» » Көршінің қызы керемет еді...

Көршінің қызы керемет еді...


Қолымнан жетектеген тәтемнің жолай қойып келе жатқан сауа­лына мүдірместен жауап беріп келем. Мүдірмейтінімдей бар. Кешегі күні бойғы дайындық құлаққа әбден сіңіп, санаға жатталып қалған. Оның үстіне азанмен ерте тұрып, емтихан тапсыратындай тағы бір қайталасақ.
– Қазір барғанда бірінші не істейсің?
– Есікті қағамын.
– Сосын?
– Саламатсыз ба апай, кіруге бола ма деймін.
– Ой мәләдес. Айта бер, одан кейін?
– Сосын мерекеңіз құтты болсын деп қолымдағы гүлді беремін.
– Міне осылай, барған кезде ұмытып қалып жүрме», – деп әр сұраған сайын айтатыны осы. Ана сұрақтан жауыр болып жалыққаным былай тұрсын, аяғымды қысқан туфли одан сайын мазамды қашырып келеді.

Кішігірім әңгіменің арқасында мектептің ауласына да жақындадық. Жан-жақтан қаумалаған оқушы ұл-қыздар, мектептің табалдырығын енді аттағалы келген балғын бүлдіршіндер ата-анасының қолынан ұстаған күйі осында ағылып жатыр. Қолына құшақ гүлін ұстаған кей оқушылар ұстаздарына сыйлауға асығып жатса, «мектепке бармаймын» деп анасын кері сүйреп жылап тұрған үйінің еркелері де бар. Осының бәріне аң-таң болып, білім ордасына алғашқы қадам басып мен де кірдім. Ендігі әрекет әлгі сценарий бо­йынша жалғасты. Айтпақшы мені алып келген тәтем осы мектепте мұғалім. Ол сыныптың алдына дейін әкелді де «Ал енді есікті қақ та, рұқсат сұрап кір» деді. Сірә, мені күткен бар қызық осы есіктің ар жағында болса керек. Қолымның әлсіз күшімен есікті тоқылдатып, рұқсат сұрап, сыныпқа ендім. Алдымнан жайдары жүзбен қарсы алған алғашқы ұстаз Гүлшат апай осылайша бірінші сыныпқа қабылдап алды. Қолымнан ұстап бірінші қатардың екінші партасына отырғызды да «Сен бүгіннен бас­тап осы жерге отырасың» деп орнымды көрсетті. Жан-жағыма жалтақтап басқа балалардың жүздерін бір-бір шолып шықтым. Күнде бір көшеде ойнап жүргендердің бір-екеуі осында. Одан бөлек жақындарымыздың да қыздары бар. Оларға қарап ыржалаңдап қоямын. Сынып тып-тыныш. Сәлден соң есіктің қағылған дыбысы естілді.
– Кіре ғой.
Есік ашылып ар жағынан жүзі топ-томпақ, қос бұрымы өрімен, басында аппақ бантигі бар гүл ұстаған қыз кіріп келді. Отырған барлық бала қарадық та қалдық. Қарайтынымыздай бар. Әлгі қыз сондай сүйкімді, назарыңды аудартпасыңа қоймайды. Үстіне киген сұр көйлегі мен ақ фартугі өзіне әдемі жарасып тұр. Ендігі ой «апай кімнің қасына отырғызар екен?» деген іштей қиял. Әзірге менің қасымдағы орын мен артымдағы парта бос, сосын екінші, үшінші қатардағы бір-екі орын ғана. Ұстаз тура менің ойымды оқып қойғандай артымдағы партаға әкеліп жайғастырды.
Сынып түгелденіп, мұғаліміміз танысуға көшті. Атымыз аталғаны орнымыздан тұрып жатырмыз. «Әйгерім» деді апай жұмсақ дауыспен. Артымда отырған қыз нәзік үнмен «мен» деп түрегелді. Өзі де есіміне сай «керім» десе керім сұлу. Ботадай көздерін төмен қаратып, жан-жағынан қысылғандай майда-майда сепкіл аппақ жүзі қызарып сала берді. Уақыт өте сыныптың балаларымен танысып, араласып кеттік. Топырлап сабақтан қайтқанда жар жолға дейін бірге барып, әрі қарай екіге айырылатынбыз. Кейін Әйгерімнің үйі мен тұратын көшенің бас жағында екенін білдім. Ортамызда жеті үй бар. Күндердің күнінде сыныптасыммен бірге қайту үшін сол жүрген жолмен жүріп, үйге басқа жолмен айналып келетін болдым. Жолда ұлдардан қорғаштап, жылатпаудың қамын жасап қоямын. Сабақта отырғанда тек содан артық қаламсап сұрап, керегімді алам. Суретті де жақсы салады. Тіпті бірге жақсы оқитындардың қатарында жүрдік. Бір күні сыныпқа жаңадан Амантай есімді ер бала келді. Апай оның бойына қарап Әйгерімнің артына отырғызды. Осыдан кейін оның менімен күндегі қарым-қатынасы сәл өзгеріп сала берді. Ол Амантаймен менен де жақсы сөйлесетін болды. Сабақтан бірге қайтып жүрді. Бұл қылығы маған ерсі көрінді ме іштей оған деген қызғаныш сезім пайда болды. Осыдан кейін мен де Әйгерімге деген бала махаббаттың барын сезе бастадым. Үйге қайтар уақытта бір күні ерегісіп бірге қайттым. Сөйтсем әлгі Амантай оның құдайы көршісі екен. Кішкентай кезінен тай құлындай бірге ойнап өскен жақыны. 8 наурыз мерекесінде Әйгерімге жарысып сыйлық жасауды шығардық. Мектепте іс-шара өтсе онымен жұптасып билеуге асығатынбыз. Әйтеуір апай оның сәтін келтірмейтін. Басқа қызды жұп етіп қояды.
Жыл жылжып үшінші сыныпқа да келдік. Жаңа оқу жылында балалардың бәрі өзгерген. Кішкентайлар серейіп, бойлары өсіп қалған. Қыздар сол баяғы ақ бантиктерін басына гүл қылып байлап, сұр көйлек, ақ фартуктарымен келген. Тентектігі бар ұлдар қыздардың шашынан тартып ойнауды әлі қоймаған. Менің назарым сол Әйгерімде. Екі өрім етіп өрілген шашы беліне дейін төгіліп тұр. Шашының ұшындағы шағын ғана моншақ бантигі қоңыраудай сыңғырлайды. Құлағына қайырылған толқын кекілі ажарын одан сайын әдемі етіп тұр. Күндердің күнінде оған деген сезімімді білдірмекке қолдан сыйлық жасауды жөн көрдім. Ол кезде қалаға барып сыйлық алу өте қиын еді. Мамаң, болмаса тәтең біліп қойса көкеңді көрсетеді. «Кіп-кішкентай болып махаббатты қайдан білесің?» деп ұрысатыны анық. Осыдан кейін ешкімге білдірмей қолдағы барыммен сыйлық жасауға кірістім. Мұндайда ойға ой салатын күнделікті көріп жүрген теледидар бар ғой. Сонда бір жігіттің сақина сыйлап жатқанын көріп қалдым. Қайдан білейін, сыйлығым ерекше болсын дедім бе, әйтеуір жұмсақ сымнан сақина жасап, үстіне жүрекшені жабыстырдым. Сөйтіп оны қоңыраудың кезінде ешкім жоқта Әйгерімге зорға сыйлағаным бар. Ол да бірдеңені түсінгендей «рақмет» деп қабылдады. Бірақ ішімдегіні шығармадым.
Сыныптан сыныпқа өтіп, баста­уышпен қоштасар сәт те келді. Мұғалім концерттік бағдарлама дайындауымыз керек, соған билейтін икемі бар бір ұл, бір қыз керек деді. Ұлдардың арасында қолымды бірінші көтеріп мен шықтым. Енді қыз керек. Өзімше «Әйгерімнің икемі бар, сол шықсыншы» деп қоямын апайға. Әлгі билейтін би «твис» биі болып шықты. «Ал, Әйгерім келші көрейік» деді мұғалім. Содан бір-екі қимыл жасап көргеннен кейін апайы­мыз «Әйгерім сенен сәл ұзындау» деп орнына басқа қызды шығарды. Көңіл күйім түсіп, сол қызбен ақыры билейтін болып шешілді. Сол жылы мен үшін тағы бір жағымсыз жаңалық болды. Үйдегілер мектепті бітірісімен қалаға көшетінімізді айтты. Осыны естіп, көңіл күйім түскен күйі қала берді. Мектепте соңғы қоңырауға да қатыспадым. Әлгі қызға деген бала махаббат кеудемде тұтанған күйі сыртқа шықпай қалып қойды. Қош. Жүгімізді жинап қалаға жол тарттық. Көз ұшында Әйгерімнің үйі. Бала махаббаттың кішкене иесі болған көршінің қызы керемет еді...

Ерсін СӘДУҰЛЫ
06 наурыз 2022 ж. 619 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 296

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 393

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930