» » » АУЫЛ АЙТҚЫШТАРЫ

АУЫЛ АЙТҚЫШТАРЫ


Ел іші – өнер кеніші» демекші, қай қезде де адамзат баласы үшін туған жер тұнған қазына екені рас.
Расында да, сол ауылдарда небір дарын мен таланттар, оның ішінде әзілге жақын, халық арасында «Өртеніп кеткен театр әртісі» атанғандар да жетерлік.
Бүгін біз сондай халық әзілқойлары жайлы айтпақпыз.

Бір білсе әжең білетін шығар
Бірде Ақжар ауылының тұрғыны Мәліктің немересі Сағитжанға сынып жетекшісі «жеті атаң туралы» жазып кел деп тапсырма береді. Содан мектептен келген Сағитжан түскі ас үстінде атасына: «Ата, менің жеті атамды айтып беріңізші» дейді.
Содан атасы немересінің сұрағына жауап беру үшін саусақтарын бүгіп отырып, немересін, баласын, өзін, әкесін, әрі қарай ата-бабасын есіне түсіре алмай дағдырып қалады. Олай ойланады, бұлай ойланады, аталары есіне түспегесін немересін әжесіне жібереді.
Содан бала «бір білсе, әжем біледі» деп әжесіне келіп, атасына қойған сұрағын оған да қояды. Ал, өз кезегінде ашу үстінде отырған жарықтық әжесі немересінің сұрағына жа­уап таба алмай: «Атаң білмеген сұрақты мен қайдан білейін, менен сұраған несі» деп оған зекіп, кері қайтарып береді.
Содан Сағитжан бала мұғалимасының берген тапсырмасына ата-әжесінен жауап ала алмай сасып тұрғанда, жанына келген атасы оның мұңлы жүзіне қарап:
– Балам неге мұңайып тұрсың? – дейді. Ата сөзінен үлкен үміт күткен Сағитжан «Ата, мен сұрағыма жауап таба алмай тұрмын ғой» дегенде атасы «Қайдан білейін әжең сендерге ұрысқанда «жеті атаңа нәлет» деп жатады. Бір білсе әжең білетін шығар дегенім ғой» деп немересінің басынан сүйіпті.

Еркебайдың келінімін
Бірде Ақжар ауылының тұрғыны Еркебайдың отбасына келін түседі. Екі күнге созылған той да бітіп, үйде күнделікті тірлік басталған соң, бірер күннен кейін енесі жаңа түскен келінін ауыл орталығындағы Ағымша апайдың дүкеніне сауда жасауға жұмсайды-мыс.
Содан дүкенге келген келінді тани кеткен Ағымша апайымыз сынамақ болып, оған сұрақ қояды.
– Шырағым, кімнің баласысың?
– Кімнің баласы екенімді сіз білмейсіз, апа, мен сырттан келдім, осы ауылға келінмін, – деп жауап береді жаңа түскен келін.
– Аааа, дұрыс екен, ал сонда кімнің келінісің?
– Осы ауылдағы Еркебай деген кісіні білетін бе едіңіз? – дейді келін Ағымша апайдың өзіне қарсы сұрақ қойып.
– М, білемін.
– Міне, мен сол Еркебайдың келінімін, – дейді.
Содан атасының есімін атаған келінге ызаланған Ағымша сатушы жаңа түскен келінге бір, басқа сатып алушыларға бір қарап тұрып:
– Айналайын-ау, Еркебайдың келіні едім, қант алатын едім, шай алуға келгеніңді айтпайсың ба? – деп бар дауысымен айқайлайды.
Бұл әңгіме дереу бүкіл ауылға тарап, жаңадан түскен келінге сын болып тағылып, кейін ауылға жаңадан түскен келіндерге сабақ болған екен. Олай дейтініміз, қазақ ұлты салт-дәстүрінде келін атасы мен енесінің ғана емес, тіпті қайнағасы, қайынінілері мен қайынсіңлілерінің есімін атамаған.

Боданнан қоңырау соғып тұрмын
Қармақшылық аға буын өкілдеріне Әбдіжәли Құрманбаев деген азаматтың есімі жақсы таныс. Ағайымыз кезінде ауданда өте жоғары лауазымды қызметтерді атқарған. Десе де, ол әзілге де жақын болған. Сондай азаматтың артында қалған әзілдері әлі де ел ішінде айтылып келеді.
Бірде көптен сырқаттанып жүрген Жанұзақ Құрманбаев деген ел құрметтісі қайтыс болады. Соны естіген бір есімі елге жақсы таныс кісі Нәжмадин Ысқақов ағайымызға қоңырау шалып, Әбдіжәли Құрманбаев қайтыс болды деп хабар береді. Мұндай жайсыз хабарды естіген Нәжмадин ағамыз дереу замандасы Қарасай деген азаматпен хабарласып, Әбекеңнің үйіне келеді. Бірақ олар үйге жеткенде үй есігі жабық, аулада ешкім көрінбейді. Олар ары-бері жүріп, кіруге ыңғайсызданады. Десе де, ойлана келе, тәуекелге бел буып, үйге кіреді. Олар үйге кіргенде ондағы жайбарақат өмірді көреді. Апай бір бөлмеде іс тігіп отыр, ағамыз болса теледидар қарап диванда жатыр. Түрлері қашып кеткен олар үй егелерімен амандық-саулық сұрасып табалдырықта үрке қарап тұрып қалады. Бір жамандықты іші сезген Құрманбаев мән-жайды сұрайды. Содан олар жұмыстарын айтқан соң, ағай сабырлы мінезімен үстел үстінде тұрған телефонның трубкасын қолына алып, өсекті таратқан азаматтың үйіне қоңырау шалады. Бірер сәттен соң трубканың ар жағынан «Әллеу, бұл кім екен» деген дауыс та естіледі. Сол кезде Құрманбаев: «Бұл мен, Құрманбаев» дейді сас­пай. Өз кезегінде трубканың арғы жағынан: «Әбеке, сіз бе? Қайдан қоңырау соғып тұрсыз?» деген дауыс естіледі.
Аспай-саспай сөйлеу мәнерін ұтымды пайдаланатын марқұм Әбекең ағамыз «Мен Боданнан қоңырау соғып тұрмын, осында келген соң телефон орнатып алдым» дейді де трубканы қоя салып, жанында тұрғандарға қарап қарқылдап күліп жіберген екен.

Жайлыбайдан Жайлаубай туады
Шіліңгір шілденің аптапты күндерінің бірінде Құрманбаев бастаған аудан азаматтары шопандардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жайлауға шығады. Сапар барысында олар Ибаш деген шопанның отбасына аялдап, түскі ас ішуге отырады. Қонақтар шопан әйелінің жайған дастарқанынан дәм-тұз татып отырғанда үйге Ибаштың өзінен айнымайтын баласы Әбілда кіреді. Мұны байқап қалған Әбекең:
«Жайлыбайдан Жайлаубай туады, бір-бірінен айнымай туады. Мына баланың әкесінен аунымай қалғанын қарашы» деп лезде екі шумақ өлеңді айтып салады. Осы ұйқасты естіген қонақтармен бірге Ибаш та күліп жіберген екен. Содан манағы Әбілда есімді бала Әбекеңінің Жайлаубай деп қой­ған есімін алып, елге сол атпен танылады.

Бір жылап алудың реті келіп тұр
Бірде аудандық партия комитетінің идеология саласын басқаратын Бағия Оспанованың Арал ауданына қарасты туған жері Ұялы деген елді мекенде жақын бір ағайыны қайтыс болып, соған барады. Оның қасына аудан басшылығы Құрманбаевты қосып жібереді.
Содан Бағия апайымыз ауылға келіп, ағайынының азалы шарасына қатысқан соң, бұдан бұрын өмірден озған басқа да ағайындардың үйіне кіріп, арнасын айту үшін олардың отбасына келеді. Әбден жылап, шаршаған Бағияға жаны ашыған Құрманбаев оны оңашалап:
– Бәке, сіз аудандық партия комитетінің хатшысысыз. Ауыл әйелдері сияқты ашылып-шашылып, көрінгенмен көрісіп жылай бермеңіз. Мен сізге бюроның атынан айтып тұрмын, – дейді.
Осы ескертуден кейін Бағия апайымыз біршама жинақыланып, көрісуді тоқтатады. Бірақ, ол өзіне өте жақын тағы бір отбасыға көңіл айтуға келгенде Құрманбаевқа қиыла қарап: «Әбеке, тағы бір жылап алудың реті келіп тұрғаны, соған рұқсат беріңізші» дейді.
Біз қазақ емеспіз бе қашанда қыздың көңілін қимаған. Әбдіжәли ағай Бағия апайдың көңілін қимай, «рұқсат» дегендей басын изеген екен.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы» .
05 желтоқсан 2018 ж. 2 212 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031