» » » Сырға толы Сырлытам

Сырға толы Сырлытам

Қармақшы өңірі – тарихи мұраларға бай өлке. Біздің жерімізде болған тарихи оқиғалар жайлы қазақтың ғалымы Мекемтас Мырзахметов, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаевтар түрлі ғылыми тұжырымдар айтса, жазушылар Сәбит Мұқанов, Мұхамметжан Қаратаевтар шығармалар жазды. 
Оғыз хандығы кезінде Баят, Қият тайпалары біздің жерімізде мекен еткендігі ғылыми зерттеулер, жер, су, мазарлар аттары, ескерткіштер арқылы белгілі болған.
Жеріміздегі Қорқыт ата, Қармақшы ата, Марал баба, Қалқай ишан кесенелері халықты рухани тәрбие жағынан бағыттап отыратын зиялы адамдардың тарихта болғанын дәлелдейді. Қазақстандағы 25 мыңнан астам тіркелген ескерткіштер арасында алғашқы адамдардың тұрақтары, мыңдаған жылдар бойғы тарихы бар қалалар бар. Осы мыңдаған археологиялық куәліктер арасында ежелгі, ортағасырлық, шығыс сәулет өнерінің құнды қазынасы жатыр. Б.з.д. ІҮ-ІІ ғасырлардағы Баланды ІІ ескерткіші – кірпіштен жасалған алғашқы күмбездердің бірі.
Алтын асар қалашығы – б.д.д. І-ҮІІІ ғасырлардағы құрылыс технологиясының даму деңгейінің зор екендігін көрсететін көне қала орны.
Сырлытам кесенесі – ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда салынған қала құрылысы және сәулет туындысы. Бұл 3 ескерткіш – Қармақшы ауданындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы №279 қаулысымен бекітілген республикалық маңызы бар тарихи мәдени мұралар. Бұл нысандардың қатары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2017 жылғы 31 наурыздағы бұйрығына сәйкес тағы үш ескерткішпен толықты. Атап айтқанда, Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр,қылует, қошқар тас, мұражай) 1980 ж., Шірік-рабат қалашығы, б.з.д. Ү-ІІ ғ.ғ., Бәбіш – Молла ескерткіштер кешені, б.з.д. ІҮ-ІІ ғ.ғ. 
Аудандағы Тағай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан Сырлытам кесенесіне тоқталмақпын.
Ескерткіш Жаңадария өзенінің көне арнасының алқабында ораналасқан. Сырлытам кесенесі порталды-күмбезді, бір камералы құрылысқа жатады. Ескерткіштің жалпы биіктігі күмбезбен бірге 13 метрді құрайды. Кесене төрт бұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Сәулет өнері жағынан оның өлшемі 10×11 м, ғимараттың сақталып қалған биіктігі 9 метр болып табылады. Салмақ түсетін қабырғаларының қалыңдығы әр түрлі болып келеді – солтүстігіндегі 2 метр, батыс және шығысындағы 1,5 метр, оңтүстігіндегі 1 метр. Кесененің оңтүстік және солтүстік жағында терең қуыстары бар екі есігі бар. Кіреберістер жалпақ жарма есіктермен жабылған. Кесененің шатырындағы 6 метр күмбезі 16 қырлы күмбез астындағы барабанда орнатылған. Кесене күмбезі екі қабаттан тұрады: сыртқысы күмбез астындағы барабан тәрізді 16 қырлы пирамидаға ұқсас, ал ішкі қабаты жартылай сфера тәріздес болып келеді. Күмбездің сыртқы және ішкі қабаттары бір-бірімен қырлардың бұрыштарында орналасқан қаттылық қабырғалармен бекітілді. Биіктігі 7,5 метр порталдың оңтүстік секторға бағытталған призмалы корпусқа жазылған, терең қуысы бар, айқышты қабырғада кірме ойығы бар сүйір аркасымен жабылған порталды терең қуысы бар. Порталды қуыс қазіргі күнге дейін сақталынбаған араб графикасымен ойып өрнектелген күйдірілген саздан жасалған плиткалардан жасалынған «П» әрпі тәрізді белдеумен қамтылған.
Бұл ескерткішпен аттас Сырлытам күмбезі атты екінші ескерткіш Қызылорда қаласының батысында «Іңкәрдария» совхозының жерінде тұрғанын ғалым Ә.Қоңыратбаев «Сыр бойында - Сырлытам» атты мақаласында жан-жақты деректер келтіріп жазған (Ертедегі ескерткіштер, Алматы, «Өнер», 1996 ж.). Ә.Қоңыратбаевтың жазба деректеріндегі бұл Сырлытам мазары «Ислам дінінің әсерінде емес, шаманизм рухында салынған. Мазардың есгі біреу, ол құбылаға емес, шығысқа қараған. Оның ішіндегі сегіз мола да шаман салтымен теріскейге қарата жерленіпті. Дөңгелек кірпіштен өрілген екі босағаның арасына орнатылған ою-өрнек үлгілері түрікмендердің қалы кілеміне ұқсас» делінген.
Қазақтың сәулетшісі М.К.Сембин сәулет өнеріндегі ескерткіштердің кейбір жиі кездесетін атаулардың мағынасын талдап, былай жазды: «Ішкі көріністегі сәндік өрнегімен, қасбеті оюлы терракотасымен қапталуымен Сырлытамды байланыстыру жөн (сырлы – әшекейленген). Қазақстанда осылай аталған кесенелердің бірнешесі бар және олар елдегі түрлі аймақтарында орналасқан (Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстары)».
Біздің Қармақшы ауданы аумағындағы Қызылқұм ішіндегі Сырлытам күмбезінің ерекшелігі – есігі біреу емес екеу. Алдыңғы кіре беріс есік батысқа (құбылаға) қараса, артқы есік шығысқа қарай ашылған. Күмбез төбесі жабық. Күмбез қабырғаларынан жарық түсерлік үшбұрышты бірнеше тесіктер ғана жасалған. Есіктен 3 метрдей биік маңдайша доғалданып иіліп өрілген қыштар аспан түстес көк сырмен боялған. Бұл бояу ескерткіш салынғаннан бар бояу деседі. Ескерткіштің батысқа қараған кіре беріс есігінің екі жағында адам қолы жетерлік жерде арабша жазылған жазулар іздері бар.
Уақыт пен адамзаттың әрекеті көне ескерткіштерді аямайды, өкінішке орай бұл Сырлытам кесенесіне де байланысты. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ХХ ғасырдың ортасында кесененің шатырын «Өзбекторға» сексеуілді дайындау бойынша кәсіпорынның кәсіп еткен трактористері арқанмен жұлып әкеткен. Дегенмен қабырғалары бүтін және аман болып қалды. Ескерткіш қатты қирағандықтан, 2000 жылдардың басында тарих және мәдениет ескерткішіне күрделі қайта құру жұмыстары жүргізілді. Күмбездің, портал мен жерлеу камерасының сыртқы және ішкі қабырғаларының толығымен жойылған бөлшектері қалпына келтірілді, есіктері қайта орнатылды. Кесене қайта қалпына келтірілгеннен кейін өзінің бастапқы түріне ие болды. 
Талай жылдар қараусыз, ескерусіз жатқан ескерткіштерімізге еге болып, жәдігерлерімізге жанашырлықпен қарауға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылы қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы өшкенімізді жандандыруға, жаңа істерге жол ашқан игі бастама болды.
Әрбір қазақстандыққа бағыт-бағдар берер Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану мен қорғау туралы» Заңы талаптарын орындау біздің әрқайсымыздың абыройлы борышымыз екенін әр уақытта естен шығармағанымыз абзал.

Қ.СӘРСЕНБАЕВА
Қармақшы ауданы
21 қараша 2019 ж. 1 463 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031