» » Өткеніңді білу – тарихыңды қастерлеу

Өткеніңді білу – тарихыңды қастерлеу


Жаратқан иеміз өмір сыйласа, оны әркімдер-ақ сүреді. Бірақ сол Алладан аманат етілген өмірді мәнді де мағыналы, са­уапты істерге толы етіп өткізу – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтіні бар-ау. Әсіресе, ел басына күн туған солақай саясаттың зобалаңы басқа түскен сәттерде алған бетінен қайтпай қарапайым қазақ баласының қамы үшін күрескен даналарымыздың өмірін осындайда неге үлгі етпеске. Саналы өмірін халқының денсаулығы мен жас ұрпақтың сауатын ашуға арнаған дара тұлғаның бірі – Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлы.
Бір қызығы, кешеге дейін Қадырқұл ишан туралы деректер хатқа түспепті. Тек бертінде белгілі зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабай ағамыз осы кісі жайында мақала жазып, зерттеу­лер жүргізген. Онда ишанның есімі көмескіленіп бара жатқаны жайлы айтылады. Уақытында терең білім алып, ел-халқының амандығы мен саулығына еңбек еткен Қадырқұл ишанның өмір тарихына тағы бір көз жүгіртіп жіберсек, артық болмас деген ниетпен қолға қалам алып отырмыз.
Қадырқұл ишан өз заманында елдің алдында болып, оған қалтқысыз қызмет еткен адам. Көңіл қалағанмен, қолы жете бермейтін Бұқарадағы Көкілташ медресесін жеті жыл оқып, емші шатырхатын алған санаулы ғана емші-домшының бірі. Ол емшілігімен, діни сауатымен танылумен қатар, адалдығымен, тазалығымен де айналасын тәнті етіп отырған. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдебиетінің насихаттаушысы болған деп те сеніммен айтуымызға болады.
"Қадырқұл ишан – өтірік айтуға қарсы, діни ілімді жоғары қоятын заманының керемет тұлғасы болған. Ол өзінің әрбір сөзінде "Бәрі де бір Алланың ісі ғой" деп отырады екен. Шәкірттеріне тек қана діни (мұсылмандық) білім­мен қатар, қазақ халқының ауыз әдебиетінен де қисса-дастандар оқып, әңгіме айтқан екен. Жалпы ол кісі, дінді қазақ халқының салт-дәстүрімен байланыстыра оқытса керек" деп жазады Тынышбек ағамыз мақаласында.
Әулиенің Сыр өңірінде діни сауатты болғаны, емшілік қасиеті мен ұстаздығы жайында көнекөз қариялар қазірге дейін ауыздан-ауызға айтып жүр. Ізгілік иесінің небір дарынды шәкірттер тәрбиелегені де ара-кідік айтылып қалады. Тіпті олардың қатарында Сыр елін – жыр еліне айналдырғандардың бірі – ғұлама шайыр, ақын-аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуов те болғандығы айтылады.
Енді ишан атағына келсек. Тарихтан білетініміздей, діни атақ кез келгенге беріле салатын арзан дүние емес. Қ.Оразмағанбетұлының есіміне «ишан» атағының қоса айтылуы бекерден-бекер болмаса керек. Себебі, ишан – халық арасында елдің сауатын ашып, діни-рухани кемелденген адамдарға ғана берілетін бірегей атақ. Бұл ретте ишанның Бұқарадағы Көкілташ медресесінде бірнеше жыл оқып, елге оралған соң қазақ баласының сауатын ашуға үлес қосқанын, сондай-ақ ен даланы кезіп дәрілік шөптер мен оның тамырын жинап, емшілікпен айналысқаны, қазір қарап отырсақ, бір адамның бойына қаншама қасиеттің болғанын көреміз.
Қадырқұлдың әкесі Оразмағанбет те өз заманында діни сауатты кісі болған деседі. Екі баласы: Қадырмәмбетті шаңыраққа, үй шаруашылығына алып қалса, кіші баласы Қадырқұлды Көкіл­таш медресесіне оқуға жібереді. Бұл екі атадан да ұрпақ тарап, олар бүгінде бір қауым елді құрап отыр. Сондай ұрпақтың бірі, Қадырқұл ишанның немересі, тоқсан жасты еңсеріп қалған Әбдірахман Маханбетов атасы туралы былайша сыр шертеді.
– Кезінде айналасы ашық, анадайдан менмұндалап тұратын «Қадырқұл ишан» мешітінің орны қазір қалың ну сексеуілді жерге айналды. Онда жол білетін адаммен арнайы іздеп бармасаңыз, бірден тауып алу мүмкін емес. Бұл – ата-бабамызға құт болған «Ақтайлақ» атанған ата-қоныс мекеніміз. Мұнда ілгеріде елге батырлығымен, ержүректілігімен танылған Ақтайлақ батырдың кесектен салынған күмбезді бейіті болған. Осы құмды жарып өтетін Томар өзенінен Ақарық, Бозарық деген сулы мекендерге ел жағалай отырып, егін еккен. Осы аралықтарда Кете руының, оның ішінде Кеген аталықтары ауыл, ауыл болып қоныстанған. Бабамыз Оразмағанбет кезінде сауда орталығы болған Аламесек қаласында өмір кешкен. Балалары Қадырмәмбетті шаңырағына алып қалады да, Қадырқұлды медресеге оқуға жібереді. Атамыз медреседе білім алады. Қолына емшілік хатын алып, елге оралады. Сол мезгілдерде Кете руының Дәуімшар атты биі балаларына сауат ашу мақсатында, Томар өзенінің бойынан «Томарбөгет» деген жерден асарлатып мешіт салдырған. Сол мешітке атамыз Қадырқұлды алдыртып, ауыл балаларының сауатын ашуға шақырған. Ишан атамыздың бар өмірі осында бұқараның сауатын ашумен, оларға рухани тәрбие берумен өтеді. Шәкірттерінің арасынан да талай оқымысты, ел басқару ісіне араласқан нарқасқалар шыққан, – дейді ол тарих беттеріне үңіліп.
Қадырқұл ишан қазақ баласын оқытумен қатар, емшілікті қоса алып жүргенін де жоғарыда айтқан болатынбыз. Емші науқас адамға Құранмен дем салумен қатар, көктем, күз мезгілдерінде ен даланы кезіп, дәрілік шөптер жинайтын болған. Талай науқастың деніне ем-шипасын тигізген ишан халқының ықыласына бөленеді. Оның осындай жұртына тигізген ұшан-теңіз пайдасы мешітті кейіннен ауыл жұрты «Қадырқұл ишан» мешіті атап кетеді.
Әулие турасында қариялардың аузында көптеген қызықты әңгімелер айтылады. Соның біріне тоқталып өтетін болсақ. Бұл шамамен 1900-1903 жылдары болса керек. Қадырқұл ишан мұсылмандық парызын өтеуге қазақтың бас ақыны, данышпан Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге барады. Кейін белгілі болғандай, мұны Қадырқұл ишанның баласы Ахметтен тараған Шәкизада 1940 жылы Меккеге қажылыққа барған сапарында қаладағы қонақ үйдің қабырғасынан Құнанбай қажы, Аппаз Мырқыұлы және Қадырқұл ишанның есімі жазылғанын өз көзімен көріп, елге айтып келеді.
«Атамыз өкімет тарапынан 1925-жылдары қуғынға ұшырап, Ақ­төбе облысының Алға ауданы, Табантал мекеніне қоныс аударады. Бұл жақта да мешіт ашып, емшілік жолын жалғастыра түседі. Өкінішке орай, араға екі жыл салып 1927 жылы өмірден өтеді. Атамыздың қабірін іздеп барғанымызда, сондағы қалың ел әулиенің ұрпағы деп құрметпен қарсы алып, қошемет көрсетті. Атамыздың сауапты ісіне риза болған жергілікті халық әліге дейін ол кісінің басына түнеп, зиярат ететіндерін жасырмады» дейді ишан ұрпағы.
«Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – ертең жоқ...» демекші, ата-бабамыздың салып кеткен сүрлеу жолы кейінгі буынға қашанда өнеге болып қалмақ. Ал ел, жер атаулары тұнып тұрған тарих, сөйлете білсең шежіре. Сонау тарих қойнауына сіңіп бара жатқан «Қадырқұл ишан» мешітінің аз-кем тарихы осындай ғибратты істерге куә. Уақыт өтеді, ұрпақ жаңғырады. Десе де, адами қасиетімен, біртуар болмысымен халқының жадында сақталған Қадырқұлдай бабаларымызды ұмытпау – ұрпаққа ләзім. Жақында әулие баба қызмет еткен мешіттің орнына баба ұрпақтарының ұйымдастыруымен ескерткіш тақта орнатылды.
"Өткеніңді білу – тарихыңды қадірлеу. Тарихыңды білу – болашақ бағытыңды айқындау. Осы тұрғыда ескерткіш тақта – ауыр кезеңде ауыл баласын қамқорына алып, сауатын ашуға себепші әрі ұлт руханиятына адал қызмет еткен Қадырқұл атамыздың рухына арнап қойылды" дейді қажы ұрпақтары.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
29 наурыз 2022 ж. 1 053 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031