екеуі қоғамнан ажырамай жұрт қатарлы өмір сүріп келеді. Мойындау керек, көп отбасыдан озық өмір сүруде. Айбек те «Zhas projest» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз қаржы ұтып алған.
Дені сау, жаны тыныш, уайымы «жоқ» жандар көп қоғамда. Әйтеуір өмір сү­ріп жатыр. Отыз-қырыққа келсе де ата-анасының мойнына масыл болып, әлі күнге солардың тапқанымен күнелтуде. Ал, мына кейіпкерлеріміз өмірді басқа қырынан көреді. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар. Бірақ, «шектеулі» деген шектеу емес дейді. Ал, біз олардан кембіз бе?
Мағмар Мақсым,
«Қармақшы таңы».
09 қаңтар 2019 ж. 1 477 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031