» » Биік өнеге өлшемі

Биік өнеге өлшемі

Кісілік – өзгелерге деген құрмет пен ықыластан өрбиді. Кісілігі келіскен, жаратылысынан ақылы жарасқан, көнекөз қарияларды біздер көзбен көрдік. Сол кісілерден тәлім алып, өмірімізге өнеге тұттық. Қазір өзіміз де ағалық жасқа жеттік. Біздің арамызда да ой-өрісі, біліктілігі мен рухани байлығы, дос пен ағайынға деген ыстық ықыласы, ақ көңілі, адалдығы еріксіз таңдандыратын жандар жетерлік.
Қармақшылық Темірбек Жайсаң­баев – біз айтқандай, кісілігі мен біліктілігі ке­ліскен жан. Себебі ол саналы ғұмырын ғылым-білімге арнап, білікті оқытушы, жаны жомарт, кеңпейілді, ар-ожданы таза азамат. Сөз білген, жөн білген, кісілігімен, түсінігімен жұртты баурай білетін замандастың бірі болды.
Темірбек Раманқұлұлы 1945 жылы ауданға қарасты Қорқыт стансасында теміржолшының отбасында дүниеге келген. 1951 жылдан бастап Қорқыт стансасының бастауыш мектебінде оқып, орта білімді кенттегі №26 қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы мектепте алды.
Орта мектепті бітіргеннен кейін, екi жыл Жосалы механикалық зауытында токарь болып жұмыс істеді. 1963 жылы Қызылорда қаласындагы Н.Гоголь атындагы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1970 жылы «Физика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтады.
Біздің таныстығымыз осы сту­денттік кезде басталды. Ол уақытта «студенттік отряд» деген болатын. Олар түрлі құрылыс жұмыстарымен айналыс­ты. Үш жыл қатарынан осындай топты басқарып келді. Сол уақытта жүргізген құрылыстардың басым көпшілігіне Темірбектің қолтаңбасы тиді.
Қандай болмасын істің ілгері басуы, өсіп-өркендеуі оны басқаратын басшының іскерлігі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Негізінен басшы болу да өнер. Біреумен тең дәрежеде пікірлесу, енді біреуге үлкендік ақыл айту, үлкеннің ұсынысын тыңдау, елмен тіл табысу биік адамгершілік қасиетті, шеберлікті талап етеді. Жас болса да ол ісіне тиянақты, өзіне жүктелген қайсы бір істі болсын тындырымды атқаратын. Оның жұмыс істеу тәсілі де өзгелерден ерекше. Форманы кигізіп, тәртіпке бағындыра да, студенттердің бабын таба да білді. Кейде жастар осы Темірбек бастаған топтың құрамында боламыз деп те таласып қалатын. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында біздің өлкедегі отряд үнемі үздіктер қатарынан көрінетін. Студенттік кезеңнен кейін, Мәскеу қаласында Кеңес әскері қатарында әскери борышын атқарды.
Ғылым-білімнен бөлек, өнерге де ықыласты Темірбек облыстың өнерлi жастарынан құралған «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің құрамында 1968 жылы Болгар Халық Республикасында Бүкiлдүниежүзілік студенттер мен жастар фестивалiнiң мәдени бағдарламасына Қазақстан атынан қатысып, София, Пловдив, Варна қалаларында болып қайтты. Ал 1970 жылы ансамбль құрамында Молдавияда өткен II Бүкілодақтық ән-би ансамбльдерiнiң фестиваліне қатысып, жүлделi орын алуына өз үлесін қосты.
Біздің студенттік шақтағы таныстығымыз, кейіннен достыққа ұласты. Отбасылық достар ретінде бір-бірімізбен байланысымызды әліге дейін үзген жоқпыз. Институтты бiтiргесiн төрт жыл бойы ауданға қарасты №185, №27 орта мектептерінде физика пәні мұғалімі, директордың оқу iсi бойынша орынбасары қызметтерін атқарды. 1974 жылдан бастап Қызылорда педагогикалық институтында физика методикасы және жалпы техникалық пәндер кафедрасының оқытушысы қызметiне қабылданды. Ол Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік уни­верситетінің «Жоғары және орта мектеп педагогикасы» кафедрасында, аспирантурадағы ғылыми-зерттеу және орта Киев жұмыстарының нәтижесiнде 13.00.01 – «Педагогиканың теориясы және тарихы» мамандығы бойынша «6-8 класс окушыларының политехникалық бiлiмiн жетiлдiрудiң педагогикалық шарттары» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ата­ғын алды. Өмір жолын ғылыммен байланыстырған ол Қызылорда педа­гог­икалық институтының «Жалпы физика және физиканы оқыту ме­тодикасы» кафедрасының аға оқытушысы, доцентi, кейіннен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетiнiң «Физика және физиканы оқыту методикасы», «Кәсiби оқыту» кафедраларында кафедра меңгерушісі, университеттiң аға ғылыми қызметкерi, 2001 жылдан физика және физиканы оқыту әдістемесі кафедрасының доценті, 2012 жылдан бастап «Физика және математика» кафедрасында академиялық профессоры болып қызметтер атқарған-ды.
Сондай-ақ ол 80-нен астам ғылыми, оқу-әдістемелік, ғылыми-көпшiлiк еңбектердің авторы, оның iшiнде 5 оқу-әдістемелік құралдары жоғары оқу орындары мен орта мектептердiң оқу-тәрбие үдерiсiнде қолданылуда. 4 магистрлiк диссертацияға жетекшiлiк жасады. Ғылыми жұмыстарының арқасында тек республикаға ғана емес, халықаралық деңгейде көріне білді. Оған 2003 жылы Халықаралық пе­дагогикалық бiлiм беру ғылымдары ака­демиясының мүше-кореспонденті бо­лып сайлануы айқын дәлел бола алады.
Темірбек Жайсаңбаев ұзақ жылғы ұстаздық қызметі мен ғылыми жұ­мысындағы табыстары үшін лайықты марапаттарға ие болды. Қазақстан Рес­публикасы бiлiм беру iсiнiң үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгiсi, Бiлiм ака­демиясының кұрмет грамотасы, Қа­зақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты», Қызылорда облысы әкiмi мен мәслихатының құрмет грамо­тасымен марапатталуы – еңбектің еш кетпегені. Түсінген жанға бұл ма­ра­паттардың әрқайсысының орны бөлек.
Өмір – ел-жұрты сыйлап, құрмет­теген жақсылармен, жақсы адамдармен сәулелі, тұғырлы. Темірбек бәз біреулер секілді мансап қумады, мақсат қуды. Ғылым жолына адалдық танытты. Жұбайы, университеттің «Жалпы педагогика» кафедрасының профессоры Айнагүл Бiркенқызы екеуi төрт баланы дүниеге әкелiп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, немере-шөбере сүйді. Жары Айнагүл де өмірі көрмеген ауыл өміріне сіңісіп, үлгілі келін болған жан. Өмірлік серігін қай жағдайда да қолдап жүретін. Екеуі де қабағын шытқан емес, күліп жүруді құп көретін. Темірбек біздің жадымызда жадыраған қалпымен, ақкөңіл болмысымен есте қалды. Аты жаман індет қармағына іліндірмегенде, ғалымның қоғамға берері әлі де мол еді. Бүгінде балаларының барлығы отбасылы, жоғары бiлiмдi, өмірден өз орнын тапқан жандар.
Жалпы қазір арғымаққа міндім деп, артқы топтан адасып қалатын кеуделілер көп-ақ. Ал Темірбек педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор болса да, адамдық қалпынан танбады. Бүгінгі жастарға оның қарапайым да кішіпейіл, білікті де іскерлігі үлкен үлгі болуы керек. Жақсылық пен адамгершіліктің бағбаны бола білген Темірбектей атпал азаматтың есімі, оның жарқын бейнесі біздің есімізде ұзақ сақталады.

Қаршыға ЕСДӘУЛЕТОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы
26 наурыз 2022 ж. 525 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031