» » Әулие Валентин деген кім?

Әулие Валентин деген кім?



Мектептегі балалық шақ. Жоғары сынып оқушыларына қарап бой түзеп келеміз. Әрбір «линейкада» қаз-қатар тізілген біз бойы ұзын-ұзын қыз-жігіттерге қарап тамсанамыз. Сұр көйлек, ақ фартугы, өрілген қос бұрымындағы бантигі, бәрі-бәрі үйлесіп тұратын. Әйтеуір жылда келетін бір мерекенің барын білеміз. Ауылдағы орта мектеп болса да, ортаңғы үлкен залда шағын жәшік қойылатын.
Оның неге, не үшін қойылғанын білмейміз ғой. Сабақ басталғаннан қыз-жігіттер бүктелген ақ қағазды сол жәшікке салып жатады. Кейін біз де өстік. Жоғары сыныпқа көштік. Сонда ғана барып білдік. Жыл сайын 14 ақпанды күткендер ғашығының, ұнатқан адамының есімін әлгі жәшікке салады екен. Кімнің есімі көп шығады, сол жеңімпаз атанады. Тіпті үлкен, шағын, кіп-кішкентай «открыткалар», 12 беттік дәптердің жыртылған қағазына жазылған ғашықтық хаттар да сол жәшікке салынады. Қайбір ғашықтық сезім дейсіз, бала махаббат болар, бәлки?! Әйтеуір бірінен-бірін қызғанып, сол күні драмалық қойылымдар көретінбіз. Ал біз ержетіп, сол жәшікке салар уақытқа келгенде аяқ асты бұл үрдіс тоқтатылды. Сол кезде сырты жүрекшелермен көмкерілген қызыл жәшіктің дәуірі келмеске кетті.
Жалпы соңғы жылдары елде 14 ақпан «Әулие Валентин күнін» жас­тар атаусыз қалдырмайды. Мерекені қалай атап өтуді жоспарлап, алдын ала сүйіктілеріне сыйлық алады. Бұл уақытта дүкендер мен базардағы сатушылардың да айы оңынан туып, сауда қыза түседі. «Әулие Валентин күні» жақындағанда базар сөрелерінде түрлі-түсті қағаздан жасалған жүрекшелер мен ленталар, қос ғашықтың суреті бейнеленген қызылды-жасылды бұйымдар көздің жауын алып, жайнап тұрады. Бағалары да әр түрлі. Тіпті осы мереке жақындағанда қазақтың қара қыздары сүйіктілеріне «намектап», атап өтуі керегін ескертіп отырады. Фото, видеоларды әлеуметтік желілерге жүктеп, қандайда бір тосын сый күтеді. Ерлі-зайыптыларда да сол. Ғашықтар күні деп жалаулатып, махаббаттарын алаулатқысы келе ме, әйтеуір «жылына бір келетін мереке» деп ерекше күнді күтеді. Жалпы бұл қандай мереке? Әулие Валентин деген кім өзі?
Әулие Валентинге қатысты бірқатар аңыз бар. Солардың бірінде, христиан діні алғаш тараған жылдарда Валентин есімді католик шіркеуінің қызметкері болғаны туралы айтылады. Ол Рим императоры Клавдий II тұсында өмір сүрген. Сол уақытта жас жігіттер әскерге бармау үшін ерте үйленетін болыпты. Мұндай қулықтың алдын алу үшін Клавдий II олардың әскерге бармай тұрып үйленуіне тыйым салады. Ал Валентин пірадар болса, оларды құпия түрде некелестіріп отырған. Алайда, оның әрекеті әшкереленіп, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы Римнің Геласиус деген императоры 14 ақпанды «Әулие Валентин күні» деп жариялаған екен. Тағы бір аңызда Валентиннің дін қызметкері екені, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, осы ісі әшкере болып басының кесілгені жөнінде айтылса, енді бірінде Валентин шіркеу қызметшісі болғандықтан қызға сезімін білдіре алмай, оған жүрек тәрізді хаттар жолдайтыны баяндалған. Кейін оның ісі әшкереленіп, жазаға тартылады. «Әулие Валентин күнін» Батыс Еуропа елдері ХІІІ ғасырдан бастаса, АҚШ 1777 жылдан бастап мерекелеуде, Ресейде бұл мереке тоқсаныншы жылдардан бастап, біздің елде де «Әулие Валентин күнін» атап өту дәстүрге айналды. Алайда аталған мерекенің шығу тарихынан жастарымыздың көпшілігі бейхабар. Бір қызығы, католик шіркеуінің қызметшісінің атымен аталып кеткен бұл күнді қазір дәл сол шіркеу мойындамайтын көрінеді.
Әу баста әлемде «Әулие Валентин күні» мерекесінде жастар жиналып тойлаған екен. Мереке күні қыздар есімдері жазылған қағазды қораптың ішіне тастайды. Ал жігіттер қораптан бір қағазды таңдайды. Онда кімнің есімі жазылса, мереке күні сол серігіне айналатын көрінеді. Ал бүгінде мерекенің рәсімі сәл өзгеріп, қорапшаға қыз да, жігіт те өзіне ұнаған адамға ғашықтық сезімін білдіріп хат жазады. Осыған қарап, кім кімге ұнағанын біледі. Кейбір жоғары оқу орындарында бұл рәсім әлі де бар. Жалпы бұл күнді жастар не үшін тойлайды?
– Мектеп қабырғасында жүргенде «Әулие Валентиннің» кім екенін білмесек те, 14 ақпанды «Махаббат күні» ретінде қарсы алатын едік. Мектепте арнайы шара ұйымдастырылмайды. Бірақ өзіміз осы күні ұнаған адамымызға құттықтау хатын жолдап, тілегімізді білдіретінбіз. Ал есейе келе мәнісін түсініп мереке ретінде қабылдамайтын болдым. Себебі қазақ жастарының әулие тұтып жүргені жай ғана шіркеу қызметкері, тіпті бұл біздің дінімізге жат нәрсе екен. Бала болғанбыз ғой. Ол кезде мұны айтар, оқыр ғаламтор болмады, – дейді Гүлжан есімді бойжеткен.
Ал Әділет есімді жігіт бұл мерекенің бізге мүлдем қажет емес екенін, ел бо­йынша тойлауға тыйым салу керегін алға тартты.
– «Әулие Валентин күнін» тойлауға қарсымын. Өзге елдің салтын насихаттап жүрміз. Оның есесіне Қыз Жібек пен Төлегеннің немесе Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін неге атап өтпеске?! Олардың арасындағы махаббат Валентиннің махаббатынан әлсіз деп ешкім айта алмайды, – дейді ол.
Дін не дейді? Бұл жағын да қарастырып көрдік. Дін өкілдерінің айтуынша, «Әулие Валентин күні» Еуропадан келген біздің дінімізге, қазақы салт-дәстүрімізге жат мереке. Сондықтан бұл күнді мереке ретінде қабылдап, тойлауға мүлде болмайды. Иә, біз жақсы қасиеттерді ислам діні мен салт-дәстүрімізден аламыз. Яки ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат – Алла тағаланың разылығы, ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат Алла тағаланың разылығын және оның заңдарының шеңберінен шықпауға, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдыққа негізделеді. Ата-анамызға, туған жерімізге, оқу-білімге деген махаббатты орнатып, елдің өркен­деуіне үлес қосқан жөн.
Әлгінде айтқан мектептегі қызыл жәшік бар ғой? Кенет келмеске кеткенін айтып едік. Мұның да өз себебі болған екен. Көпшілікті қуанышқа бөлеген Әулие Валентин күнінің кері әсері көбейіп, оны республиканың түкпір-түкпірінде атап өту тоқтайды. Бұған бірінші кезекте, осы ғашықтар мерекесінде қонақүйлердің бос болмай қалуы, яғни жасөспірімдердің шалыс қадамға баруы себепші еді. Осыған орай, республиканың көптеген мектебінде ерте жүктілікке қатысты да фильмдер көрсетілді. Кейін бұл мерекенің орнына қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай бастама көтеріп, 15 сәуірді ғашықтар күні етіп белгілеуді ұсынды. Мереке халық арасында 1999 жылдан бері тойланып келеді. Махаббат – дүниедегі ең кіршіксіз сезім болса, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу арасындағы шынайы сезім осы махаббаттың символы іспеттес. Алайда бұл күннің жастар арасында еленбей қалып жатқаны қынжылтады...
Айнұр ӘЛИ
12 ақпан 2022 ж. 684 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031