» » Түлектер – музей төрінде

Түлектер – музей төрінде



Әрбір жанның өмірінде ерекше еске алар сәттердің болары анық. Олардың басым көпшілігі мектеп қабырғасында десем артық айтқандық емес. Өткеніне көз жүгірткен жанның езу тарта еске алатын уақыты да мектепте оқып жүрген кезең. Жүрекке жылу, көңілге сағыныш ұялатар осы кезді еске түсіру үшін жыл сайын түлектер бас қосып, түрлі мерейтойларын тойлап жатады. Солардың бірі – А.Жанпейісов атындағы №105 орта мектептің 1971 жылғы түлектері. Осыдан 50 жыл бұрын алтын ұясынан түлеп ұшқан олар, сонша жылды артқа тастап, биыл бас қосты.
Тіршілік ағынымен Қазақстанның түрлі қаласында тұрғанымен, бір үйдің балаларындай ұйымшылдығын жоғалтпапты. Арада аттай 50 жыл өтсе де, бірлігі жарасқан сыныптастар кездесуден бұрын өңірдегі жаңа нысандарды аралайды. Олар бас сұққан, әрі керемет әсер алған нысанның бірі – аудандық тарихи-өлкетану музейі.
Бүгінде әке-ана, ата-әже атанып, халық игілігі үшін жасаған қызметінің зейнетін көріп отырған олар музейде туған жеріміздің тарихымен, тыныс-тіршілігімен танысты. Музейдің экспозициялық залдарын аралап, экскурсияны жүргізуші музей мамандары мəртебелі меймандарды құнды экспонаттармен таныстырды.
– Музейге келушілерді қуана қарсы алып, өлке тарихымен таныс­тыру – біздің міндет. Бізде демалыс күндеріне де қызметкерлер арасынан арнайы кезекшілік қойылған. Жексенбіде біздің мекемеге мектепті 50 жыл бұрын бітірген түлектер бас сұқты. Біз өз әдетімізден жаңылмай экспозициялық залдарымызды таныстырып, тарихи жәдігерлерімізді көрсеттік. «Елу жылда ел жаңа» демекші, ауданда бұрын-соңды болмаған өлкетану музейіне, ондағы әрбір бұрыш пен қойылған жәдігерлерді қызыға тамашалады. Демалған үстіне демалыс алып рухани көтеріліп қалғандарын айтып, алғысын білдірді. Біздің мақсат – музей құндылықтарын таныстыра отырып, келуші көрермендердің көңілінен шығып, рухани демалыс сыйлау болса, біз оның үдесінен шыға алдық деп ойлаймыз, – дейді музей қызметкері Әзірбек Бақтыбаев.
Аудан тарихымен танысып, жетістіктерге көз жүгірткен олар тарихи мұраның құндылығын біліп, құрметтей білген музей жұмысына дән риза. Арман қуып алыстаған туған жерінің бүгінгі толымды тірлігіне көңілдері марқайған олар мұражай жұмысына сәттілік тілеп, ризашылықтарын жеткізді.
– Иә, біздің мектеп бітіргенімізге биыл – 50 жыл. Жаз айында кездесуді жос­парлағанымызбен, пандемия­ға бай­­­­­ланысты бас қоса алмадық. Каран­тин талаптарының жеңілдегенін күтіп, күз айына қарай шегерген болатынбыз. Бұйырған күн осы болар. Мектеп бітірген соң, он жылдығымызды, кейін 45 жылдығымызды, енді міне 50 жылдығымызды тойлап отырмыз. Бұл да бір Алланың сыйы болар. Алдымен осы күнді көре алмай кеткен, өмірден ерте озған сыныптастарымызды еске алып, құран бағыштадық. Мұнан кейін, біз кеткеннен кейінгі нысандарды аралап, тарихи-өлкетану музейіне, Қорқыт ата мемориалдық кешенінің жаңарған түрін көрдік. Бәріміз алпысты алқымдасақ та, көңіліміз баладай қуанды. Мен осы жиынға арнайы Петропавл қаласынан келдім. Сондай-ақ сыныптастарымның арасында Астана, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Алматы қалаларынан, Шиелі ауданынан келгендері де бар. Бізге ең ұнағаны – музей қызметкері Баршагүл Сахиеваның ауданның құрылған жылынан бастап, тәптіштеп түсіндіріп, бүгінгі оң өзгерістерге дейін толық баяндағаны. Өлкеміздегі жаңалықтың барлығын мұражайдағы бір сағаттың өзінде біліп шықтық десе де болады. Ауданда тарихтан сыр шертетін, барлық құнды мұра таза, әдемі күйінде сақталатын осындай орын болғанына қуандық. Алыстан ат арытып келгенімізде туған өлкеміз жаңарған жолдарымен, әдемі келбетімен, ерекше естеліктермен таң қалдырғанына ризамыз. Өскен өлкеміз өрлей берсе, – дейді Гүлнар Сүлейменқызы.
Жүрген жерінде жақсыны көріп, ақ тілегін ақтарып, алғысын жаудырған жандарға қызыға қарадық. «Әдемі қартая білу» деген де осы болар, бәлкім. Өзгенің еңбегін елеп, рақмет айта білу де, атқарылған жұмысты әдемі көрсете білу де – өнегеліктің белгісі. Келген қонаққа естен кетпес естелік сыйлай білген музей қызметкерлері олардың жадында сақталмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 қараша 2021 ж. 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031