» » » Тұтаса білген елдің - туы тұғырлы

Тұтаса білген елдің - туы тұғырлы

«Өткен жылға өкпе жоқ, Жаңа жылдан жақсылықтар күтеміз. Жемісті, жеңісті, өрісті жыл болғай!» деген тілекпен тағы бір жылды тарих қойнауына қалдырып, уақыт кезеңінің жаңа парағын аша бастаған алғашқы күндері-ақ елімізде есте қаларлықтай елеулі оқиғалар тізбегі басталып кетті. Жуырда ғана Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлаған қарапайым халық өкілдері өзінің Конституциялық құқығын пайдаланып, әлеуметтік, демократиялық, құқықтық, зайырлы қоғам ретінде өткен жылдарға «өкпесі жоқ емес» екенін байқатты. Иә, ештеңені бүлдірген жоқ, ешкімнің ар-намысына тиген жоқ, тек елдегі соңғы кезде бұғалық көрмегендіктен бой бермей бара жатқан қымбатшылықтың асау ағынын ғана тілге тиек етті. Аяқ астынан бір күн ішінде екі есе өсіп кеткен сұйытылған газдың бағасы жайылымы тарылған, жайқалып тұрған егіні жоқ, күнкөрісі тек жерасты байлығына қарап отырған Маңғыстау даласы жұртшылығын аш бүйірден қысып, алаңға шығуға мәжбүр еткен екен. Билік өкілдерін осы мәселе бойынша ғана ашық алаңдағы диалогке шақырды. Бағаның көтерілуі жөніндегі билікке қойылған бұл талап күндер өте еліміздің барлық аймақтарынан қолдау тауып алаңға шығушылар саны күннен күнге арта түсті. Арғы жағы өздеріңізге белгілі. Менің айтайын дегенім – халық бір адамның тұмсығын қанатқан жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мемлекеттік төңкеріске талпыныс» деп баға берген, жазықсыз жандардың қаны төгілген дүрбелеңнің алдында кім тұр, қостаушылары кімдер екенін тиісті орындар аз күнде айтатын болар, ал қазір егеменді еліміздің алдында тұрған бір ғана мәселе бар. Ол – ел болып қалу мәселесі, Тәуелсіздік туының астына жиналып, ел Президентінің жанынан табылып, білек айқастырған бірлігіміздің арқасында егемендігімізді сақтап қалу мәселесі! Қаңтардың 11-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Мемлекет басшысы елімізде болған қайғылы оқиғаның өмірімізге сабақ болғандығын айтты. Қиын кездерде ұйыса білген халқына ризалығын білдірді. «Дамудың жаңа кезеңінде» тұрғандығымызды айтып, Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына сендірді. Президент елдегі әлеуметтік теңдік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қоғам дамуында алатын орнын сөз ете келіп, билікке деген ел сенімінің, қоғам алдындағы жауапкершіліктің, мемлекетшілдіктің, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің деңгейі төмен екендігін де жасырған жоқ. Қираған дүниені қалпына келтіру, бағаны негізсіз көтеруді болдырмау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерге баса назар аударды. Сондай-ақ қауіпсіздік шаралары, қару-жарақ сақталуының тәртібі, құқық қорғау орындарының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жұмыс жүйесіне түбегейлі реформа жасау мәселелерін қадап айтты. Патриотизм мәселесі, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың ел мен жерді қорғауға даярлығы, әскер қатарында қызмет етуге құлшынысы – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету кепілдіктерінің бірі. Президент құзырлы органдарға бұл мәселе жөнінде де нақты тапсырмалар берді. Қиын-қыстау жағдайларды артқа тастап, қауіп-қатерлердің себеп-салдарын зерттеп, зерделеп жатқан құзырлы органдардағы азаматтарға Алла ынсап берсін. Содырлық пен сойқандықты қарапайым халықтың бейбіт талабымен шатыстырмай, ақты – ақ, қараны – қара дейтін әділ таразы керек бұл жұмыстың басындағыларға. Кешегі дүрбелеңде қосақ арасында қолға түскен жазықсыз жандар болса, әділ шешім қабылданып, тезірек өз отбасына оралғанын тілейміз. «Жау жоқ деме – жар астында» дегендей, қаңтардағы қайғылы оқиға билікке де, халыққа да, жалпы «Азаматтық қоғам орнатамыз» деп жүрген барша жұртқа үлкен сабақ болды. Араға сығалай кіріп, жиналған жұрттың мақсатын басқа арнаға бұрып жіберген лаңкестердің іс-әрекеті жай бұзақылық емес, көп жылдар бойы жоспарланған жүйелі даярлықпен ұйымдастырылған мемлекет қауіпсіздігіне жасалған қауіпті де айлалы іс-қимыл екені көрінді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастырудың түйінді мәселелерін сөз етті. Дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан тұста экономикалық, әлеуметтік жағдайларға талдама жасай келіп Президент ауылшаруашылығына ерекше қолдау қажеттігіне назар аударды. Биылғы құрғақшылық салдарынан астық өнімдерінің өткен жылғы мөлшерден төмен алынғанын, атап айтқанда, былтырғыға қарағанда жиналған астықтың көлемі 4 миллион тоннаға кемігендігі жөнінде айтып, азық-түлік қауіпсіздігі шараларын мықтап жолға қоюды жүктеді. Биылғы жылы да ауыл шаруа шылығында ахуалдың күрделі болуы жөніндегі болжамдарды ескеріп, Үкіметке ауылшаруашылығын тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанының барысын қатаң бақылауды тапсырды. Негізгі кәсібі ауылшаруашылығы өнім дерін өндіру болғандықтан ауданда экономикалық өсімге қол жеткізіп, өткен жылғы алған үлкен белесіміздің үдесінен көріне беру біздің де ел экономикасына қосқан үлесіміз болмақ. Жылдан-жылға қысып келе жатқан су тапшылығы, жа уыншашын көлемінің азаюы шаруашылық саласы мамандарының біліктілігі мен тәжірибесін кеңінен өрістете отырып, егістік пен жайылымдық жерлерімізді тиімді пайдалануға бейімделуді талап етеді. Біліктілік демекші, мемлекет басшысы жастарға сапалы білім беру турасында айта келіп, техникалық білімге, техникалық кәсіпке басымдық берілу керек екендігін айтты. Өзімізде шикізат қоры бола тұрып машина құрастыруға қажетті бөлшектердің сырттан әкелінетініне қынжылды. Демек білім саласындағы, өнеркәсіп саласындағы, өндіріс саласындағы күр меуі шешілмей тұрған күрделі мәселелердің игерілмей тұрған тыңына түрен тартылады. Елдің әлеуметтік дамуына «Самұрыққазына» әлеуметтік қоры не істеп жатқандығы жайлы, оның активтері жайлы мағлұмат беруді де назарда ұстайтыны белгілі болды. Активі еліміздің жалпы ішкі өнімінің 60 пайызына жуық болатын бұндай мүмкіндігі орасан ұйым ішкі сырын ашып, бетін халыққа бұратын болса жаңа кезеңге қадам басқан даму жолымыздың кетік-құтығы бітеліп, кең даңғылға айналары кәміл. Айтпақшы, «Қазақстан халқына» деген қоғамдық-әлеуметтік қор құ рылатынын, оның жұмысы халықтық бақылау кеңесі арқылы қадағаланатынын айтты. Жоспары мен бюджеті, атқарып жатқан жұмысы жайлы ақпарат ашық болып, білім, денсаулық және әлеуметтік қорғау салаларындағы шынайы мәселелерді шешумен айналысатын бұл қор жеке және мемлекеттік құрылымдар демеуімен қаржыландырылады. Және еліміздегі ірі бизнес өкілдері мен Президент айтқандай, отыз жыл бойы бір отбасы мен аздаған адамдардың игілігіне жұмыс істеген жүйенің рақатын көргендер «Қазақстан халқына» қоғам дық-әлеуметтік қорына қаражат құятын болса, көптеген әлеуметтік мәселелер шешілері сөзсіз. Сонымен бірге, шетелдерде үлкен қаражатқа емделетін науқастардың халық жанын ауыртпай, ешкімге жаутаңдамай барып емделуіне мүмкіндік туады деген ойдамыз. Қаралы күндер артта қалды. Өз тарихында әйгілі «Ақ табан шұбырындыны» басынан өткізген, үш ғасырлық бодандықта болған, бірнеше мәрте ашаршылық пен жұтты басынан өткерген, қуғын-сүргін зобалаңын көріп, басқарушы зиялыларынан айрылған халқымыз қай уақытта да бірігудің арқасында, бір тудың астына жинала білудің арқасында аман қалып, бүгінгі Тәуелсіздікке қол жеткізді. Ендеше сол егемен елдігімізді сақтаудың жалғыз жолы – бірлігіміз бен ынтымағымыз бекем болсын! Соңғы кездегі Президент жанына топтасайық деген ұранның мәнін терең түсініп Ата Заңымызды құрметтеуге, тәртіпке бағынуға, мағынасыз бос сөз бен берекесіз тірліктерден бойды аулақ ұстауға қалыптасайық. Ел экономикасын өркендетудің қай саласында болмасын Президент ұсынған бағдарламалар мен тапсырмаларды сөз жүзінде қалдырмай, іске асыруға үйренейік. Өзіміз өзімізге есеп берейік. Елге есеп беруге үйренейік. Абай айтқандай, «Дүниеге қаланатын кірпіш» болсақ – қандай құрылыстың кірпіші болып тұрғанымызды білейік! Президент жанына топтасу деп мен осыны түсінемін. Жарқын күндеріміз жақын болсын! Біз біргеміз!

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
«Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
18 қаңтар 2022 ж. 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031