» » Бағдарлама сыйлаған баспана

Бағдарлама сыйлаған баспана

Елдегі маман тапшылығын жоюға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз деңгейінде орындалып жатыр ма? Бұл мәселе көпшіліктің көкейінде жүргені жасырын емес. Ауылды гүлдендіріп, дамыту мақсатында «Жас келсе іске...» деп жас мамандарды қолдаған тәуелсіз ел биылды «Жастар жылы» деп бекітті. Жыл аяқталуға жақын. Ел келешегінің айбыны қаншалықты артты?
Дереккөзге сүйенсек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2009-2017 жылдар аралығында 494 маман жұмысқа орналасып, оларға 51860,4 мың теңге көтерме жәрдемақы ұсынылған. Бұл – аудан бойынша мәлімет. Оған қоса, 2010-2018 жылдар аралығында 496 маманға 1 163 154,7 мың теңге тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюджеттік кредит ұсынылып, тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Кент тұрғыны Азиз Дүкенбай осыдан 2 жыл бұрын бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізген. Бұл күнде аудан орталығындағы Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінде еңбек етіп жүрген жас ел дамуына сүбелі үлесін қосқанына қуанышты. Баспанасы болғанның басы ауырмайды. Бүгінде шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүрген Азиздың қолынан жиһаз дайындау да келеді. Қолы қалт етсе жаңашылдыққа құмарлығы оны биікке қанат қақтырады.
– Жұмысқа орналасқан сəттен бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көру мүмкіндігін пайдаланып, құжат тапсырдым. 2017 жылы бағдарлама шарапатымен тұрғын үйге қол жеткіздім жəне бірреттік көтерме жəрдемақыға ие болдым. Өткен жылғы Жолдауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты биыл аталған бағдарлама өз жұмысын жандандыра түсті. Үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына 10 жылға жуықтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолдауында бағдарламаға бөлінетін қаражатты 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды, – дейді белсенді жас.
Бұл ретте Азиздың ұсынысы көп-ақ.
– Оның бірден-бір себебін ауылдық мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Осы ретте бағдарлама бойынша кең қолдауға ие болып, жұмыс істеп жатқан жас мамандар үшін белгілі бір қауымдастық немесе одақ құруды ұсынамын. Мейлі ол республикалық, облыстық, аудандық ауқымда болсын. Қауымдастықтың түпкі мақсаты бағдарлама шапағатын сезінген жастардың, жас мамандардың имиджін көтеру. Республикадағы бағдарлама мамандарының басын қосатын қауымдастық тəжірибе алмасу мақсатында түрлі форматтағы жазғы лагерьлер, іскерлік кездесулер, аймақтық сайыстар, т.б. іс-шаралар ұйымдастырумен айналысқаны абзал. Бұл ойды «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының қауымдастығына қарап, ұсынылған ұйымның салмағы мен ықпалын бағамдауға болады. Қоғамға пайдалы қызметтер ұсынғаны өз алдына, құрылатын қауымдастық бағдарламамен жұмысқа орналасқан мамандардың мүддесіне қызмет ете алатындай қауқарлы болуы қажет, – дейді А.Дүкенбай.
Биылдың өзінде бағдарлама қарқыны жоғары. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға қаралған қаржы 246 188 мың теңгеге жетті. Нәтижесінде 65 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде білім беру саласы бойынша 34 маманға, денсаулық сақтау саласы бойынша 26 маманға, агроөнеркәсіптік кешен бойынша 2 маманға берілді. Сондай-ақ мәдениет және спорт саласының 3 маманына берілген.
Рас, бағдарлама қатысушыларының басым бөлігі денсаулық сақтау және білім беру саласынан. Өйткені, қоғамдағы сұранысқа ие екі мамандықтың орны ерекше. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жас мамандарды қолдауға айырықша көңіл бөлуде. Оның ішінде ұстаздар мен медицина саласын заманауи құрылғымен жабдықтап, білікті маманмен қамтамасыз етуді алдыңғы орынға қоюды тапсырған еді.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарда. Осы түйткілдің тарқауы үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл дегеніңіз – ел келешегінің бағытын айқындап, мақсатын нықтаған елдің қадамы.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
30 қазан 2019 ж. 897 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031