» » Теңгенің құны

Теңгенің құны

Алақанымда қысып ұстаған қара бақырдың дүкеннен тіске басар дымда ілмей шыққанына іштей ашуланып көңілім түсіп кетті. Өкпелейтіндей қанша теңгең бар еді дейсіз бе? Қалтамның бір бұрышында жүрген жүз теңге ғой. Жолсапарға азанда оразамды ашпай шыққанмын. Кейде онықы-мұнықы жей қояйын десең дымға да тәбетің болмай қалатыны бар. Сол азанда нәр татуға тәбеті болмаған асқазанымның енді шұрқырап тамақ сұрауын көрмейсіз бе?
Осы жылына бір келетін оразаға қалай шыдағанымызды білмеймін, сазарып мазаны қашырған тәбеттің түрі жаман енді. Құдды екі күн тамақ ішпегендеймін. Жолда кездескен дүкеннен асқазанды алдайтын бірдеңе алармын деп қалтамнан қолыма ілінген жүз теңгені ақшасынып барғанымды қайтейін. Дым түспеді. Заттары қымбат тегінің. Тіске басардың ең төменгі бағасы жүз елуден басталады. Ақша жоқ емес бар, олда қырсыққанда картада болып тұр. Телефонмен төлей қояын десем байланыста жоқ. Дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз деп кеуде соғамыз-ау, оның да бір келте тұсы осы шығар. Тиынымды қолыма қысқан күйі ашуланып сыртқа шықтым. Қадірің кетіпті ғой жүз теңге. Кезінде бір адамның алар жалақысындай құның бар еді. Осындайда бір жағдай ойға оралды кеп.
Ол кезде бірінші сыныптамын. Мектепте түстен кейін оқитын кезім. Үйдегі мұғалім тәтем сыныбындағы оқушысынан әжеме хабар айта жіберіпті. Ол уақытта қазіргідей телефон деген жоқ қой. Болса әкімнің кеңсесінде бар. Қатты ақша керек болдыма менен жүз теңге беріп жіберуді сұрапты. О-о, сол кезде теңгенің нағыз құнды кезі. Әжем жарықтық Абылайханның суреті бар қағаз ақшаны орап, әріптер орналасқан кесте кітапшаның қалтасына нықтап салды. Маған қатты тапсырып: «Әй бала, дұрыстап қарап ал. «А» деген әріптің қалтасына салдым. Ішінен алып жүрме. Тәтең келіп сұрағанда бер» деді. Мен сол кезде өмірімде бірінші рет қағаз ақшаны көруім. Уақыттан қалмайын деп мектепке тарттым. Ол кезде білесіздер ғой, жолай үлкен не кіші сыныптың балалары кездессе бірге серік болып баратынбыз. Орта жолдан Байдаш ағамның менен үш жас үлкен Ақгүл деген қызы жолыға кетті. Ол да түстен кейінгі дәрісте. Содан бағанағы ақшаның буы ма, ішіме сыймай келе жатыр. «Менде жүз теңге бар» дедім мақтана сөйлеп. «Оны қайдан алдың?» деді таңырқай сұрап. Тәтеме апара жатқанымды айттым. Одан сайын көрсеткім келіп сөмкемнен шығардым. «Міне ақша» деп көрсетіп орнына қайта салмай қалтама жібердім. «Орнына салсай, қазір жоғалтып аласың ғой» деді ол жаны ашыған күйі. Оны тыңдаған мен жоқ. Қолымды қалтамнан бір алып, бір салдым.
Мектепке келіп, сыныпқа кірдім. Он минуттан соң тәтем келді. «Әжең ақша беріп жіберді ма? Қане әкел» деді. Мен байғұс тыпыршып қалтама қолымды салдым. Мәссаған, ақша жоқ. Түрім бозарып кетті-ау. «Әй болсайшы, жоғалтып алған жоқсың ба? Әжең қайда салды» деп сөмкемді ақтара бастады. Кесте кітапшаның «А» деген әрпінен бастап бүкіл қырық екі қалташаны ақтарып шықты. Жоқ. Тәтем әбден сыбап алды. «Кешке үйге барғасын көресің» деді ала көзбен атып. Содан не керек, сабақ бітіп үйге қайттық. Әшейінде желпілдеп ерте баратын, сыныптастарымның соңында қалып кеш келдім. Әжеме қарауға бет жоқ. Қабағы қатулы. «Мың болғыр, саған қатты тапсырдым емес пе, қалай жоғалтып жүрсің?» деді. Менде үн жоқ, кінәмді іштей мойындап тұрмын. Апам немересі болғасын мені аяп кетті ме, «кел тамағыңды іше ғой» деді сәл жібіп. Міне, сөйтіп жүз теңгені жоғалтамын деп үлкен ұрыстың астында қалғаным бар.
Қазір қалай? Төл теңгеміз құнын жоғалтақылы оны ақша деп қараудан қалдық қой. Бұрын сол ақшаға үйге әжептеуір азық-түлік алып, қалағанымызға қол жеткізетін едік. Тіпті дүкендерде қазір қара нанды жүз теңгеге әрең сатып аласың. Оны қоя беріңіз. Қып-қызыл бес мың теңгенің өзіне көп зат сатып ала алмайсың. Әрі кетсе қолыңа итерген арбаңның бір бұрышында қалатын затың түседі. Осыдан біле беріңіз.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
21 наурыз 2021 ж. 799 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 298

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 396

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930