» » ҒАЛЫМДАР ОТБАСЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

ҒАЛЫМДАР ОТБАСЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

Қытайдың ұлы ойшылы, адамзат тарихындағы ең ұлы ұстаздың бірі Конфуцийдің «Адамдық қатынастың әуелгі үлгі мектебі – үй ішінен бас­талады. Әрбір отбасы – шағын болса да дербес қауым, мемлекеттің ең кішкентай қайталанбас бөлшегі. Ата-ананы сыйлау, оның айтқанынан шықпау отбасылық қана емес, ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі тәрбиенің көрінісі», – деген қағидасын қазіргі уақытта бүкіл әлем ұстануда.
Жер көлемі жағынан әлемде то­ғы­зыншы орын алатын Қазақстанда 18 миллион 400 мыңнан астам халық тұрады. Егемен еліміздің мемлекеттік саясатына сай жас жеткіншектер Отансүйгіштік рухта тәлім-тәрбие алуда. Осы алуан түрлі сипаттағы көптеген отбасылардың ішінен сырбойылық Темірбек Жайсаңбаев ағамыз бен Айнагүл Табулова апамыздың шаңырағын айырықша  айтуға болады. Өйткені, Темірбек Раманқұлұлы мен Айнагүл Біркенқызы сонау 1969 жылдан жас жеткіншектерге білім нәрін егіп келе жатқан ұлағатты ғалым-ұстаздар.
Темірбек Раманқұлұлы Қорқыт стансасында теміржолшы отбасында дүние­ге келген. Аудан орталығы Жосалы қыстағындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті бітірген соң 2 жыл механикалық зауытта токарь болып еңбек етеді. 1963 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық инс­титутына «Физика» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны бітіріп шығады. Одан әрі Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтейді.
Темірбек ағамыз студент кезінен бас­тап қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Институттың «Сыр сұлуы» ән-би халық ансамблінің мүшесі ретінде Қазақстан атынан Болгарияда өткен Дүниежүзілік студенттер мен жастар фестиваліне қатысып, София, Бургас, Пловдив және Варна қаласында өнер көрсеткен. Соның ішінде 1970 жылы ансамбль құрамында Молдавияда өткен II Бүкілодақтық ән-би ансамбльдерінің фестивалінде жүлделі орынға ие болды.
«Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген халық даналығы. Сол айтқандай Қызылорда пединститутын «Орыс тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген өзі секілді білімді де еңбекқор Айнагүл Біркенқызымен отбасын құ­рады. Апамыз Қызылорда қаласының темір­жол аймағындағы №6 орыс мектебін бітіргеннен кейін еңбекке ерте араласып, қалалық сот мәжілісінің хатшысы болып жұмыс істеген. 
Жоғары білімді жас мамандар ауданның №27, №185 орта мектептерінде ұстаздық етеді. Тәкең пән мұғалімі, сондай-ақ дирек­тордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орын­басары болса, Айнагүл орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Олардың тәрбиесін алған жүздеген оқушылар ішінен белгілі өнер қайраткері, жыршы, профессор Алмас Алматовты, айтулы азамат Ырзақұл Нұртаевты, айтыскер ақын Серік Ыдырысовты айтуға болады.
Мектептегі жетістігі мен шығармашыл ізденісі ескеріліп,  ерлі-зайыпты ұстаздар педагогика институтына оқытушылық қызметке шақырылады. Студенттерге дәріс бере жүріп, ғылыми-зерттеу жұ­мысымен айналысады. Украинаның Тарас Шевченко атындағы Киев Ұлттық университетінде аспирантурада оқып, Киев университетінің мамандандырылған Ғылыми Кеңесінде 1989 жылы Темірбек ағамыз «Оқушылардың политехникалық білімін жетілдірудің педагогикалық шарт­­­­тары» тақырыбында, Айнагүл апа­мыз «Жасөспірімдерді отбасында ең­бек­ке тәрбиелеуді жетілдіру жолдары» тақырыбында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғайды.
«Егер, тек өзі үшін ғана еңбек ететін болса, ол адамның, әрине әйгілі ғалым, тамаша ақын, ұлы данышпан болып шығуы мүмкін, бірақ ол шын мәніндегі нағыз ұлы адам бола алмайды» – дегенді өмірлік ұстаным еткен ғалымдар отбасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келеді.
Білікті ғалым Т.Жайсаңбаев Қорқыт ата атындағы ҚМУ-де «Физика және физиканы оқыту әдістемесі» және «Кәсіби оқыту» кафедрасының меңгерушісі қыз­метін атқарды. Профессор, педагогика білімдерінің Халықаралық ғылым ака­демиясының (МАНПО) коррес­пондент-мүшесі. Физиканы оқыту әдіс­темесі және жастарға политехникалық тәрбие беру мәселелерін зерттеуге арнал­ған 104 ғылыми еңбектің, 5 оқу құралы мен 4 оқу-әдістемелік құралының авторы, 7 магистрлік диссертация жетекшісі. Педагогика саласындағы ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ҚР Президентінің алғыс хаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы, ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін төс белгісімен марапатталды. Сол секілді Қорқыт ата атындағы Алтын медалі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» белгісі табысталды.
А.Табулова жоғары оқу орнында «Жалпы педагогика», «Педагогика және оқыту әдістемесі» кафедрасында профессор қыз­метін абыроймен атқаруда. Ұзақ жылдар тәрбие және экология мәселесін зерттеу­мен айналысты. 100-ге жуық ғылыми еңбегі халықаралық және республикалық басылымдарда жарық көрді. 4 электронды оқулық, 3 оқу құралын баспадан шығарды, 6 магистранттың диссертациясына жетек­шілік етті. ҚР білім беру ісінің үздігі, көптеген марапаттың иегері.
 Атақты ғұлама Әл-Фараби: «Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген және аңғарған нәрсесінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын алғыр да зерек ақыл иесі және ар-намысын ардақтайтын, жақынына да, жатына да әділ, жұртқа жақсылық жасап үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болу керек» – деп жазған. Өмірдің қиындығынан шыңдалған, мол тәжірибе жинақтаған ұстаздардың бойынан осы жақсы қасиеттің бәрі табылады.
Орта ғасырлық сопы Сұлтан Санжар «Әрбір ата-ана өз ұрпағын, ал ұстаз тұтас ұлтты тәрбиелейді» десе, Мұхаммед пайғамбар «Бір әріп үйреткен жанға қырық жыл қызмет ет»  деп, ұстаз еңбегінің маңызына  тоқталған.
«Бір сағат ілім үйрену бір сағат құл­шылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу үш ай ораза тұтқаннан артық» деп Пайғамбар хадисінде айтылғандай, ерлі-зайыпты ұстаздар өмір бойы жастарды білім алуға, еңбек етуге тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты иелері. 
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ
29 шілде 2019 ж. 955 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031