» » Ескерткіш – тарих куәсі

Ескерткіш – тарих куәсі


Қармақшы өңірі – тарихи мұраларға бай өлке. Өлкеміздегі әрбір тарихи ескерткіштердің, өткен күндердегі оқиғалардың айқын куәсі екені айқын. Алайда сол бір ескерткіштердің маңыздылығы мен ерекшелігін көпшілікке ашып көрсету, насихаттау келелі жұмыстардың бірі болмақ.
Біздің жерімізде болған тарихи оқиғалар жайлы қазақ ғалымдары түрлі ғылыми тұжырымдар айтса, жазушылар шығармалар жазған. Оғыз хандығы кезінде Баят, Қият тайпалары біздің жерімізде мекен еткені ғылыми зерттеулер, жер, су, мазарлар аттары, ескерткіштер арқылы белгілі болған.
Шығысқа Ислам дінінің келуіне байланысты сәулет өнері жаңа бет-бұрыс жасады. Құрылысқа геометриялық өрнектер, қошқар мүйіз, түрлі өсімдіктер бейнелері, кеспе-қима өрнектер, түрлі-түсті малта тастардан қаланған әшекейлер, түрлі плиталармен көмкеру ене бастады. Сөйтіп құрылысшылардың түрлі түске және көлеңке бояуларға ден қоюы, жауын- шашынға мұқалмайтын шыны бояуының тууына себепкер болды.
Осындай тарихы терең ескерткіштеріміздің бірі ХІІ-ХІІІ ғасырлармен мерзімделетін, Қармақшы ауданы Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округіне қарасты Кекірелі елді-мекенінен солтүстік-шығысқа қарай 16 км жерде орналасқан, Жаңадария өзенінің көне арнасының алқабындағы Сырлытам кесенесі.
Сырлытам кесенесі порталды-күмбезді, бір камералы құрылысқа жатады. Ескерткіштің жалпы биіктігі күмбезбен бірге 13 метрді құрайды. Кесене төрт бұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Салмақ түсетін қабырғаларының қалыңдығы әр түрлі болып келген, солтүстік бетіндегі қабырғасы 2 метр, батыс және шығыс бетіндегі қабырғалары 1,5 метр, ал оңтүстік бетіндегі қабырғасы 1 метр қалыңдықта қаланған. Кесененің оңтүстік және солтүстік жағында терең қуыстары бар екі есігі бар. Кіреберіс есіктері жалпақ жарма есіктермен жабылған. Кесененің шатырындағы 6 метр күмбезі 16 қырлы күмбез астындағы барабанда орнатылған. Кесене күмбезі екі қабаттан тұрады: сыртқысы күмбез астындағы барабан тәрізді 16 қырлы пирамидаға ұқсас, ал ішкі қабаты жартылай сфера тәріздес болып келеді. Күмбездің сыртқы және ішкі қабаттары бір-бірімен қырлардың бұрыштарында орналасқан қатты қабырғалармен бекітілген. Биіктігі 7,5 метр порталдың оңтүстік секторға бағытталған призмалы корпусқа жазылған, терең қуысы бар, айқышты қабырғада кірме ойығы бар сүйір аркасымен жабылған порталды терең қуысы бар. Порталды қуыс қазіргі күнге дейін сақталмаған араб графикасымен ойып өрнектелген күйдірілген саздан жасалған плиткалардан жасалынған «П» әрпі тәрізді белдеумен қамтылған.
Құрылыс күмбезінен ара қашықтығы бірдей етіліп шағын терезелер шығарылған. Оның да маңдайшасы жартылай шеңбер етіп ойылған. Бұл стиль кейінгі ұрпаққа әсерін тигізбей қойған жоқ. Көрші қыстаулардың қабырғадан есік, терезе шығаруы Сырлытамға еліктеуін байқатады.
1962 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы С.Толстовтың жетекшілігімен Сырлытам кесенесін зерттеді.
Бұл ескерткішпен аттас Сырлытам күмбезі атты екінші ескерткіш Қызылорда қаласының батысында «Іңкәрдария» совхозының жерінде тұрғанын ғалым Ә.Қоңыратбаев «Сыр бойында - Сырлытам» атты мақаласында жан-жақты деректер келтіріп жазған. Ә.Қоңыратбаевтың жазба деректеріндегі бұл Сырлытам мазары «Ислам дінінің әсерінде емес шаманизм рухында салынған. Мазардың есігі біреу, ол құбылаға емес шығысқа қараған. Оның ішіндегі сегіз мола да шаман салтымен теріскейге қарата жерленіпті. Дөңгелек кірпіштен өрілген екі босағаның арасына орнатылған ою-өрнек үлгілері түрікмендердің қалы кілеміне ұқсас» делінген.
Қазақтың сәулетшісі М.Сембин сәулет өнеріндегі ескерткіштердің кейбір жиі кездесетін атаулардың мағынасын талдап, былай жазды: «Ішкі көріністегі сәндік өрнегімен, қасбеті оюлы терракотасымен қапталуымен Сырлытамды байланыстыру жөн (сырлы–әшекейленген). Қазақстанда осылай аталған кесенелердің бірнешесі бар және олар түрлі аймақтарда орналасқан (Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстары).
Қармақшы ауданы аумағындағы Қызылқұм ішіндегі Сырлытам күмбезінің ерекшелігі – есігі біреу емес, екеу. Алдыңғы кіре беріс есік батысқа (құбылаға) қараса, артқы есік шығысқа қарай ашылған. Күмбез төбесі жабық. Күмбез қабырғаларынан жарық түсерлік үшбұрышты бірнеше тесіктер ғана жасалған. Есіктен 3 метрдей биік маңдайша доғалданып иіліп өрілген қыштар аспан түстес көк сырмен боялған. Бұл бояу ескерткіш салынғаннан бар бояу деседі. Ескерткіштің батысқа қараған кіре беріс есігінің екі жағында адам қолы жетерлік жерде арабша жазылған жазулар іздері бар.
Алайда жергілікті ақсақалдардың айтуынша ХХ ғасырдың ортасында кесененің шатыры құлап, қабырғалары бүтін сақталған екен.
2000 жылдардың басында мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштерге қайта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Осы бір мемлекеттік жаппай мәдени ескерткіштерге күрделі жөндеу жұмыстары аясында Сырлытам кесенесінеде реставрация жүргізілді. Сырлытам кесенесінің күмбез, портал мен жерлеу камерасының сыртқы және ішкі қабырғаларының толығымен жойылған бөлшектері қалпына келтірілді, есіктері қайта орнатылды. Кесене қайта қалпына келтірілгеннен кейін өзінің бастапқы түріне ие болды.

28 наурыз 2022 ж. 762 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031