» » Тұрғын-үй: Жастарға арналған қандай бағдарлама бар?

Тұрғын-үй: Жастарға арналған қандай бағдарлама бар?

Бүгінгі күні кез келген тұрғынға қаржы жинап, баспана алу оңай дүние емес. Әсіресе, диплом иеленіп, енді ғана кәсіби маман атанған жастар үшін үй мәселесі қиынға тиеді. Осы тұрғыда, жас мамандарды қолдау мақсатында  мемлекеттен түрлі бағдарламалар ұсынылады. Елімізде жастарды үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде? Жас мамандар жеңілдікпен баспана алу үшін не істеу керек?

пәтер

Жастардың Қазақстандағы үлесі ең көп екені белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 15 және 34 аралығындағы тұрғындарың саны 6 миллионға жуық. Оларды сапалы біліммен, жұмыс орнымен және баспанамен қамту мемлекет үшін басым бағыт болып саналады. Ал соңғы жылдары мемлекет жастар мен олардың отбасылары үшін айтарлықтай көңіл бөлуі - бұл жағдайдың айқын көрінісі. Оларға арнап көпқабатты үйлер Қазақстанның барлық аймақтарында тұрғызылып, пәтерлер жеңілдетілген шарттармен берілуде.
"Алматы жастары" бағдарламасы
"Алматы жастары" мемлекеттің жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы бағдарламалардың бірі болды. Бұл бағдарламаны 2017 жылы Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (қазіргі "Отбасы банк") ұсынған. Қазіргі де кезде де аталмыш бағдарлама өз жалғасын табуда. Алматылық жастарға арналған баспанамен қамту бағдарламасына жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, 35 жасқа дейінгі қалада тұратын жас мамандар баспана алу үшін жеңілдетілген ипотекаға ие болуда.
Мәселен, биыл пәтер алуға үмітті жастарға мемлекеттен 18 миллион теңге берілмек. Қала әкімдігі осы жылы да 1000 азаматты үймен қамтамасыз етуді жоспарлапты. 
Бағдарлама бойынша үй алуға қойылатын талаптар: 
1. Қазақстан Республикасының Азаматтығы;
2. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін, өтініш беру кезінде, жұбайының жасына қарамастан. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;
3. Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы, Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік бағдарламалар желісі бойынша алынған отбасының басқа мүшелерінің ортақ бірлескен меншігін құрайтын үлестік меншіктегі үлес немесе жалға берілетін тұрғын үй, бұған: бағдарламаға қатысушының немесе отбасы мүшелерінің кәмелетке толғанға дейін алған жылжымайтын мүліктегі үлесті және жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда;
4. Қатысушының Алматы қаласында келесі санаттар бойынша міндетті зейнетақы мөлшерлемесімен кем дегенде соңғы 6 ай ішінде жұмыс өтілінің болуы: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдары.
Айта кетейік, осыған ұқсас талаптармен алдағы уақытта Нұр-Сұлтанда "Елорда жастары" бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.
Үйді сатып алу құқығынсыз жалға алу
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу бағдарламалары қарастырылған. Бұл бағдарлама жұмыс істейтін жас мамандардың уақытша баспанамен қамтуға бағытталған. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлерді 5 жылға дейін жалдап тұруға болады.
Бағдарламаға қатысу үшін қойылатын талаптар: 
1. Жасы - 29-ға дейін; 
2. Атында жылжымайтын мүліктің болмауы; 
3. Ресми түрде жұмысы не кәсібі бар азаматтар; 
4. Жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік және орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруі;
5. Өтініш беретін қалада соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты тіркелуін растау; 
6. Айлық табысы кемінде - 40 АЕК (2021 жылы - 116 680 теңге);
7. Қазақстандық екінші деңгейлі банкте депозиттің болуы. 
"Жас отбасы" бағдарламасы
2020 жылы 1 шілдеден бастап жас отбасыларды қолдауға арналған тағы бір бағдарлама іске қосылды. Жаңа бағдарлама жаңадан отау құрғандарға арзан ипотекамен баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Ипотеканың алғашқы екі жылда жылдық несие мөлшерлемесі 6%-ке тең, одан кейін ол 5%-ке дейін төмендейді. Ипотека 6 жылдан 9 жылға дейін беріледі.
Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар: 
1. Ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі Отбасы банкте "Жас отбасы" депозитін ашу;
2. Бір жыл ішінде болашақта сатып алатын пәтер бағасының 50%-ін жинап, бағалау көрсеткішінің 5-ші деңгейіне жеткізу; 
3. Ерлі-зайыптының некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс. 
Бағдарлама республиканың барлық аймағында тұрақты түрде жүзеге асырылады. Депозитке ақша жинау кезінде депозитке жылдық 2%-дық банк сыйақысы және 20%-дық жыл сайынғы мемлекет сыйақысы түседі. Бұған қоса, ерлі-зайыптының жасы мен отбасындағы балалар санына шектеу қойылмайды.
Бағдарлама шартына сәйкес, жас отбасы пәтерді жаңа және бұрын қолданыста болған тұрғын үйлерден сатып ала алады. Мұнымен қатар, жер телімін алып, үй салуына да болады.
"Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша үй алу
Мемлекет 2010 жылдан бері жас мамандарды қолдау мақсатында "Дипломмен – ауылға" бағдарламасын ұйымдастырып келеді. Бұл бағдарлама білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет және спорт салаларында біліктілігі бар жастарды тек жұмыспен қана емес, үймен де қамтамасыз етеді. Бұған қоса, 100 АЕК (2021 жылы 291 700) бір реттік жәрдемақы тағайындау қарастырылған.
Ауылға жол тартқан жастарға "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейінгі 1500 АЕК (2020 жылы 4 167 000 теңге) мөлшерінде несие беріледі. 
Жастарға қойылатын басты шарт ауылға келген маман өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі керек. Бағдарламаға қатысу үшін таңдалған елді мекенде жұмыс берушіні өзіңіз табуыңыз қажет. Егер жұмыс орнын табу мүмкіндігі болмаса, түлек ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе аймақтардағы жауапты қызметкерлерге жүгіне алады.
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы
Елімізде баспаналы болудың тағы бір жолы - оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару. Елбасының тапсырмасы бойынша бұл бағдарлама 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңға дейін қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін , мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылады.
Үкімет ішкі қоныс аударушыларды қабылдайтын 4 өңірді (Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары) және 5 қоныс шығу өңірін (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары) белгіледі. Аталған тетік шеңберінде ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысында 714 тұрғын үй, Павлодар облысында 441 пәтер сатып алу көзделген.
Мемлекет жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында бағдарлама шеңберінде ерікті түрде қоныс аударушылар мынандай көмек қамтылады:
1. Көшуге материалдық қолдау;
2. Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу;
3. Қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін салынған жатақханалардан бөлмелер беру;
4. Қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беру;
5. Қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберу;
6. Жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
Бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне берілетін бір реттік жәрдемақының мөлшері 35 АЕК-ті (102 095 теңге) құрайды. 
Қойылатын басты талап - отбасында кем дегенде бір адам жұмыс істеуі қажет. Бағдарламаға қатысу үшін жергілікті жұмыспен қамту оталықтарына жүгінуіңізге болады. Біліктілігі жоқ отбасы мүшелеріне тегін орта кәсіптік білім беріледі. Қоныс аударылған балалар бірінші кезекте балабақша мен мектепке қабылданады.


01 сәуір 2021 ж. 1 942 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031