» » Жаңа Қазақстандағы батыл бастамалар

Жаңа Қазақстандағы батыл бастамалар

ТАРИХ БЕТТЕРІНДЕ ЕКІНШІ МЫҢЖЫЛДЫҚТЫҢ ЖИЫРМА БІР ЖЫЛЫН АРТҚА ҚАЛДЫРЫП, ҮШІНШІ ОНЖЫЛДЫҒЫНА ҚАДАМ БАСТЫҚ. ОСЫ БІР СӘТТЕ ЕЛДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСКЕН ЕМЕС. ЖАҺАНДЫҚ САЯСАТТА ӨЗІНДІК ОРНЫ ҚАЛЫПТАСҚАН, ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРНАЛАСУ АЙМАҒЫ АЙРЫҚША ҮЛКЕН ҚАЗАҚСТАН ҮШІН АЛЫП ДЕРЖАВАЛАРМЕН ИЫҚ ТІРЕСЕ ТІРШІЛІК ЕТУ, ИМПОРТ-ЭКСПОРТТЫҚ ТАУАР АЙНАЛЫМЫН РЕТТЕУ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ҰТЫМДЫ ИГЕРУ ОҢАЙ ЕМЕС.
Күні кешегі өткен қаңтар қырғыны бұқараның билікке базынасын жеткізумен басталып, аяғы террорлық әрекеттерге ұласқаны әмбеге аян. Әлеуметтік теңсіздік, бағаға бұғау болмауы, қымбатшылық қысқан халық ашынғаннан алаңға шықты. Соңы содырлар лаң салған террорлық әрекеттерге алып келіп, мемлекетке үлкен зардабын тигізді. Құзырлы органдардың мәліметінше, бұл алдын ала ұйымдастырылған топтардың әрекеті. Біздің тілегіміз қарапайым халық арандап қалмаса игі. Мемлекетте тұрақтылық болуы үшін баға тұрақты болуы керек. Талап-тілегін, наразылығын ашық алаңға шығып білдіру демократиялық елдерге тән құбылыс. Дегенмен, вандализм көріністерінің орын алуы, бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлердің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Енді осындай оқиғаларды болдырмау, қайталамау мақсатында үлкен мемлекеттік саяси қадамдар жасауда. Осы жылдың 11 каңтарында Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде мәлімдеме жасады. Алдымен, Президент Парламент Мәжілісіндегі фракциялар жетекшілеріне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын талқылауға ұсынды. Фракциялар жетекшілері Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдірді. Пленарлық отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты ПремьерМинистр лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Президент жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді. Елдің үміті мен сенімін оятқан мәлімдеме мазмұнында халықты алаңдатқан бірқатар мәселелерге тоқталып өтіп, үкіметке оларды қысқа уақыт шеңберінде шешуді тапсырды. Сонымен Президент қандай мәселелерге басымдық берді. Солардың бірқатарына талдау жасап, тоқталып өтсек. Ең алдымен көптен бері халықтың наразылығына тап болған әлеуметтік толқыныс тудырған мәселелердің бірі утилизациялық алым жинайтын «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын тоқтату туралы. Аталмыш компанияның жұмысы жайлы "Оператор РОП" компаниясының қызметі көптеген сұрақ тудыруда. Тіпті осы жеке компанияға қарсы белгілі бір қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. "Үкіметке "Оператор РОП" компаниясының утильдік алымға иелік етуін, сондайақ, утильдік алымды әкімшілендіруді тоқтату үшін шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысу керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың мөлшерлемесі қайта қаралуы қажет. Мемлекеттің қайта өңдеу, автомобиль өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы техникасын қолдау функцияларын ешкім жойған жоқ. Бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен талқылау керек. Отандық авто және ауылшаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучерлер беру мәселесін қарау қажет. Оның қаражатын пайдаланудың басқа да қоғамдық пайдалы тәсілдерін пысықтау керек" деп жеке компанияның жұмысын сынады. Осы кезге дейін шетелден кіргізілген автокөліктер үшін қазақстандық азаматтар өте жоғары бағамен утилизациялық төлем жасап келген болатын. Бұл өз кезегінде елдегі логистиканың қымбаттауына, тауар тасымалы құны бағасының көтерілуіне әкеліп соқтыратын. Егер президент көтерген мәселе шешімін тауып, утилизациялық алым жинаумен мемлекеттік мекеме айналысатын болса, онда қазақстандықтардың автопаркі жаңарып, орыстың ескі көліктерінен арылуға, тұрмыстық дамудың артуына мүмкіндік болады. Сонымен қатар осы мәселеде ауыл шаруашылық және құрылыс техникаларына утилизациялық алымды жасауға бірнеше жылға мораторий жариялау қажет деп санаймын. Осы ретте қазақстандықтар мен автоиеленушілер ойында мынадай сұрақтың туындауы заңды. «Қазақстандықтар бір монополиялық ұйымнан құтылып, екінші бір мемлекеттік монополиялық ұйымға тап болмайды ма?»... Жоқ, бұл жағдайда утилизациялық алыммен айналысатын мемлекеттік мекеме жұмысын бастаған жағдайда дамыған мемлекеттердегі утилизациялық алым сомасымен санасу керек. Утилизациялық алым көліктің шыққан жылымен, қозғалтқыш көлемімен және тағы басқа кретерийлар бойынша бағалануы шарт және ол қазақстандықтардың күнкөріс көлемінен аспауы тиіс. Президент пәрменінен жүктелген жауапкершілігі мол тапсырмалардың бірі – беделді бес шетелдік жоғары оқу ор ындарының филиалдарын ашу. Оның екеуі техникалық бағытта болуы тиіс деді. Бұл жұмыстар отандық жоғары бі лім беру орындары арасында бәсекелестікті арттырады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің фейсбук желісіндегі парақшасында: «Біз осы бағыттағы жұмысқа кіріскенімізді атап өткім келеді. 2021 жылдың қыркүйегінде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің (De Montfort University Leicester) филиалы ашылды. Сонымен қатар, Қозыбаев атындағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасына сәйкес Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу жоспарға қойылды. Сондай-ақ, білім сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық дайындық бағыттары бойынша қосымша гранттар бөлу жоспарлануда. Аталған мақсатты гранттар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінетін болады. Бұл ретте негізгі тұрғылықты жері бойынша бітірушілердің жұмыспен қамтуды шарттардың бірі ретінде бекіту ұсынылады. Осы жылдың өзінде техникалық дайындық бағыттары бой ынша жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар саны айтарлықтай өсетін болады» деп ресми жазба қалдырған болатын. Тағы да турасын айтатын болсақ, қалпағымызды көтеріп, дамыған мемлекеттерге таңырқай қараймыз. Қарасақ, әлемнің жетекші елдерінде технократтар елді өркениетке бастаушы һәм қозғаушы күші. Президент ден қойған техникалық білім беру үдерісін дамыту, шетелдің бес беделді жоғары оқу орнының филиалдарын ашып, қазақ балаларын техникалық білім алуына жол ашу үлкен істің бастауы. Себебі, біздегі бизнес өкілдерінің басым көпшілігі коммерция мен қызмет көрсету саласында жұмыс жасайды. Қазақстандық тауар өндірушілердің қарасы көп емес. Экономиканың басты тірегі – кәсіпкерлік, туризм, өнеркәсіп деп қарайтын болсақ, әлеуметтің әлеуеті артуы үшін өндіріс ошақтары көбеюі керек. Ал, өндірісті дамыту үшін алдымен техникалық және кәсіптік білімге ынталы, кәсіби мамандар қашанда сұранысқа ие. Осы ретте Президент пәрмен берген тапсырмалардың бірегейін бірлесе жүзеге асыруда жос парлы жұмыстар басталғаны қуантады. Сонымен қатар, шетелдің бес беделді жоғары оқу орны дегенді де саралау қажет. Бізге қандай бағытта, қай салаға, қандай мамандыққа сұраныс артады, қандай жоғары оқу орны, стандарттары қандай тұжырыммен жасалған. Оқу орнының оқу-әдістемелік, тәжірибелік бағдарламасын талапқа сай етіп, ұсыну керек деп ойлаймын. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігіне сенім артамыз. Хош, елдің амандығы, түннен түгел шығып, таңды тыныштықпен атырған бейбіт күннің берекесі алтыннан қымбат. Біздің уақыт – билік пен бұқараның бір болып, тұрақтылық пен дамуға, елдіктің мызғымас ынтымағын көрсететін уақыт. Қазақстан отыз жылдан астам уақыттан бері тұрақтылық пен ынтымақтың, бірлік пен достықтың символына айналған алып мемлекет. Жаңа Қазақстан – ұлы түркі елінің қарашаңырағы, болашағы бақытты, келешегі кемел ел.
Азиз ДҮКЕНБАЙҰЛЫ,
Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің
өндірістік оқыту шебері, техника ғылымдарының магистрі.
18 қаңтар 2022 ж. 569 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031