» » Ләңгі тебу де бір өнер

Ләңгі тебу де бір өнер

Жақында Ютуб арнасында қазақтың ұлттық ойынымен жігіттердің арқасын қоздырған бейнебаян көзге ілікті. Онда қармақшылық өрт сөндіру бөлімінің ардагері Оразбек Рысмамбетовтың ләңгіні түрлі іс-қимылмен олай да бұлай емін-еркін тепкені талайды таңқалдыруда. Тіпті қазақтың ұлттық күйімен тамаша үйлестірілген бейнебаян, бүгінде керемет жақсы пікірлермен қатар сексен үш мың қаралым жинап үлгерген. 54 жасты еңсерген ел ағасы өзін әлі де ширақ ұстайтынын, ләңгіні сонау бала кезден жаны сүйіп ойнайтынын әңгіме барысында жасырмады.
– Бұл ойынды сол кезде мектеп қабырғасында оқыған барлық бала ойнады десем болады. Үлкен қоңырауда ермегіміз ләңгі еді ғой. Тіпті әрқайсысында болатын. Ешкінің, қойдың терісінен неше түрлі қылып жасап алатынбыз. Оны жуып, кішкентай тарағымызбен тарап, әдемілеп таза қылып ұстадық. Бастауыш сыныпты бітіргенше ойнап, одан кейін қойып кеттім. Осыдан төрт-бес жыл бұрын кент жігіттері наурыз мерекесін ұйымдастырып, Құран оқытты. Арасында спорттық жарыстар өткізіліп жатыр. Содан ләңгіден «люр» тебу бас­талды. Жігіттердің барлығы шетінен ойнап жатыр. Көңіл жас қой. Мен де бағымды сынап көрмекші болып да­­­йындалдым. Ал келіп бастағанда бір-ақ рет теппесім бар ма. Мынау не болды деп тағы ойнағанымда екі рет қақтым. Қой, болған екенбіз, жастар тепсін деп кетіп қалдым. Кейін «вахтаға» жұмысқа барғанымда сусынның бос құтысын қиып, қақпағынан ләңгі жасап алдым. Ол жақта күндіз жұмыс істегенімізбен түнде бос уақытың көп болады. Балалық шақты еске түсіріп, ләңгіні қайта тептім. Сөйтіп әлгі «люрді» ұзақ теуіп үйреніп алдым. Жұмыс уақыты бітіп, үйге келген соң дереу ешкінің жүніне қорғасын құйып үш ләңгі жасап алдым. Келесі вахтаға алып барып ойнағанымда жерге түсірмей екі жүз рет қақтым. Бір сөзбен айтқанда елу жасымда ләңгі тебуді қайтадан бастадым, – дейді Орекең.
Жөн-ақ, қазір қазақтың ұлттық ойындары жыл өткен сайын ұмытылып жатқанда ағамыздың бұлай ләңгіні насихаттап, қайта жандандыруы өте орынды. Себебі жаһанданудың жалына жармасқан жастардың түрлі іс-шаралар немесе наурыз мерекесінде ғана асық атып, ләңгі тепкенін арагідік кездестірмесек, былайғы уақытта ешкімнің ойнамайтыны айдан анық. Ал оның денсаулыққа зор пайдасын қазіргі өскелең ұрпақ біле ме екен? Кейіпкеріміз ләңгі ойнауда адамның бүкіл денесі қозғалатынын, сонымен қатар саламатты өмір салтын ұстануға жақсы мүмкіндік екенін айтып берді.
– Бұрын қазақ халқы бұл ойынды бекерден-бекер ойнамаған ғой. Көп жағдайда қимыл қозғалыста жүрген. Атқа отырып, жауға шапқан. Тақымның мықты болуына көп көңіл бөлген. Ләңгі – біріншіден қозғалысты реттейді. Аяқты ширақ етеді, ауыр салмақтан арылтады. Тізе, буын ауруларын жояды. Әсіресе ер адамда кездесетін бедеуліктің алдын алады. Көз көруін жақсартады. Себебі ләңгі жоғары төмен түскенде көздің қозғалысы артып, көруі жоғарылайды. Мидың ойлау қабілетін қоздырады. Жүректің соғысын реттеп, қалыпты тыныс алуыңа жақсы мүмкіндік береді. Қарап тұрсаңыз барлық жаттығуды осы ойынға сыйғызып жіберген. Керек десеңіз үлкендерге де ләңгімен шұғылдануға кеңес берер едім, – дейді ол.
Оразбек Жаңабайұлы ләңгі жасаудың өзіндік әдісі барын айтады. «Мәселен қорғасынмен терінің тепе-теңдігі бір болуы керек және ортасына құйылған жөн. Сонда жоғары тепкен кезде айналып келіп қорғасын беті аяққа тию керек» дейді ол.
– Ләңгі ойнаған адамға оның тебу түрлері көп. Мысалы, оң және сол аяқтың іші-сыртымен кезек-кезек тебу, аяқтың үстімен тіке тебуді «грек» деп атайды. «Люр», «джән джүйе», «сақал-мұрт» айта берсең көп. Солардың әрқайсысын бесеуден теуіп, төмен қарай бірге дейін ойнап шығуың керек, – дейді ләңгі ойынының шебері.
Орекең бүгінде ұлттық ойынды ойнауды әдетке айналдырып алған. Бос уақытында бір ауық ләңгі теппесе сағынатынын айтады. Әлгі айтқан тебу әдістерінен бөлек жаңаша қағыстарды ойлап тауыпты. Жарыстарда қол күрес, кір тасын көтеруге үлкен жүлде тіккен секілді ләңгі ойынын да спортқа енгізіп, бағалы сыйлықтармен жүлделесе, жастардың қызығушылығы оянып, тартылар еді дейді ол.
Бала күнімізде ләңгінің бір түрі­мен ғана ойнаппыз. Қол жетімдісі шұлықтың басын кесіп алып, ішіне тары немесе күріштің күрмегін салатынбыз. Аузын шүртейтіп байлап, кезекпенен әр түрлі қимылға салып ойнадық-ау. Мектепке апарып, үзілісте басқа сыныптың балаларымен ойнағанда сабақтың басталып кеткенін байқамай қалатынбыз. Сонда мұғалім тұрғызып қойып «Қалтаңдағыны шығар, әйтпесе директорға барасың» деп сөгіп алғаны бар. Бұл да бір қызық кездер еді ғой...

Ерсін СӘДУҰЛЫ
08 ақпан 2022 ж. 647 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031