» » Жаңақаланың жаңашыл ұрпақтары немесе «59-дар қайда?»

Жаңақаланың жаңашыл ұрпақтары немесе «59-дар қайда?»


Сыныптас достар – кез келген адам өміріндегі маңызды жандар. Адам үшін жанына демеу болып, қиналғанда қолдап, қуанғанда бірге қуанатын достан артығы жоқ. Осындай жанашыр достың бірі сыныптастар екені анық. Себебі олармен өміріңнің ең маңызды кезеңі, балалық, жастық шағың бірге өтеді. Асыр салып бірге ойнау, бірге жасаған бұзақылық, бірге дайындалған сабақтар мен мерекелер, мұғалімнен ұрыс естіген күндерің, жеткен жетістіктерің мен жеңілістерің осы достарыңның көз алдында өткендіктен болар – олар қашанда ыстық. Көп жағдайда сыныптастар мектеп бітіргеніне 5-10, 20, 30, 40, 50 жылдықтарын тойлап жатады. Ал біз әңгіме еткелі отырған сыныптастардың жайы бөлек.
Ауданға қарасты Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектептің 1976 жылғы түлектері өткен жылдан бері Пайғамбар жасына жетіп, зейнетке шыққандарын сыныптастар арасында атап өтуде. Өзге жиындардан ерекшелігі – оның эстафета ретінде жалғасуы. Ал эстафетаның жалауы, кездесудің дәнекері – арнайы дайындалған ту. Сыныптастардың сырға толы әңгімесін тыңдап, бұл игі бастаманың қыр-сырын білмекке көпшілік тұтынатын «WhatsApp» мессенджеріндегі арнайы чатқа қосылдық. Өмірдің сан тарау жолымен өзге қалада тұратын сыныптас­тармен емін-еркін сөйлесуге мүмкіндік туды.
– Бұл идея Иіркөл ауылынан, Оспан мен Жанышкүлдің тойынан басталды. Қазан айында сыныптасымыз Оспан 63 жасқа толып, сонда қызы Салтанат бұл туды арнайы дайындап жіберіпті. Кейін осы жалау келесі 63-ке толған кісіге табысталып, дәстүрге айналды. Дегенмен бұл ту жақсы ырым болды. Осы ту пайда болғаннан бері сыныптастардың барлығы зейнетке шығу тойын жасап келеді. Бұл эстафета жалауы болғандықтан бүкіл жерді аралайын деп тұр. Ауылдан – Қармақшыға, Қармақшыдан – Қызылордаға жетті. Алдағы уақытта бұйырса Байқоңыр, Оралға да желбіреп барып қалады, – дейді Байқоңыр қаласынан Алихан Алипов.
Ал сыныптастар жөніндегі бар ақпаратты өздері «тірі шежіреші» деп атап кеткен Байсерік Жұматаевтан естідік. Ол өзі туып өскен Көмекбаев ауылында тұрады.
– Біз бұрынғы Жаңақала совхозы, қазіргі Көмекбаев ауылындағы №185 мектепке 1966 жылы барып, сол мектепті 1976 жылы бітірдік. Екі сыныпты қосқанда 59 бала болатын. Оның 32-сі ұл, 27-сі қыз. Бізге әріп танытқан Ханбибі Боранбаева, Жақсыгүл Тәкеева апайларымыз біздің бақытымызға орай арамызда бар. Бізді өмірге әкелген ата-анамыз болса, өмірге бейімдеген осы ұстаздарымыз. Олардың берген тәлім-тәрбиесі бізді жаңылдырмай, жақсылыққа бағыттады. Осындай ұстаздардың арқасында бүгінде өмірдің сан тарау жолында өз орнымызды таптық. Қазір өзіміз де зейнет жасына жетіп тұрмыз. Есімдерін мақтан тұтар сыныптастарымыз да бар, – дейді ол.
Расында да киелі мекеннің түлектері білікті маманға, өмір жолы өнеге болар аға буынға айналған. Мәселен Сақтапберген Қосбаев жолдасы Бақыт Кешубаева екеуі мектепте білікті ұстаз атанып, зейнетке шыққан. Сақтапберген Қосбаев өзінің ізденімпаздығының арқасында мектептен музей ашқан. Археологиялық жұмыстармен айналысып, ғылыми жобаларда біршама оқушыны жетістікке жеткізіп, ғылымға бет бұруына себепші болған. Ақындығы да бар. Сонымен қатар ол бірнеше кітаптың авторы. Ал Миуагүл Тәукеева мен Оспан Елбосыновтар медицина саласында еңбек етіп, абыройлы демалысқа шыққан. Ауылдың, елдің мақтанышы, әріптестер арасында үлгілі маман, тұрғындардың сүйікті дәрігерлері атанған. Әбдікәрім Қуаңбаев – құрылыс саласында басшылық қызметтер атқарса, Аманбай Нұржанов – аудан әкімдігінде, облыс көлемінде түрлі салада басшы болған. Рахымжан Залиев – мұнай саласында білікті маман атанып, әлі де қызмет еуде. Ерділдә Құршығаев – құрметті теміржолшы болса, Якия Оралбаев – білікті жүргізуші. Ал Алихан Алипов – үздік математика пәнінің мұғалімі. Шәкірттері мектепті «үздік аттестатпен», «алтын белгіге» бітіріп, ұстаз мерейін асыруда. Ардақты ұстаз әлі де жастарды тестке дайындауға үлес қосып жүр. Сондай-ақ, Аман Шобанбаев – белгілі жырау. «Топқа салып терме айттырып жүрген жігітіміз осы. 59-дардың қайсысына арнау қажет болса осы жігітке жүгінеміз. Намысымызды қорғап, мерейімізді асырып жүрген азамат» дейді олар.
– Әрбіріміз осы өмірден бағымызды, бақытымызды, өмірден бұйырған орнымызды таптық деп ойлаймын. Біздің мақтанатын тағы бір жетістігіміз бар. Ол – ұрпағымыз. Сыр елінің атын шығарып жүрген жырау Тоғжан Бақытованы, спортшы Мақсат Исағабыловты, ғылым докторы Жазира Жұматаеваны ерекше айта аламын. Өз баламыз емес, қатарластарымыздың баласы жетістікке жетсе, бірге қуанып, сүйіншілетіп жатамыз. Олардың есімімен қай жерде жүрсек те мақтанып жүреміз. Енді бір өкініштісі – қатар құрбыларының бақытты күндерін көруді Алла нәсіп етпеген арамыздағы жайнаған қыздар мен жайсаң жігіттеріміздің жоқтығы. Осындай сәтте 16 сыныптасымыздың ортамызда болмағаны қынжылтады. Бұл туды тапсыру біз үшін үлкен қуанышқа айналды. Бала күннен бері бірге өскен, талай қызығымызға куә болған жандармен үлкейген шағымызда кездесу біздің бақытымыз деп ойлаймын. Отбасымыз аман, айналамыз тыныш, ұрпақтарымыз біздің жақсы күндерімізді әрі қарай жалғастыра берсе деген ниеттеміз, – дейді Байсерік Жұматаев.
Бірлігі жарасқан сыныптастар әлі күнге дейін бір-бірімен араласып тұрады. Өзге қалада тұратындармен онлайн байланыс жасайды. Бір-бірінің қуанышы мен қайғысын бірге бөліседі. Тіпті сыныптас­тары өмірден өтсе де, оның жанұясына қамқорлық жасап, әліге дейін ортасынан ажыратпай алып жүреді. Бұл туралы Нағима есімді анамыз «Мен Кенішбек Айбергеновтың жолдасымын. Ол 1993 жылы 35 жасында жол апатынан өмірден өтті. Ол кезде қызым небәрі 3 жаста, ұлым 6 жаста болатын. Сол кезде осы құрдастары мені демеп, менімен бірге қайғырып, мұңымды жеңілдетуге көмек берді. Қай кезде де қол ұшын созып, қонағымды бірге күтісіп, қайғы-қуанышымды бірге бөлісіп келеді. Ауызбіршілігі мен ұйымшылдықтарына алғысым шексіз» деп шынайы ризашылығын білдірді.
Иә, сананы тұрмыс билеген заманда әркімнің де өз мәселесі жетерлік. Тұрмыстың тауқыметі қысса да, достықты жоғары бағалаған сыныптас­тар қамкөңіл жандарды да назардан тыс қалдырмай, демеу болып келеді. Тіпті ауыл арасында «59-дар тегін жиналмайды, жиналып жатса бір үлкен жаңалық болады» деген әңгіме бар деседі. Бұл сөздің төркінін тарихшы Сақтапберген Қосбаев түсіндіріп өтті.
– Жалпы менің сыныптастарым жаңалыққа жаны құмар жандар. Әйтеуір бір жаңалығы бар жақсы іс ойлап тауып жүреді және бірін-бірі қолдай кетеді. Мәселен, 9 сыныпта оқып жүргенімізде «Жас түлектер» атты ансамбль құрып, сол кезде ауданның ауылдары арасындағы көркемөнерпаздар байқауында бас жүлдеге ие болдық. Ауылдағы дәстүрлі Наурыз мерекесін өткізу кезегі біздің түлектерге келгенде ұйымшылдықпен ауыл игілігіне сахна салып бердік. Содан бері бұл түлектер үшін игі дәстүрге айналып, Наурыз өткізушілер жыл са­йын ауылға қажетті игілікті іс жасап қалдыратын болды. Тізе берсек, мұндай бастамалар көп-ақ. Бұл ту да осындай жақсы дәстүрдің бірі, – дейді ол.
Зейнет тойдың иесінен келесі тойға табысталып жүрген тудың артына әрбірі ізгі тілегін қалдыруды да жолға қойған. Бұл сөзімізге мына өлең жолдары айқын дәлел болмақ.
Бұл кеште тәтті тілек тізбелейік,
Достардан өшпейтұғын із көрейік.
63-тің жалауы жетті маған,
Өсірейік достықтың біз мерейін.
Туымыз төмендемей еш уақытта,
Эстафета жалғассын жүзге дейін.
Осындай өрелі сөз жазудың да өз себебі бар екен.
– Мұнда әрбіріміз қолтаңба қалдырып жатырмыз. Бәрі толық 63 жастан өткен соң, кейінірек мұны музейге табыстамақ ниетіміз бар. Сонда немере-шөберелеріміз оны «осындай ата-әжелеріміз болған екен» деп оқиды. Уақыт деген өзі солай ғой. Бірі келіп, бірі кетеді. Тек артыңда жақсы ұрпағың мен тәлімді ісің ғана қалады, – дейді қармақшылық Бақберген Кішкентаев.
Өзгеге үлгілі ісімен, береке-бірлігімен, жарасымды тірлігімен өнеге болып жүрген сыныптастардан үйренеріміз мол. Ал эстафета жалауы – жақсылықтың себепшісі. «Бұл ту – біздің ынтымағымыз, бірлігіміз, бір-бірімізге деген бауырмалдығымыз бен достығымыздың айғағы» дейді олар. Жақсылыққа үгіттеген жолдастардың жақсы бастамалары көбейе берсін демекпіз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


01 наурыз 2022 ж. 915 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031