» » Атпен қатынап қызмет қылған

Атпен қатынап қызмет қылған


1980 жыл үлкендеріміз үшін Мәскеудің қоңыр аю бейнеленген олимпиадасымен есте қалды. Дәл осы жылы Тұрмағамбет ауылының өрімтал қызы көрші Ақжардағы Жақсыбай ағаның үйіне келін болып ақ босаға аттайды. Келімді-кетімді адамдар азайып, қонақ аяғы басылған кешкі бір шай үстінде жас келін имене отырып апасына (енесіне):
– Апа, көкем бәрібір атқа мініп жатқан жоқ қой, ат бос тұр. Менің жұмысқа қа­тынауым қиын болып кетті. Жолдың бо­й­ында кейде көлік болады, кейде болмайды. Көкем рұқсат етсе, атты жұмысқа мі­нейін деп едім, – деп ойын жайып салады.
Келін сөзін естіген атасы «ат үркісе, жазым боларсың, айналайын» деп, шошып кетеді. Дегенмен, сабырлы да салиқалы ене өзінің сырбаз мінезіне салып:
– Келінжан, жылқылы байдың қызы емес пе, уайымдамаңыз отағасы, ештеңе болмайды. Сенім артып, азанда атты ерттеп беріңіз, – дейді сыпайылап.
Сол сенімді арқалаған жас келін атасы мен енесінің сенімін ақтап, ауыл іргесінен қашықта жатқан малшы ауылдарға бес жылдай атпен қатынап, медициналық қызметтер көрсетті.
Оқырман «бұл кім болды екен?» деген ойда отырған болар. Айтайық. Бұл сол кезеңдерде Ақжар ауылына келін болып келген Тұрмағамбет ауылының қырмызы қызы, Тұрмағамбет шайырдың жиені (нағашысы – Әбдірауық Тұрмағамбетұлы), бүгінде медицина саласының ардагері, ауылдың қоғамдық жұмыстарындағы ұйытқысы болып отырған Гүлбану Бисенбаева апамыз болатын.
Атап айтарлығы, алпыстың төртеуіне келген кейіпкеріміздің сонау жастық шағынан басталған жылқыға құмарлығының ыстығы әліге дейін басылмағаны. Салыстырғандық емес, жалпы кейбір ұлтқа қарағанда, қазақ қыздары ермінезді келеді. Дала философиясымен кіндігі байланған қазақ атамыз қызын төріне шығарып, тақиясына үкі таққан. Атқа отырғызып, қолына садақ ұстатқан. Мұндай іс-әрекет қазақ аруының қиындықтан қыңбай, қайсар қимылдауына кедергісіз жол ашқан. Осы бір тәлімнің ұштығы, қыз баласына тән жігер мен жалын рухы Гүлбану апамыздың да өмір-тарихымен астасып жатқандай көрінеді.
– 1979 жылы еңбек жолым Тұрмағамбет ауылында кезекші медбикеліктен басталды. Артынша Алдашбай ахун ауылына фельдшер болып ауыстырылдым. 1980 жылы күйеуге шыққан соң, басшылық бірден Ақжарға аға акушер етіп жіберді. Сөйтіп, менің осы ауылға келін болып келгеніме биыл қырық екі жыл толады. Аз уақыт емес, әрине. Әкем Берман, ағам Нұртай елге танымал адамдар болды. Олардан артық ешкім жоқтай көрінетін маған. Анам Мағыпура, жеңгем Қаншайым асыл жандарым еді. Жеңешем жырау Жаппар Тұңғышбаевтың апасы. Біз үйде он жеті бала бірге өсіп, бірге ойнап, бір шаңырақ астында Берман әкеміздің үйінде өстік. Нұртай ағам жаз жайлау, қыс қыстау жылқы бақты. Біздің балалық демалысымыз жайлау мен қыстауда өтетін. Ағамыз бен жеңгеміз біздің қамқорымызды соғып, саумал, қымыз ішкізетін. Әлі есімде, сырттан қонақтар қымыз ішуге келетін. Қымыз тұла-бойыңды қыздырады. Оны басамыз деп сарқырап жатқан бұлақтың мұздай суына барып күмп етеміз. Жеңешем сонда біздерге қарата: «Немене, шеттеріңнен ит балық болып кеттіңдер ме, дереу үйге қайтыңдар» деп тамаққа шақырып, бәйек болатын. Ол кезде мен төртінші сыныпта оқитынмын. Өсе келе атқа мінуді үйрендік. Ұлдар тай бас білдіреді. Жылқы адамдар секілді, кейбірі асау, кейбірі жуас келеді. Торы, буырыл, ала бел, қасқа, ақ-қара түсіне қызыға қарайсың. Тұрмысқа шыққанға дейін тек қана жылқы етін жеп, қымызын ішіп өстім. Ағарғанды жақсы көремін. Қазірге дейін төркінге бара қалсақ, жылқы етін асып, қымызын ұсынып жатады, – дейді Гүлбану Берманқызы.
«Отбасында үш жеңгем болды. Сол себептен болар, үйдің шаруасына қатты араласпаппын. Тек үлкен әпкелерім үй тіршілігіне кезекшілік қойып, соны атқаратынбыз. Бар уақытым, қоғамдық жұмыс пен спортқа арналыпты» дейді ардагер жастық шағын ойға оралтып.
Гүлбану апайдың ат жалын тартып, бой жете бастағанынан-ақ үй шаруасынан гөрі малға көп көңілі кеткендей. Ауылдың тіршілігі малмен байланыс­ты ғой деп айтқанымызбен де көбінде қыз баласы отбасы ішінің тіршілігін қолайлайтыны бар. Гүлекең апамыз бауға жоңышқа, пішен оруға барғанда, бауырларымен жарысып, аттың басын еркінге жіберетін көрінеді. Ер балаларды шаң қаптырып та кететін кездері аз болмаған. Қалып қойған кей сәтінде әкесіне шағым айтып, «сыбатып» алатыны да болыпты. Бір жағынан еркелігі ме, бір жағынан намыстылығы ма дерсіз мұндайда.
Қыз балаға анасы әрқашан сыншы. Оның тәрбиесі де ананың мойнындағы жауапкершілік. Кірді қалай жуу керек, ішек-қарынды қалай тазарту керек, ет қақтау мен қазы айналдыру секілді қазақи тірліктегі шаруаларды айна-қатесіз анасынан үйреніп алған Гүлбанудың әрбір ісіне шеше де ризалық білдіріп отыратын: «Сен мені уайымдатпайсың. Кез келген жерге сиясың, мінезге байсың. Керек жерінде шыдамдылық, ұстамдылық таныта білесің, ақылың бар. Бастысы – ұят боладыны білесің» деп жиі есіне салатын. Сол ұят боладымен ес жиып, еркін өскен ерке қыз кейін келін атанғанда да ибалы келін, қайынжұртқа сыйлы да ардақты ана бола білді.
– Жұбайым Рысбек Жұбатқанов ауыл мектебінде қырық жыл денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, зейнетке шығып отыр. Өзімнің спортқа жақындығым, жар таңдауымда қателеспегенімді көрсетсе керек. Көкем мен апам жеті бала өсірген кісілер. Екеуі де жағдайымды жасап, жұмыстан қол үздірмеді. 1980 жылдары ауылда жедел жәрдем көлігі болатын. Бірақ көне, көп бұзылатын, фермаларға қатынау қиын еді. Жас­пын. Екіқабат әйелдер бар. Солармен жұмыс істеуіме көліктің бұзыла беретіні кедергісін келтірді. Әркімге жалынып жүргенім. Үйге кеш қайтамын. Бірде апама жағдайымды айтып көріп едім, атпен қатынауға көкемнен рұқсат алып берді. Кешке жолдасыма айтып мақтандым. Ол да қарсы болмады, себебі менің атқа жақсы отыратынымды бұрыннан білетін. Содан бастап атам ерттеп берген сары момақан атымды мініп, жұмысқа баруды әдетке айналдырдым, – дейді апамыз.
Шынын айтқанда, жылқы ақысына пұл сұрамайтын, май құймайтын рақат көлік қой. Жараулы болса, далада қалып қоямын деп қорықпайсың. Ауылдан бірнеше қашықтықта «Утренняя заряда» медициналық бекет орналасқан. Аға акушер осында күнделікті атпен қатынап, ауру-сырқауды, аяғы ауыр аналарды қарап, бақылауына алған. Бикс пен тонометрін ердің басына байлап, әндетіп отырып Шортанкөл, Қызыләскер, Алтынқұм, Алтынбай, Ақтөбе, Көкиінде тұратын малшыларды да қамтып, денсаулығын тексеріп келеді. Қан алады, ине шаншады, әйтеуір не көп, жұмыс көп.
Жазық даламен жүрсең, қасқыр, шағалға тап болуың ғажап емес. Бұл – өте қауіпті. Сол үшін де апамыз жазықты асфальт жолмен атқа қамшыны жаймен басып отырады. Кей кезде жолдың бо­йынан өтіп бара жатқан жүк көліктері аттылы қызбен жарысады да екен. Арасында еріккендері әйел адамның атпен келе жатқанын қызық көре ме, көліктің дыбыс сигналын басатынға ұқсайды. Бірде осылай келе жатқанда Гүлекең апамыздың қасына асығыстау Уаз көлігі келіп тежегішін баса кетеді. Көліктен екі кісі түсіп жатты. Аңғарып қарағанда, олар – облыстағы санэпидстансаның бас дәрігері Дмитрий Шек пен аудандық аурухананың басшысы Қалдыгүл Бәлібаева апай болып шығады. Шек атқа байлап алған бикс пен тонометрді көріп көлігін кері шегіндірген екен. Қалдыгүл апайымыз масқара бикс­те «вакцина жоқ па екен?» деп алаңдаса керек. Бірақ онда тек дәрілер ғана еді. «Қалдыгүл тәтеміз сөзшең адам ғой, содан мені облыстағы басшыға әкемнің жақсы адам екенін, өзімді адал медик деп мақтауымды келтіріп жатыр» дейді медицина саласының ардагері кешегі күндерін бір шолып.
Осындай еңбекке деген бері­лушіліктің, елге деген адал қызметтің арқасында еңбегі еленген Гүлбану Берманқызы Армения мемлекетіне медицина қызметкерлерінің дүрілдеген съезіне делегат болып қатысу мүмкіндігіне ие болғанымен, белгілі себептерге байланысты бара алмай қалады. Білікті маман саналы еңбек жолында акушер, аға акушер, медбике ретінде ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға, сондай-ақ қаншама періштенің дүние есігін ашып, кіндік анасы атануына септігін тигізді. Кәсіби шеберді 2016 жылы ұжымы қимай-қимай зейнеттік демалысқа шығарып салды. Жай шығарып салмай, аудандық аурухана басшылығы «Денсаулық» санаториясына жолдама беріп, үлкен алғыспен тілек білдірді.
– Біреулердің маған «О, жылқының баласы, жарайсың» деп айтқанын талай естідім. Сонда түсінгенім, дәстүрімізде атқа жаны жақын әрі жақсы отыратындарды осылай айтады екен ғой. Әулетіміз жылқы малынан ажырап көрген емес. Бауырларым да, кіші қайным Мұрат та жылқы баптайды. Ұлымыз Аслан мектеп оқушысы болса да, оның да жылқыға жаны құмар. Жанұяда жолдасыммен бес бала өсіріп тәрбиеледік. Ринат пен Нұрбек есімді ұлдарымыз, келіндерім Гүлнұр мен Айнұр Елордада тұрады. Сұп-сұлу қыздарым, алтын асықтай ұлдарым – жеті немереміз бар. Гүлнұр, Айнұр атты қыздарымыз Алматыда. Олардан да тәп-тәтті төрт жиеніміз бар. Кенжеміз, бізді бағатын баламыз Алмат бұйырса, енді шаңырақ көтереді деп отырмыз. Жасымыз алпыстан асса да, атқа мінгіміз келіп тұрады. Жылқының етін тұтынып, қымызын ішеміз. Жылқы өнімінің адам ағзасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз ғой. Соның арқасы болар, Алла денсаулығымызға күш-қуат беріп тұр.Бүгін 22 Наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде ауылымызда ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызының бастамасымен «Ұлыс оң болсын!» атты көше тұрғындарының қатысуымен мерекелік іс-шара жоспарланған. Осыған сәйкес, көпшілік алдымен Рысбек отбасындағы Наурыз көжеден дәм татса, ол әрі қарай Орталық алаңдағы халыққа Наурыз көжеден ауыз тигізу, ұлттық ойындар мен ас мәзірінен өткен жарысты қызықтаумен, сахналық өнер көрсетуден және ұлттық жәдігерлерді дәріптеуге арналған көрмені таныстырумен жалғасын тапты. Көріністе жұртшылық қауым біздердің атсалысуымызбен ұсынылған, өткен тарихымыз – Ақтабан шұбырындыны терең толқыныспен тамашалады деген ойдамын, – дейді ол.
Ардагер анаға бүгінде ауыл халқы құрметпен қарайды. Оны құрметті де сыйлы еткен – әлбетте, халқына жасаған қалтқысыз қызметі. Бір түйіні – «Жер-су алыс, қалай қатынаймын?» деп жоғарыға уәж айтпай, қазақ қыздарына тән ұлттық рухпен, атадан сіңген қасиетпен, әкеден алған тәлім, анадан үйренген тәрбиемен айналасына үлгі көрсетіп, еңбек өтілінің бес жылында атпен қатынап медициналық қызмет көрсеткен ауыл анасы Гүлбану Берманқызының есімін қайда болсын ерекше атап айтуымыз әбден орынды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
22 наурыз 2022 ж. 1 173 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031