» » Мектепке барар күн жақын

Мектепке барар күн жақын

Ертең – 1 қыркүйек. Сары күздің алғашқы күнінде мектептердің есігі миллиондаған оқушылар үшін айқара ашылмақ. Бұл – оқушы, ата-ана, ұстаз үшін де ерекше күн. Оқушылар жоғары сыныптың есігін аттаса, тұңғыш рет мектепке келіп отырған бүлдіршін үлкен өмірдің, білімнің есігін ашады. Қолына қыса ұстаған гүлі, арқасында су жаңа сөмкесі бар, жүздерін күлФкі торлаған, «мен мектепке келдім» деген қуанышты балақайларды көрудің өзі бір ғанибет. Әрі ең жылы көрініс. Ал жылына бір мәрте ғана келетін «Білім күні» барша ұстаз үшін үлкен мереке.
Елдегі жағдайдың халықты біраз әбігерге салғаны белгілі. Бұл білім саласына да айтарлықтай әсер етті. Пандемия өршіген тұста қашықтан білім берілсе, сәл бәсеңдеген тұста оқушылар дәстүрлі форматта білім алуды жалғастырды. Өткен оқу жылы оңай өтпесе де, қойылған талап орындалды. Ал биылғы жаңа оқу жылы жақсы жаңалығымен келді. Оқушылар толықтай дәстүрлі форматта білім алмақ. Аудан мектептері де оқушыларын құшақ жая қарсы алуға сақадай-сай. Бұрынғыдай еркіндік болмағанымен, ұстаз бен оқушы қауышып, санитарлық талаптардың үдесінен шыға отырып білім берілмек. Бұған оқушы да, ата-ана да, ұстаздар да қуанышты.
– Ертеңгі күнге мықтап дайын­далдық. Алдын ала киімімізді, керек-жарағымызды түгендедік. Мектеп табалдырығын аттағалы отырған тұңғышымыз болған соң, өзіміз де толқып жүрміз. Баламыздың мектепте, дәстүрлі форматта оқитыны қуантады. Ұстаз алдынан білім алғанға жетпейді ғой. Қойылған талапқа бағынып, барлық сақтық шарасын сақтаймыз, – дейді бірінші сыныптың ата-анасы Ләйла Аманова.
Шәкірті мен ұстазын қауыштыратын ерекше күн туралы, ол күнгі жылы естеліктер туралы тоқтаусыз айта беруге болады. Ал биылғы жыл несімен ерекше? Жаңа оқу жылына қойылар талапты нақтыламаққа сала мамандарына жүгіндік.
– Білім күні – әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын күн. Мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген ЖОО-на мақтанышпен келген мектеп қабырғасын жаңа ғана аяқтаған түлектер, осы күйді бірнеше рет бастан кешіп отырған ата-аналар. Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері 1 қыркүйек күні білім қабырғаларын аттағалы тұрған оқушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алады. Сондықтан бұл күн – тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы үшін жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бас­тап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адамның жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Биылғы бірінші қыркүйектегі «Білім күнінің» салтанаты дәстүрлі форматта өтеді. Мектеп аумағында 1 сынып оқушылары үшін іс-шара ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде «Әліппе» оқулығы табысталады. Ал 2-11 сынып оқушылары өз сыныптарында тақырыптық сынып сағаттарына қатысады. Мектептер толықтай «Ashyq» қосымшасын орнатып, жұмыс істеуді бастап кетті. Ұстаздардың басым бөлігі вакцина алды. Жаңа оқу жылы жоғары жетістіктерге жетелейтін жыл болсын деп тілейміз, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова.
Оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін мектептерде санитарлық нормалардың қатаң сақталатынын да ескерген жөн. Нақтырақ тоқталсақ, барлық білім беру ұйымдарында қызметкерлер мен білім алушылар бетперде киюге міндеттеледі. Сондай-ақ ғимаратта күнделікті термометрия, желдету, кварцтеу, дезинфекция шаралары өткізіледі. Бұған қоса, барлық мектепте қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, оқушылар топталып жиналмас үшін үзіліс уақыты әртүрлі уақытқа белгіленеді. Оқу мекемелері «бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады. Егер оқушының ата-анасы немесе өзі коронавируспен ауырса, не болмаса денсаулығы бойынша тәуекел топқа жатса, олар уақытша қашықтан білім алады.
Санитарлық талапқа сай біршама шектеулер болғанымен, білімді үйретуге, үйренуге шектеу жоқ. Дана Абай «Білімге, ғылымға ұмтыл. Анасы туған баласын сүйгендей, ғылымды сүю керек. Сонда ғылым да саған солай жауап қайтарады. Адам болу үшін, халқыңа пайдаң тию үшін оқыңдар. Білім – талан-таражға салынбайтын байлық» деген насихат қалдырған. Елдің жарқын келбетіне айналар білімді, саналы ұрпақтардың саны көп болғай!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
31 тамыз 2021 ж. 429 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 217

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 325

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930