» » ЖАСТАР ЖЫЛЫН ЖАЛАУЛАТАМЫЗ БА, АЛАУЛАТАМЫЗ БА?

ЖАСТАР ЖЫЛЫН ЖАЛАУЛАТАМЫЗ БА, АЛАУЛАТАМЫЗ БА?

Елбасы Н.Назарбаевтың ұсы­нысымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Бұл жас­тарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай. Олай дейтініміз, қоғамның қозғаушы күші жастарға айрықша көңіл бөлініп, үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жастар жылынан күтетін үміт көп, артылар сенім де мол. Дегенмен «аталған жылды құр ұран күйіндегі флешмобтар мен мағынасыз форумдар шеруіне айналдырып алмаймыз ба» деген алаңдаушылық та жоқ емес.


Аталған жылы жастар мәселесін шешу үшін қандай қарекет керек? Ең әуелі осыған тоқталайық. Дәлірегінде, қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға мүмкіндік кеңінен берілуі тиіс. Сол себепті нақты жоспарға сай істелу керек жұмыстардың тізімін жасап, жан-жақты ұсыныстар бекітіп, жастардың көмекке ие болуын қамтамасыз еткен жөн.
Бірінші кезекте жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге қатысты іс-шаралар қолға алынып, нақты нәтижеге қол жеткізуін қамтамасыз ету керек. Елімізде 35 жасқа дейінгі жастардың басым көпшілігінің басында не баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ. Баспана мәселесі шешілсе, білікті жас­тар жұмыс іздеп шарқ ұрмайды.
Елбасы да «Жастар жылының» ресми ашылу жиынында елімізде жұмыс көп, тек мамандар тапшы екенін айтты. Сондықтан күрмеуі көп осы мәселені дереу шешуді тапсырды. – Тығырықтан шығар жалғыз жол – жастарды кәсіпкерлікке баулу, – деді мемлекет басшысы Н.Назарбаев. Мұнан былай «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша берілетін грант саны тағы 2 есеге ұлғаяды. Жас­тар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді.
Елбасы ол үшін бюджеттен 32 млрд. теңге бө­лінетінін тілге тиек етті.
Жоғарыда айта кеткендей, баспана мәселесі де шешімін табады деген үміттеміз.
Талантты, талапты жастар ауылда да жүр. Мемлекет басшысы мұны да қаперге салды. Ол ауыл жас­тарына кәсіп ашып, іс бастауға көмек қолын созу керектігін ескертті. Осы орайда, ауыл жастары да қала жастарынан қалыс қалмай, мемлекет қарастырған мүмкіндікті пайдаланып, шағын кәсіпкерлікті дамы­туға үлес қосуы тиіс.
Мәселен, былтыр облыс аумағында құрылған «Жақаев ізбасарлары» еңбек жасағы ауданымызға келген еді. Бұған дейін облыста құрылған жасақ 2 рет Шиелі ауданында, содан соң біздің ауданымызға ат басын бұрған еді. Ақтөбе ауылына келген жас еңбеккерлер егін алқабын отақтан тазартты. Міне, осындай жастарды еңбек күшіне жұмсайтын тың жобалар жалғасын тапсын деген ниет біздікі.
Бүгінде жастар жігерлі, ынталы, білімді. Сонымен бірге олар креативті пікірге ие. Жастар арасында соңғы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендері де бар. Техниканың жаңа игіліктерін біліп, көріп, оларды жүзеге асырып жүрген де солар. Тіпті, оларды халықаралық деңгейдегі жобаларға қатыстырып, арнайы грант ұтып алған жастар да жетерлік. Ни­ет бар, бірақ қолдау аз. Сондықтан оны ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға қаржылық қолдау қажет. Де­мек, мемлекет тарапынан озық жобаларға, тың идеяларға, ұтымды бағдарламаларға арнайы қаржы қарастырылып, оның жүзеге асуына қолдау көрсету керек.

P.S. Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақпараттық технология дамыған заманда ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, 2019 жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге құрылмай, жастардың жасампаз жобалары көрінер жыл болғай!

Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».
28 қаңтар 2019 ж. 1 236 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930