Дәстүрді дәріптеген мереке
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ "ҚАЗАҚ ТІЛІ" ҚОҒАМЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ МЕН №1 САНАТОРИЯЛЫҚ БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН "РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ" БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖАС ҰРПАҚ БОЙЫНА ХАЛЫҚ ДӘСТҮРІ МЕН ТАНЫМЫН СІҢІРУ МАҚСАТЫНДА МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ.
Бөбекжай-бақшаның әртүрлі жас топтарының тәрбиеленушілерінің қатысуымен қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін бірқатар рәсімдерден көрініс қойылды. Атап айтсақ, "Аққоян", "Балапан" ерте жас топтары "Тұсаукесер" рәсімін көрсетсе, "Ботақан", "Шұғыла" кіші топтары "Бесікке салу" рәсімін жасады. "Қызғалдақ" ортаңғы, "Шапағат" ересек топтары қазақтың ежелден ұмытылып кеткен ұлттық "Иық тіресу", "Шертпек", "Қарақұлақ", "Тақия тастамақ", "Оқтау тартыс", "Мың данақ" ойындарын ойнатты. Мерекенің белсенді қатысушылары балалар мен ата-аналар, тәрбиешілер мен ұстаздар қазақ халқының бай дәстүрі мен салтының өркендеуіне үлес қоса отырып, жас ұрпақ тәрбиесіне жаңа леп әкелді.
Іс-шараға Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аудандық филиалы қызметкерлері мен алқа мүшелері қатысып, белсенді тіл жанашырларына алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
"Қт" ақпарат