» » Жанарсыз жарық әлем

Жанарсыз жарық әлем


Тағдыр. Осы бірауыз сөзге қаншама ой, қанша жанның өмірі сыйып тұр. Тарамдалған тағдыр жолы біреулер үшін түрлі соқпаққа толы болса, енді біреулерге тақтайдай тегіс. Жазмыштың жазғанымен жарық дүниені көре алмаған жандар да тағдырдың тезіне көнуге мәжбүр. Жыл сайын 13 – қараша халықаралық зағиптар күні ретінде аталып өтіледі. Бұл мереке маңдайға жазылған қиындыққа мойымай, жігерлі қасиетімен алға қадам басқандардың қоғамның толыққанды бір мүшесі екенін сезінуіне мүмкіндік берері сөзсіз.
Халықаралық деңгейдегі бұл күннің тарихы тереңде. 13 қараша – зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған Валентин Гаюидің дүниеге келген күні. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1992 жыл­­дан бастап жоғары деңгейде аталып өтілуде. Бұл мерекеде жыл сайын за­ғип жандарға арналған түрлі шара ұй­ымдастырылатын. Биылғы панде­мия әсерінен көп адам жиналатын ша­­раларға тыйым салынып, мереке өт­кізілмеді. Осы ретте, аудандағы со­қыр­­лар қоғамының төрайымы Эльмира Үсеновамен байланысқан едік.
– Біздің өңірдегі соқырлар қоғамында 72 мүше бар. Олар І, ІІ топ мүгедектері. Облыстық соқырлар қоғамымен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Ниетті жандарды мүмкін мамандықтарға оқыту да басты назарда. Жанарынан айырылған жандардың жанына жылу сыйлар бұл мерекенің біз үшін орны ерек. Бұл күні жанары суалған жандарға көңіл бөлініп, қамқорлық танытылады. Жарық дүниені жарқыраған жанарыңызбен көріп жүрсеңіз, шүкір етіңіз. Өйткені көп адамға күннің көзін көрудің өзі арман, – дейді Э.Әбілдақызы.
Тумысынан зағип жандар мен нашар көретіндерге арналған арнайы қоғам бар. Онда көзі көрмесе де, көкірегі сайраған жандардың өмірге деген құштарлығын арттыру мақсатында игі істер атқарылады. Осындай бастамамен білімін жетілдіріп, бүгінде көптің алғысын алып жүрген жандар арамызда бар.

Солардың бірі – ІІІ ин­тер­наци­оналдық Кеңесбек Жаханов. Ол І топ мүгедегі. Жастайынан тағдырдың сынағына ілініп, ерекше өмір сүрген ол зеректігімен көзге түскен. Ол өте сауатты, әрі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген дейді жақындары. Өмірдің дегеніне көндіккенімен, өзінің жаңа қырын тапқан жігіт ағасы соқырлар қоғамының жетекшілігімен Алматы қаласына екі рет барып, массаждық курсты тәмамдайды. Қазіргі уақытта қызметіне жүгінген адамның көңілін қалдырмай, ем-дом жүргізеді. Жұбайымен бірге 4 перзент тәрбиелеп отырған үлгілі әке. 12 мүшесі сау бола тұра, түрлі сылтаумен жұмыс істемей, отбасы алдындағы жауапкершіліктен қашатын адамдарға өнеге болуға тұрарлық. Өйткені ол – жарық дүниенің жақсылығын көзбен көрмесе де, жүрегімен сезініп, қиындыққа мойымаған қайсар жан. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында ұйымдастырылатын түрлі сайыстың белсенді қатысушысы Кеңесбек Есенжолұлының жеткен жетістігі көп. Нақтырақ тоқталсақ, облыстық, аудандық дойбы, гір тасын көтеру, қол күрес сайыстарынан бірнеше рет топ жарып, үздіктер қатарынан табылған. Қоғам өміріне белсене араласып, өзгеге үлгі болғаны үшін аудан әкімінен де алғыс хаттар иеленген. Қашанда еселі еңбектің еленері анық қой. Бұл марапат пен жеңістер де соның бір айғағы.
Бұл күн – мереке ретінде атал­ғанымен, тәубеге келушілердің қа­тарын арттыратын күн десек те ар­тық емес. Өйткені сіз арайлап атқан таң мен қызарып батқан кешті, жа­ныңа жақын жанның бейнесін көре ал­ғаныңыз үшін бақыттысыз. Өзгеге арман болған қолдағы бақытыңыздың бағасын біліп, қадірін ұғынғаныңыз абзал.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
14 қараша 2020 ж. 842 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031