Берері мол бағдарлама
«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» демекші, бүгінде ауылда қалып жұмыс істеймін деген жастарға біршама мүмкіндік бар. Бастысы, алдыңа дұрыс мақсат пен талап қоя білсең болғаны. Әсіресе «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі өте жоғары. Себебі бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан әрбір жас жұмыспен қамтылып қана қоймай, бір реттік жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін қаржыға да ие болады.
Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауыл-аймақтарды қажетті əлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз ету. Жас мамандарды ынталандыруда мемлекет тарапынан көтерме ақы төлеп, баспана алуына жеңілдетілген несие беріледі. Сөйтіп, ары қарай өз саласы бойынша мамандығымен жұмысын жалғастыра береді. «Баспана – бақыт шамы» демекші, оқуды жаңа ғана бітіріп келген жас мамандарға бұл үлкен көмек болмақ.
Аудан көлемінде де бұл бағдарлама тиімді жүзеге асырылуда. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында өңірде 50 маман тұрғын үйге қол жеткізсе, 70-сі көтерме жәрдемақы алған. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, баспанаға қол жеткізгеннің бірі – Шыңғысхан Әлихан.
Ол кент орталығындағы №105 мектептің 9-сыныбын аяқтап, Қызылордадағы «Болашақ» колледжінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша орта білім, кейіннен Шымкент әлеуметтік-инновациялық университетінен жоғары білім алады. Алғашында аудандық денешынықтыру және спорт бөліміне «Жастар практикасымен» жұмысқа орналасқан ол 2018 жылы №16 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне гандболдан жаттықтырушы, былтырдан бастап әдіскер қызметін атқарады. Сондай-ақ гандболдан аудан құрамасының аға жаттықтырушысы.
– Мен 2020 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы баспаналы болдым. Бағдарлама – еліміз еркіндік алғалы бергі ауылды жерлерді дамытуға бағытталған қарқынды қадамдардың бірі. Тəуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында жастардың ойып тұрып орын алуына, өз білімі арқылы ауылдық жерді көркейтуге және сол арқылы мемлекет ұсынған көмекке қол жеткізуге тамаша мүмкіндік екені анық. Айта кеткен жөн, бұл бағдарламаның жастар үшін берер шарапаты мол. Сол себепті жастарды туған өлкені гүлдендіріп, көркейту үшін ауылда еңбек етуге шақырамын. Ауылдың əлеуметіне қанық, жағдайына жетік бола тұрып, осы елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету сіз бен бізге міндет. Менің мұратым – жастарды спортқа баулып, олардың талай сыннан топ жарғанын көру, – дейді №16 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Ш.Шоқанұлы.
Шыңғысханның осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігі жетерлік. Жас болса да өз ісінде шеберлік танытып жүрген ол «Біз секілді жас отбасыларға бұл үлкен көмек болды» дейді әңгіме арасында. Бүгінде Шыңғыс жары Ақторғынмен үш перзент тәрбиелеуде.
Иә, мемлекет қолдау білдірсе қажетті білімді меңгерген, ауылдың абыройын көтеретін, өмірін өзгертетін жігерлі жас қашанда табылады. Жаны отансүйгіштік сезіміне сусындаған, бойына ұлтжандылық қасиеті дарыған жас өрен ұлы істерді жасауға даяр.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА